Ділдәр МАМЫРБАЕВА: АУЫЛ ЭТЮДТЕРІ

05 қазан 2022, 15:21

1. Құрсақ шашу

Ажардың бауыр-қолқасын бiрнәрсе улап барады. Ойы тас-талқан. Тамырына қан симай ұрғылағанда жанын қоярға жер таппайды. Көңiлi дал-дал. Күйеуiнiң өмiрден өткенiне екi айға жуықтап қалған. Он жыл отасқан отағасы үн-түнсiз, ұйықтап жатып жүрiп кеткен. Араларында бала болмаған, мүмкiн соны уайымдады ма өз құсасы өзiнде болып, жайшылықта көп ашыла бермейтiн.

Тек өмiрден өтерiнен үш күн бұрын:

– Құдай бiзге неге бiр шикi өкпесiн қимады, әлде сенiң, әлде менiң кiнәм көп болды ма? - деп келе жатқанында Ажар шап ете түскен.

– Мен неменеге кiнәлi болады екем. Ақ, адал қосылғанымды Құдай көрiп тұр ғой, ненi бықсытып келесiң?

– Адалдық деген бiр-ақ нәрсеге ғана қатысты айтылмайды ғой, - Бейсехан ойын тарқатып айтуға шорқақтығына басып бiраз үнсiз қалды да:

– Есiңде ме, сен келiн болып түскенде менiң қолымда ағамның үш баласы бар едi ғой, ағам мен жеңгем қой бақты да үшеуi мектепте оқу үшiн осы үйде тұрды емес пе?  Бейсехан көкейiндегi ойын тағы да түгел шығара алмай қалды.

– Иә, не сонда, сол балаларға мен күн көрсетпеппiн бе? Не айтайын деп  отырсың өзiң? Былжырамай айтшы айтарыңды? - Ажар шадырлана қалды.

– Солардың iшкен-жегенiн ауырсынып, интернатқа орналастырып ек қой.

– Иә.

– Мен баламыздың болмай жүргенiн сол кездегi пейiлiмiздiң тарлығынан көремiн. Құдайға шүкiр, мен шаруашылықта есепшi болып iстеушi ем, дәл сол үш баланың нанына жетерлiк ақша келiп жатушы едi ғой үйге.  Бейсехан өтi бауырына жайылып кеткендей ауырсынып, үнсiз отырып қалды.

Ажардың мiнезi шәлкестеу, бiрақ дәл осы сәтте сабыр сақтап, белден әлдеқашан асып кеткен өмiрдiң артынан ұзақ телмiрiп отырып қалған. Iштей күйеуiнiң айтқанына қосылған. Сол үшiн балаға қазымырланып, қытымырлық көрсеткенi рас. Балалығым болды дейiн десе, отызға келгенде, өмiрдiң ащы-тұщысын татқанда, отырып барып тұрмыс құрған. Күйеуiнiң бауырларына деген өзегiнде арамдық болмағанымен, соларға қатал қабақпен қарағандығын мойындайды. Нанның өзiн пышақ жүзiндей етiп, мөлшермен ғана кесiп берiп, қалғанын сандыққа салып тығып қоятын. Қарны аш балалар сандықтың кiлтiн талай бұзып, содан кейiн бұдан оңбай таяқ жейтiн, үйде ұрыс-керiс басталатын. Сол үшiн балалар бiр күнде аудан орталығындағы интернатқа барып орналасып, бұдан iргелерiн аулақтатқан. Бейсеханның аға-жеңгесi аяулы жандар едi, ренiш тудырудың орнына: «Интернатқа орналастырғандарың бек дұрыс болды, мұнда үш баланың тамағы мен кiрi ауыр болып, сенен қатты қысылып жүр едiк», - деп iнi мен келiннiң алдына келiп, арадағы небiр әңгiмелердi жуып-жайып, бауырмалдықтың дәрiсiн сеуiп кеткен.

Ажар өткенiне дәл қазiр жерге кiрердей болып ұялып отыр. Одан да өткен сорақы қылықтары болыпты ғой. Бастапқыда бәрi өзiне дұрыс болып көрiнген. Жасы келiп үйленген соң Бейсехан да мұның өзiмшiлдiгiн бетiне баспапты. Ендi...

Ажар бармағын қатты тiстедi. Бұрын түсiнiксiз болып келген нәрселердiң бәрi түсiнiктi, анық секiлдi. Өткен өмiрiндегi қателiктерiн шын мойындап едi, денесi бiр қызып, бiр суыды. Бұрындары көзiнен жас шықпайтын, қазiр жанарынан өкiнiштiң өксiгiндей болып парлап жатыр, парлап жатыр. Өзегi тазарғанын әлдебiр түйсiгiмен сездi. Қайынағасы мен жеңгесiнiң үйлi-жайлы болып кеткен үш баласының алдында аяқтарына жығылып кешiрiм сұраймын деп ойлайды. Алдымен Құдай кешiрсе екен деп тiлеген. Үш күн, үш түн аузына нәр алмай, көз iлмей жалбарынған. Төртiншi күн дегенде талықсып ұйықтап кетiп, Бейсеханның ажал алдындағы қорылын сезбей де қалған. Ендi, мiне, өзiнiң екiқабат екенiн ендi бiлдi. Алдында ақылына сидыра алмаған. Бейсеханның он жыл күткен баласы өзi кеткен соң хабар берiп отыр. Тағдыр деп күрсiнбеске шараң жоқ. Ажар жүгiрiп барып жаңалығын абысынына айтқан. Абысыны көз жасын бiр сығып алып, салмақты мiнезiнен айырылғандай абдырап құшақтап: «Ауылдағы әйелдерге құрсақ шашу берейiн, құрсақ шашу берейiн!» деп қорасындағы жалғыз қойды сойып, той қамына кiрiсiп кеттi.

«Құрсақ шашуға» бүкiл ауыл дүрлiгiп көшiп келгендей. Кезiнде өкпелесiп қалған талай туыс бүгiн араларында ешнәрсе болмағандай табысу мен жарасудың шәйiн iштi. Ажар да оларға пейiлденiп, мейiрленiп қарады. Кештеу болған шашудан ауыз тигендер «Құдайдың мұнысына мың тәуба!» десiп тарқасты.

 

2. Бесiкке салу

Ауылдағы Оразбай аға мен Күлтәй әже 40-тан асқан баласынан немере көргенде әлсiз жүректерiне әл құйылғандай қуаттанып шыға келген. Қуаныштың тарыдай дәнi өмiрлерiн шуақтандырып жiбердi. Жанаттың бiр дос келiншегi: «Балаңды кемпiрдiң қолына бере берме, олардың қолының уыты баланы өсiрмей тастайды, әрi кәрiлер жас баланың энергиясын алып қояды да, балаң аурушаң болып қалады, - деп  «ақыл» айтқанда бiраз елiгiп қалған. Бiр-екi күн әлдененi сылтауратып баланы енесiне ұстатпаған. Сұңғыла кемпiр келiн  қылығын бiрден аңғарып жаны қызыл ала қан болып ауырып қалған. Жанат бұдан арыға шыдамаған. Үкiдей денесi үлпiлдеген Еренғайыпты енесiнiң қолына ұстатып, баяғысынша тiрлiгiне кiрiскен.

– Балам, бесiгiңнiң жөргек, түбегiн даярлап қой. Бүгiн ауылдың үлкендерiн шақырып бесiкке салу тойын өткiземiз - деп шақырылатын қонақтардың атын атап жатты.

– Құрмаш ананы шақырмаймыз ба?

– Шақырғым келiп тұрған жоқ, бiрақ елден қалдыруға да дәтiм шыдамайды, - деп енесi екi ұштылау жауап бердi.

– Неге? Шақыра салайық. Байлығымызды iшпес - Жанат енесiне өзiнше ақыл қосқан. Жанаттың көңiлiн қимады ма, Күлтәй әже Құрмашты көңiлi қаламаса да шақырған.

Қонақтар тамақ iшiп, әңгiменiң тиегi ағытылып, көңiл жайланған соң енесi үстiне жетi түрлi қадiрлi заттар қойылған, талдан иiлiп жасалған бесiктiң жанына үлкен әйелдердi шақырды.

– Ал, бесiктi өздерiң отпен аластап «тыштымаларыңды» жасап, менiң алтынымды өзiнiң қасиеттi, киелi, құтты, алтын ұясына бөлеңiздер, - деп бесiкке салған адамға берiлер кәделi сыйлығын шетке әкелiп қойды.

– Құрмаш апа бөлесiн! - деп бiр әйел жол берiп едi, Жанаттың енесiнiң жаны шығып кете жаздады. Қанша әдептi, ибалы болғанымен немересiн ол кiсiнiң ұстауын қаламайтындығын бiлдiрiп алды. Әйелдер дуылдаса келiп он бала өсiрiп, ұлын ұяға, қызын қияға аман-есен қондырып отырған Тұрған анаға жол ұсынды. Жанат бiр шетке ысырылып, мұң басып, ғарiп күй кешiп қалған Құрмаш апаны қатты аяп кеттi. Енесiнiң онысы несi екен, адамдарды алалап. Тойдан ренiштi қайтатын болды-ау. Қуанған жұрт Құрмашты лезде ұмытып кеттi. «Әлди-әлди ақ бөпем. Ақ бесiкке жат бөпем» - деп бесiк жырын айтып той қызығын қыздыра түстi. Жанаттың көңiлi ғана алаңдаулы. Қонақтар кетiсiмен енесiне деген ренiшiн айтып салды.

– «Ел iшi – алтын бесiк» деген сөз бесiктiң құдiретiн көрсетедi. Бесiкке салу – елеулi дәстүрдiң бiрi. Оны өнегелi, тәрбиелi әйелдер атқаруы керек. Қолы таза адам бөлеуi тиiс. Сонда бала да адал болып тәрбиеленедi. Жалпы қазақтың қандай салт-дәстүрi болсын, жаны таза, мейiрiмдi, айналасындағыларға шапағаты мол адамдар атқаруы тиiс.

– Құрмаш апа да жаман емес қой. Балалары қарамай кетсе тағдыры солай болған шығар. Бiздiң қоса табалағанымыз дұрыс емес секiлдi.

– Табалағандық емес. Құрмашпен алпыс жыл бiрге жасасып келемiз. Бiр-бiрiмiзден жасыратын құпия сыр жоқ. Мен де аяймын. Бiрақ бiр кезде енесiне у берiп өлтiре жаздағанын ойласам, кәпiрдiң бетiне қарағым келмейдi.

 – Енесiне у берген дейсiз бе? Ойпырмай үлкен кiсiлердiң арасында да небiр сорақылары бар екен-ау. - Жанаттың жаны түршiгiп кеттi.

– Иә, жас кезiнде тым сорақы едi. Сырын бiлетiндер азайып, қайта бетi ашылып келедi ғой, әйтпесе отырған жерiн ойып тастайтын-ақ жан болатын - енесiнiң жүзi қаракүреңденiп кеттi. Жас кезiнде сенiң атаңа да бiраз қылмаңдағаны бар болатын, онысын қойшы, жастықтың желiгi шығар, енесiне не көрсетпедi,  ашуын тежей алмай, бiраз сөйлеп барып тоқтады.

Жанат: «Өмiр-таразы, кiмнiң қанша салмағы барын көрсетiп тұрады екен-ау» - деп ойлады. Дос келiншегiнiң сөзiне елiгiп баласын енесiне ұстатпағанына жерге кiрердей болып ұялды.

Құрмаш кемпiрдi де кезiнде бiреу азғырған болар деп түйдi. Әрбiр терiс қылық үшiн «Болашаққа не бетiмiздi айтамыз?» деп ойлану керек екен-ау.

 

3. Сүндет той

Атасы мен әжесi Ерасылдың сүндет тойын жасаймыз деп шабылғандарына бiраз болды. Алыстағы ағайын, жақындағы жекжаттың бәрi құлақтанды. Үйдегiлерде тыным жоқ. Келетiн қонақтарды қалай күтiп, қалай шығарып саламыздың әбiгерiмен Ерасылды ұмытып кеткендей. Жоқ, ұмытпауы ұмытпады ғой, тек мұның көңiлiнiң олқылығын ешкiм елемейтiн секiлдi. Ерасылдан басқалары үшiн бұл үйде ешқандай оқиға болмағандай. Күрсiнiп, күрсiнiп көкiрегiндегi ауырлықты шығарып алғысы келедi. Бiрақ ондайда әжесi «Тәйт, тоныңды ит жедi ме?» деп зекiп тастайды. Аяқ астынан болар-болмасқа ренжiп, шешесi емшектегi Әйгерiмдi алып, төркiнiне кетiп қалған. Өткiзейiн деп жатқан тойға да, Ерасылға да қарамады. Әжесiнiң бауырында өстi дегенiмен шешесiнiң үйден кетуi көңiлiн қатты қаңыратты. Кейде өз-өзiнен тамағы бүлкiлдеп келiп, жаны құлазып, жылағысы келедi. Барлығы өзiне бәйек болып жүргенде жылағаны өзгелерге ерсi көрiнетiнiн бұл сезедi. Өйтсе, «шешесiне тартқан жаман неме» - деген атақ алатынын да бiледi. Бәрiбiр жылағысы келедi де тұрады. Атасы мен әжесi де, әкесi де шешесiнiң артынан бармады, бұрынғыдай iздемедi. Ерасыл осыны түсiнбей жүр. Неге олай болды екен? Той болардан бiр апта бұрын үйге дәрiгер шақыртып, сүндеттеттi. Ерасылдың сонда бiр жылағаны-ай. Өксiгiн баса алмайды. Небiр ғажап ойыншықтардың ешбiрiне алданбады. Бөлме есiгi ашылған сайын жалт қарап, жанына жақын адамның қасына келуiн тiлейдi. Ең жақыны әжесi секiлдi едi. Жоқ, ол кiсiге де уанбайды. «Айналайын» деп аймалаған сайын көз жасы көл болуда. Әжесi бiр нәрсенi сезген секiлдi, денесiн ауыр қозғап, қабағы шытыла орнынан тұрды. Әкесiн шақырды.

– Келiннiң алдына ендi бармаспын деушi едiм. Мына баланың көзiнiң нұры көлеңкеге айналып бара жатыр, кiшкентай жүрегiн қапалыққа салмайық, кiнәм жоқ болса да кешiрiм сұрап үйге алып келейiк, - дедi. Ерасыл естiдi. Бес жасар бала сөздiң мағынасын түсiндi. Өксiгi де өз-өзiнен басылды. Көңiлi өз-өзiнен көтерiлдi. Қонақтар әкелген ойыншықтар қандай әдемi. Бiр ай балмұздақ алып жеуге жететiн ақша да жиналып қалыпты. Суреттерi керемет кiтапшалар да бар екен. Ерасыл қатты қуанды. Еш жерi ауырмайтын да секiлдi. Жүгiрiп ойнағысы келдi.

 

4. Қымызмұрындық

Қызының жылын өткiзгеннен кейiн құдалары ат iзiн салып, хабарласпаған. Екi жиенiн сағынған соң бұл Меркеден Құланға келген. Далаға келгендей құлазып қалды. Өз көңiлiне құдалар бұрынғыдай болмай қалған секiлдi. Амандасулары да ерiн ұшымен, күтулерi де жай көңiл үшiн ғана. Екi жиенi де бөтенсiп қалғандай, бұйығы ғана амандасып, бұрынғыдай арқа-жарқа болып арсалаңдамайды. Ажардың жаны пәсейiп қалды. «Өлгеннiң артынан өлмек жоқ». Мұның қызы өлдi деп тiршiлiк тоқтап қалмайды. Дегенмен, бiр өкiнiш кеудесiн тырмалап, Ажар ауылына құр сүлдерiн сүйретiп қайтты.

Iле-шала құдалары Сусамыр жайлауына көшiп барып, арнайы адам жiберiп мұны «Қымызмұрындыққа» шақырыпты. Қымызмұрындық – бие байланғандағы алғашқы қымыз iшу тойы. Көңiлi жадау тартып тұрғанда той менiң не теңiм деп барғысы да келмеген. Бiрақ, арнайы адам жiберiп отырғанда бармауға тағы да болмайды. Оның үстiне «Қымызмұрындық» Ажардың бала кезiнде ғана көрген мерекесi. Одан кейiн мұндай тойдың бар екенiн ұмытып та кеткен. Шешелерiнiң тостаққа май салып алып, бие мен құлын байлайтын қазықты майлайтыны ғана есiнде. Ендi заман өзгердi ғой. Дегенмен Ажар ырым ғой деп бiр қарын сары май алды. Басқа шашуын да молынан салды. Екi жиенi тұрғанда жөн-жоралғыдан жеңiлгiсi келмейтiнi де шындық. Бұл жолы құдалардың пейiлдерi өзгеше. Кiрбiң жоқ секiлдi. Күйеу баласы алдында иiлiп тұр. «Қымызмұрындыққа» жиналған бүкiл жұрт «Құдағи, құдағи» деп Ажардың аузына қарап отырғандай.

– Келiннен  айрылған бiзге оңай соқпады. Артында жаутаңдап екi құлыны қалды, баламызға әйел табылғанымен, немерелерiмiзге ана табылу қиын екен, - құда қиналып, ұзақ үнсiз отырып қалды. – Құдағи, менiң сөздi тереңнен айта алмайтынымды бiлесiз ғой, тоқетерi бiздiң туған құдашамызға көңiлiмiз кетiп отыр. Мына балалар бөтен болмай, жетiмсiремей өсер едi. Сiзден несiн жасырамыз, баламызға адам табылады ғой, бiрақ ол бiзге қол болмайды екен, - дегендi бiр деммен айтып барып сөзiн аяқтады. Ажар не десiн. Жүрегi үнсiз дүрсiлдейдi. Жайлаудың таза ауасы тарылып, қапырықтанып кеткендей. Үп еткен жел болса уысына толтырып алып, сiмiрiп жiбергiсi келедi. Дегенмен жанына бiр жылы ағыс құйылғандай. Бұл оның өзiнiң ойына да анда-санда келетiн. Бiрақ тереңдеп ойлауға қысылатын. Ендi мiне, алдынан шығып отыр. Құдасына жауабын беруге асықпағанымен, неге екенiн қайдам, арқасы кеңiп қалды. «Қымызмұрындыққа» келгендер құдалыққа келгендей жайраңдасып, ұрпақ үшiн игiлiктi бiр iс атқарғандай көңiлдi әңгiмелердiң тиегiн ағытты.

 

 

5. Киiз басу

– Осы сен орысқа, не қауынның шөнегiн тартып отыратын дүнгеннiң баласына кетерсiң, – деп шешем қолымдағы сабауды жұлып алып, жүндi бұрқылдата сабай жөнелдi. Бiр шөкiм бұлт жерден көтерiле берiп, қайта сылқ ете түскендей. Тулақтың жан-жағына шашырамайды да. Жып-жинақы. Мен батылсыздана қайтадан сабауды қолыма алам. Сабаудың ұшына iлiнген жүн айдалаға шашылып қала бередi. Абысындарының көзiнше қайта-қайта ескерту жасаудан ұялады бiлем, жаныма келiп отырған болып, батырып-батырып шымшып кетедi.

– Ала қағаздың бетiне қараймын деп осы балам сүлейсапа бiреу болып өсiп келедi. Барған жерiнен үш күннен кейiн қайтып келiп ала ма деп қорқам, – шешем ендi ауыл әйелiнiң сасық қулығына салып менi жамандаған болып, келiндерiне де тиiсiп алады. Иығым удай ашығанымен, әнi-мiнi дегенше-ақ тулақтағы күзем жүндi үлпiлдете сабап, жұмысыма бейiмделiп-ақ алам.

– Тиiсерге қара таппайсыз-ау деймiн, әйтпесе қара қыздың сабаған жүнi анау-мынау жаман қатынның мұрнынан моншағын түсiрiп түткен жүнiнен артық, – деп сөзiмдi сөйлеп, көңiлiмдi көтерейiн деген жеңгеме.

– Кiндiк шешесi татар емес пе, көңiлi келсе әп-сәтте алып соғып, арпа тыштырып тастайды да, көңiлi келмесе күйбеңдеп жүрiп алады, – апам менi мақтауға бейiлдi емес екенiн бiлдiрiп, жүнге жабысқан шөп-шаламды тазалап, ши үстiне әдемiлеп, әспеттеп жаяды. Шабақтауға абысындарын түгел шақыра қоймайды. Ала-құла iстейдi-ау дегендерiн қазан басына жұмсап, жанына жұмысқа тыңғылықтыларын ғана алып қалады. Жүннiң бетiне ыстық су себуге мен де қалам. Мақтап қойса арсалаңдап тындырымды iстейтiнiмдi бiледi, бiрақ пiсе түссiн дей ме, менiң арқамнан қағуға көп құлықты емес. Жүндi шиге орап, екi-үш жерiнен арқанмен байлап, ендi ерсiлi-қарсылы домалата тартқылайды. Осы жерде әйелдердiң күлкiсi де, бiр-бiрiне қағытпалары да көбейедi. Жүн қылшықтары ши сыртына шыққанда шидi жазып, киiздi бөлек алады. Ендi бiлектеу басталады, басқа ауылда қайдам, бiздiң ауылда еркек-әйелi қатар отыра қалып, бiлектерi күлдiрегенше «киiз пысый түссiн» деп басады. Мен осы жерде өз жұмысымды бiттiге санап, орнымнан тұрып, оңашалау жерге барып отырам. Жай тұрмаймын, пәле бағып тұрамын. Ағамның жеңгемдi жоқтан өзгеден қызғана беретiнiн бiлемiн. Оған өзiм iштей қатты күлкiм келедi.  Қазiр де тiзерлеп отырғанда бұрымы алдына түсе берген соң, сiлкiп қалып арқасына жiберейiн деп едi, иығы көршiмiз Тұрсынның иығына тиiп кеттi. Ол кiсi тәтеме мейiрлене қарап, жымиып қойды.  Шындығына келгенде жеңгемдi жақсы көрмеу мүмкiн емес едi. Мен ағама жалт қарадым. Қабағы түйiлiп, жүзi күреңiтiп кетiптi. Мен өз-өзiмнен күлiп жiбердiм.

– Осы бiреудiң қыз сиқы жоқ. Шайтан түртiп тұр ма сенi, – ағам сәтте келген ашуын менен алды. Еш нәрседен хабары жоқ жеңгем екi бұрымы алдына түсiп, бiлегi қызарып бар пейiлiмен басылып жатқан киiздi бiлектеуде.

– Қырық жылда да iрiмейтiн бұйым болды, – әйелдер бiр күнгi тiрлiктерiне тәуба айтысып, қою шәйге  бас қойысты.

Ағам мен жеңгем үйге кiрiп кетiп, қайтып шықпай қойды, аңдығаным ағам болғасын ба, мен түсiне қойдым да, жеңгемдi жоқтатпай етке нан илей бастадым. Құлағыма жеңгемнiң:

– Осы сенiң ағаң неге сонша қызғаншақ? – деп күле қараған даусы естiлдi.

Шындығында ағам кiмге тартып сонша қызғаншақ болды екен? Қайта жеңгемнiң соншама бiр нәзiк, үлбiреген денесiмен киiз басқанына қуанбай ма?..