Жетісу жетістіктері

Жасанды ұрықтандыру тегін медициналық көмектің тізіміне енбек

  • Жасанды ұрықтандыру тегін медициналық көмектің тізіміне енбек

    Жасанды ұрықтандыру тегін медициналық көмектің тізіміне енбек

 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізіледі. Бұл әрбір әйелге жылына тым болмағанда бір рет экстрокорпоральды ұрықтандыруды тегін жасатуға мүмкіндік бермек.

Жалпы, 2010 жылдан бері Қазақстанда мемлекеттің қаражаты есебінен экстрокорпоральды ұрықтандыру арқылы 1500-нан астам бала дүниеге келген. Яғни, квотамен ЭКО жасалған. Оған бюджеттен 3 миллиард 890 миллион теңге жұмсалыпты. Қазір диспансерлік тіркеуде 14 мыңнана астам әйел, мыңнан астам еркек «бедеу» деген диагнозбен кезекте тұрған көрінеді. Бұл жылына 20 мың жұп бала сүйе алмай, дәрігердің алдына келеді деген сөз. Ал бюджеттен бөлінетін квота бәріне жете бермейді. Енді осы олқылықты толтыру үшін, бюджеттен бөлінетін квота саны артады. 


Кейінгі кезде ана мен бала өлімінің азайғанын алға тартып, статистиканы сөйлеткенімізбен, ана мен баланың денсаулығына қатысты көкейдегі күдікті сейілту оңай емес. Өйткені қазір елімізде әйелдердің денсаулығы жақсы деп толық сенімділікпен айта алмаймыз. Сондықтан да бүгінде денсаулығында кінәраты бар балалар жиі туылады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі әйелдердің денсаулық индексі өте төмен. Себебі, болашақ ананың өмір сүріп отырған ортасының экологиялық жағдайы төмен болып жатады. Екіншіден, ішіп-жегені химиялық қоспа болса, тұрмыстық жағдайы жақсы болмаса, ондай әйелдің денсаулығы қайдан мықты болады? Ал әйелдің денсаулығында қандай да бір кінәрат болса, ол ішіндегі ұрыққа да әсер етеді. Жасыратыны жоқ, қазір туабітті ауытқулармен дүние есігін ашатын балалардың саны көбейген. Әсіресе, Атырау мен Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында даму ақаулары бар балалар жиі дүниеге келеді. Одан кейін жұқпалы аурулар болашақ нәрестенің өміріне өмір бойы балта шабуы мүмкін.

Астанадағы «Ана мен бала» Ұлттық ғылыми орталығы Рефералл орталығының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты дәрігер Жұпар Кәрібекқызы өзінің "Түркістан" газетіне берген сұқбатында ана мен бала денсаулығы туралы былай дейді:


– Қазір бедеулік те, белсіздік те өте өзекті. Бұрын ұрпақ сүюдегі қабілетсіздікті 80 пайыз әйелден көріп, 20 пайыз еркектен деп айтатын едік. Қазір 50-50 болып отыр. «Ауруын жасырған өледі» демекші, қазір ер адамдар дәрігерлерге дер кезінде қаралмайды. Әйелдер де уақыт жоғалтып жатады. Көптеген жастар тұрмыс құрған соң бала көтере алмай жүреді. Біраз жыл өткізіп алған соң ғана бармағын шайнап, дәрігерлерді жағалап жүреді. Маман ретінде айтамын, белсіздік пен бедеулік 80 пайыз емделетін ауру. Екеуінің де себептері өте көп. Қазір жастар арасында жұқпалы аурулар көп таралған. Әйелдер арасындағы жатыр мойны, аталық ұрық бөлу мүшелерінің дұрыс дамымауы – бедеулік пен белсіздікке алып келеді. Бұл екеуі де жастайынан денсаулықты күтпеудің салдары. Себебі, бойжеткендеріміз бабымен бой түзей алмайды. Кіндігі мен кеудесі ашық-шашық, сақырлаған сары аязда тізеден жоғары белдемше киетін қыздардан ертең дені сау ұрпақ дүниеге келеді дегенге сену қиын. Темекі мен сыраны суша сіміретін жастардың көп жағдайда денсаулығы сын көтермейді. Осылай ойнақтап жүріп от басып, балалы болу бақытынан айырылып қалатынымыз өзекті өртейді. Мәселен, ерте жастан жыныстық қатынасқа түсу, жасанды түсік жасату да – бедеулік пен белсіздіктің басты себебі. Тағы бір себеп, күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз табиғи құрамынан баяғыда алыстап кетуінен де болып отыр. Сосын күнделікті қолданатын компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып отыр. Ал еркектің белсіздігіне ұрпақ өрбіту жүйесіндегі қабынулар, атап айтсақ, аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқулар, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар әсер етеді. Сондықтан нәпсіқұмарлықты тыйып, зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстаса ұрпақ сүю бақыты барлығына берілер еді.


Алмагүл Ахметова, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының вице-президенті:


- Көрсеткіш бойынша, жылына 9 мың әйелге ЭКО жасау керек. Ал бюджеттен 900 квота бөлінеді. Сұраныс он есе жоғары. Әсіресе, ауылдардағы әйелдерге айтарым, дерк езінде тексеруден өтіңіздер. Дәрігер бедеусің деген диагноз қойса, міндетті түрде квотаға кезекке тұру керек. Дәрігерлер бала сүйгісі келетін жұптарға ең бастысы уақытты өткізіп алмауға кеңес береді. Қазір Қазақстанда жасалған ЭКО-ның 40 пайызы сәтті шығады екен. Көрсеткіш бұдан да жоғары болар еді, егер әйелдер жасанды жолмен ұрықтандыруға өте кеш келмесе. Негізі, ЭКО-ны 30 жасқа дейін жасаған дұрыс. Ал 40-тан асқанда мүмкіндік азая береді дейді ақ халаттылар. Елімізде бүгінге дейін ЭКО-мен 14 мыңнан астам бала дүниеге келіпті. Алғашқы сәби 21 жыл бұрын туған. Қазақстанда жасанды ұрықтандыру құны 900 мың теңгеден басталады. -Қазір ерлер арасындағы бедеулік те артыпты. Отбасылардың ұрпақсыз қалуына жігіттердің белсіздігі себеп. Ер-азаматтарға да квота бар. Ал Денсаулық министрлігі келесі жылдан еліміздегі ЭКОмед клиникалардың құрылғылары, мамандардың біліктілігі жайлы ақпарат жинап, ортақ базасын жасамақ. Сонда науқас әр медициналық мекеменің мүмкіндігіне қарай өзі таңдау жасайды. Сәйкесінше, бөлінген квота да клиенттің соңынан сол клиникаға аударылады.


Айша Нұржан 




Көрілген: 1475    Пікірлер: 0

сейсенбі, 18.09.2018, 11:14

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30