Жер жаннаты Жетісу өңірінде туристер саны артып келеді
Алматы облысының керемет табиғаты ежелден туристерді магнитше тартатыны рас. Әсіресе суының емдік қасиеті мол Алакөлге келетін туристер саны соңғы жылдары еселеп артып келеді. Мәселен, биыл жаз маусымы басталғалы су қоймасының жағалауында миллионнан астам адам демалып қайтқан. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Соңғы жылдары ғажайып мекенде демалушылардың ұшақпен жетуіне, алаңсыз демалуына жасалған жағдай жұмақ мекенге келушілер санының күрт өсуіне ықпал еткені анық. Саяхатшыларды Алакөлдің таза суы ғана емес, сондай-ақ оның бірегей емдік қасиеттері де қызықтырады. Мәселен көлдің суының құрамындағы хлор, бром, родон секілді адам денсаулығына пайдалы заттардың көп болуы еліміздің түкпір түкпірінен ғана емес, шетелден де демалушыларды еріксіз тартуда. Көптеген ауруларға ем саналатын батпағы да көлдің бір артықшылығы деуге болады.
Расында, Алакөл аумағы орналасу жағынан туризмнің барлық түрін, атап айтсақ, экологиялық, танымдық, спорттық, емдеу-сауықтыру және аңшылық туризімді дамытуға қолайлы өңір. Сондықтан көптеген турист Алакөлдің емдік суына шомылу үшін емес, оның географиялық мүмкіндігін пайдаланып, тартымды демалыс ұйымдастыру үшін ағылады. Дәл қазіргі таңда Алматы облысы туризміне жауапты құзырлы орындар Алакөл аумағындағы туризмнің барлық бағытын дамыту үшін күш салуда. Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаевтың айтуынша, өткен жылы аудандағы 214 демалыс орнына 1 млн. 19 мың адам демалуға келіп, оларға 5 млрд. 811 млн теңгенің қызметі көрсетілген. Ал, биылғы жылдың жаз маусымындағы 1 шілдеге дейінгі көрсеткішіне сүйенетін болсақ, 393 мың 500 адамға, яғни, 2 млрд. 361 млн теңгеге қызмет көрсетілген. Жазғы маусымның ең қызықты айы енді басталғанын ескерсек, бұл сан алдағы уақытта еселене түсері анық дейді аудан басшысы. Демек бұл сандар алдағы уақытта еселене түспек.
Расында, Алакөл аумағы орналасу жағынан туризмнің барлық түрін қамтиды. Сондықтан да көптеген туристтер осы жердің емдік суына шомылуға және керемет демалыс ұйымдастыруға көптеп келуде. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымын дамыту және Ақши ауылында туристер үшін қолайлы жағдай жасау туралы тапсырмасын орындау мақсатында инвестиция көлемі 4 млрд-ты құрайтын, жылына 30 мың адамды қабылдай алатын көп функционалды бес жұлдызды «Көктем Гранд Ресортс» қонақ үй кешені ашылған болатын. Сонымен бірге туризмді одан әрі дамыту мақсатында Үшарал қаласының кіре берісінде «Үшарал» әуежайы ашылып, Талдықорған-Өскемен-Қалбатау тас жолы қайта жаңғыртудан өткізілген болатын. Сондай-ақ, демалуға келетін туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында облыс әкімдігі Жетіген-Достық-Жетіген теміржол қатынасын субсидиялауды да қолға алған болатын. Жалпы еліміздегі ең танымал демалыс орындарының бірі – шипалы Алакөлді барынша жайлы әрі қалың жұртшылық үшін қолжетімді ету мақсатында кешенді іс-шаралар қолға алынған. Туризм саласын дамыту бойынша 2025 жылға дейінгі республикалық бағдарлама аясында көл жағасы Қазақстандағы әлеуеті ең зор 10 туристік нысанның қатарына қосылып отыр.
Алдағы төрт жылда жағалауда су, кәріз құбырлары салынып, электр желілері тартылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар емдік қасиеті бар родондық суға арналған арнайы құбыр да төселмек.
Алакөлге әуе жолынан бөлек, теміржол, автомобиль жолы да бар. Көлік қолжетімділігімен қамтамасыз ету мақсатында биылғы жазғы демалыс маусымында «Алматы-Достық» бағытында жүретін туристік пойызы аптасына 3 рет қатынайды. Қазір аймақта инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқын алған. 2020 жылға қарай автокөлік магистралінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Алматы-Үшарал-Ақши-Көктұма» маршруты бойынша күніне 5 автобус жолаушыларды тасымалдайды. Демек, Алакөлдің туристік әлеуеті артып келеді. Көлдің шипалы суымен емделіп, жүйкеңізді тынықтырғыңыз келсе, еш ойланбай Алакөлге тартып кетіңіз.
Қуаныш Ерсұңқар