Балаларға базарлық

Қайырбек Шағыр: СИҚЫРЛЫ КІТАП НЕМЕСЕ ТАРИХҚА САЯХАТ (поэма)

  • Қайырбек Шағыр: СИҚЫРЛЫ КІТАП НЕМЕСЕ ТАРИХҚА САЯХАТ  (поэма)

    Қайырбек Шағыр: СИҚЫРЛЫ КІТАП НЕМЕСЕ ТАРИХҚА САЯХАТ (поэма)

ШАҒЫР Қайырбек Семейғазыұлы 1972 жылы 16 желтоқсанда бұрынғы Семей облысы Абыралы өңіріндегі «Ақбұлақ» ауылында дүниеге келді.  1997 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді. Оқи жүріп, Абыралы аудандық «Жаңғырған Абыралы» газетінің әдеби қызметкері, аға тілшісі болып журналистік еңбек жолын бастады. 1996 жылы Алматыдағы республикалық ғылыми-педагогикалық «Қазақстан мектебі» журналына тілші болып қабылданып, әр жылдары бөлім редакторы, жауапты хатшы міндеттерін атқарды. 2002 жылы жаңадан ашылған «Тәрбие құралы» журналының бас редакторлығына тағайындалып, 2011 жылға дейін осы қызметте болды. Одан кейін өз бастамасымен «Шаңырақ серігі», «Жас спортшы» журналдарының ашылуына ұйытқы болды.  «Хабар» агенттігінің аударма бөлімінде жүздеген деректі және көркем фильмдерді қазақ тіліне аударуға қатысты. 2014 жылы Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің баспасында бас редактор болды.

ҚР Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі. Педагогикалық баспасөзде еңбек ете жүріп, «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Мәдениет министрлігінің  Құрмет грамоталарымен  марапатталды. Аудармашы ретінде танымдық кітаптарды, шетел поэзиясын  қазақ тіліне аударды. Ж. Нәжімеденов атындағы республикалық жыр мүшәйрасында І орынды (2006 ж.), халықаралық «Дарабоз-2015» байқауында І орынды иеленді (2015 ж). Басқа да көптеген республикалық жыр жарыстарының жүлдегері атанды. Әйгілі әнші Әміре Қашаубаев туралы «Ұлы тенор» поэмасын жазды. Ұжымдық жинақтарға шығармалары енді.

Жарық көрген кітаптары: «Тартылыс». Өлеңдер мен поэма (А. «Информ-Арна», 2006),  «Жол ережесі». Балаларға арналған кітапша (А. «Таймас» баспа үйі, 2010), «Домбыраға шаң қонбаса...». Өлеңдер (2012),  «Жақсыменен отырған жарты сағат». Мақалалар мен сұхбаттар жинағы (А. «Теларна», 2012), «Сиқырлы кітап немесе тарихқа саяхат». (А. «Дәуір»,  2015).

 

Қаламгердің бүгін оқырман назарына  ұсынылып отырған «Сиқырлы кітап немесе тарихқа саяхат»  деп аталатын поэмасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып жазылып, 2015 жылы Халықаралық «Дарабоз» байқауында 1-орынды иеленген. Шығарма ең алдымен балалар мен жасөспірімдерді кітап оқуға қызықтыруды көздей отырып, тарих тереңіне бойлатады. Біздің арғы бабаларымыз деп саналатын, әлем тарихында ерекше із қалдырған тұлғалардың өмірінен қысқа да нұсқа мағлұмат беру арқылы патриотизмге тәрбиелеуді мақсат етеді. Поэмаға біздің дәуірімізге дейінгі сақ, ғұн, кейінгі түркі дәуірлеріндегі, қазақ хандығы кезіндегі, патшалық, кеңестік жылдардағы батырлар мен патшалардың, данышпандардың, бірі ежелгі Грекияда, бірі Африкада, бірі Үндістанда, бірі Еуропада, т.б.  жүріп, жоғары дәрежеге қалай көтерілгендері, олардың жас ұрпаққа айтар өсиеттері  арқау болған.

 

 

СИҚЫРЛЫ КІТАП

немесе тарихқа саяхат

(поэма)

Кіріспе

 

Әлқисса, бәрі неден басталды өзі?

Жаз еді, таң ағарып атқан кезі.

Үйдегі бір қабырға толған кітап,

Түсті оған Инабат пен Дастан көзі.

 

Жұмысқа әкелері кетерінде:

«Жүрмеңдер құр ойынның жетегінде,

Кітаптан жақсы бір ой оқып, түйсең,

Рухани азық болар неше күнге.

 

Кітаптар – біздің үйдің бар байлығы,

Жинадым сендер үшін талмай мұны,

Оқылмай, шаңға батып босқа тұрса,

Байлық па? Болады оның қандай құны?»

 

Деп еді, екі бала ойға қалды.

Кітапқа құмарта әлі қоймаған-ды.

Әйтсе де, шаңын сүртіп, реттеуге,

Келісті, қоя тұрып ойнағанды.

 

Сонымен қарбалас бір іс басталды,

Ұл мен қыз бұл жұмысты мықты атқарды.

«Мінеки, соңғысы, -  деп – сөредегі»,

Дастан бір қалың кітап ұстап қалды.

 

Инабат сүртіп еді, кетпеді шаң,

Шаң емес, мұнар жапқан беттерін сан.

Бір перде көлегейлеп көрсетпейді,

Сиқыр ма? Не құпия? Неткен нышан?

 

Мәссаған! Қимылдады қалың кітап,

Бет-жүзі ақ сақалды ғалым құсап.

Тіл бітті: «Әй, балалар, нені іздедің?

Берейін көмегімді барымды сап». 

 

«Сіз кімсіз?». «Мен – кітаптар патшасымын.

Тарихтың кең ашылар қақпасымын.

Мына шаң – жай шаң емес, уақыт шаңы,

Аршылар, ашып оқып, тапса сырын.

 

Сенемін жетеді деп саналарың,

Сендердің көп қой ұлы бабаларың.

Берейін бір мүмкіндік екеуіңе,

Танысып, Тарих елін аралағын.

 

Қалайсың қай ғасырды, қай заманды,

Көрсем деп жүр едіңдер қай бабаңды?

Сиқырлы беттерімді қолыңмен бас,

Содан соң шолып қара айналаңды».

 

Ұл мен қыз тосын сыйдан қорықпады.

Бағзы бір бабалармен жолыққалы,

Ішіне сол кітаптың еніп кетті,

Тарихқа сәтті болсын жорықтары!

Біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасыр.

Ежелгі Грекия. АНАХАРСИС

 

Мынау бір басқа мезгіл, бөтен әлем,

Таңданып есін жиды екеуі әрең.

Салт атты абыз ата алдарында,

Алыстан жағымды бір еседі әуен.

 

Анахарсис:

- Бұл ата, балақайлар, кім демегін,

Сендермен түп тарихым бірге менің.

Келіп ем гректерге нағашылап,

Ақыл ғой, алтын емес іздегенім.

 

Гректің Солон деген данышпаны,

Аттандым сол ғалыммен танысқалы.

Соңымда тілекші боп қала берді,

Даласы скифтердің1 алыстағы.

 

Шешенмін, болмасам да асқан ақын,

Скифтің тектісімін, патша затым.

Әлемде жеті ғалым, бірі – осы деп,

Мәңгіге қашалыпты тасқа да атым.

 

Скифтер жарты әлемді дүбірлеткен,

Тізесін парсылардың дірілдеткен.

Жауынгер, жеңілмейтін көшпелінің

Бірі едім, содан менің үнім де өктем.

 

Соғыстым, жеңілгенді тонамадым,

Түбі бір Отаныма ораламын.

Ұрпақтар, уақыттың мұнарынан

Аршып ал, ұмытсаңдар жоғаламын.

 

 

Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасыр.

Ғұн ұлысы. МӨДЕ

 

Кітаптың аударылды біраз беті,

Алдыда – Азияның қиян шеті.

Салт атты патша шықты алдарынан,

Сұсты екен, өте қатал түр-әлпеті.

 

Мөде:

- Мен – Мөде, ғұн елінің тәңірқұты2,

Елді ойлап, бұзылатын сан ұйқысы.

Өмірім өтті менің арпалыспен,

Ғұндарға қонсыншы деп бақыт құсы.

 

Халқымды сөйтіп жүріп біріктірдім,

Аймақта  ұлан-ғайыр жүріп-тұрдым.

Қабылдап еңкейгенді қол астыма,

Шатырын шалқайғанның тіліп кірдім.

 

Жерімді жатқа бермей қорғап қалдым,

Темірдей қатаң тәртіп орнатқанмын.

Үш жүз мың қарақұрым әскер ұстап,

Бетке алып Сарыөзенді3 жолға аттандым.

 

Сақтанып көшпеліден, «тағылардан»,

Цинь4 елі Ұлы Қорған5 салып алған.

Қыз беріп, ғұндарменен қыз алысып,

Қашанда айламенен жаны қалған.

 

Атанған тәңір текті Күн баласы,

Ғұндардың берілсе екен шын бағасы.

Ең ірі қағанаттың бірі болып,

Тарихта қалды мәңгі ғұндар аты.

 

V ғасыр. Рим қаласы. ЕДІЛ (АТТИЛА)

 

Балалар әрі қарай тағы аттанды,

Кітаптың біраз беті парақталды.

Және бір айбынды адам ат үстінен

Жалт етіп балаларға қарап қалды.

 

Еділ:

- Рим – осы, мәңгі қалаң, көне қалаң,

Демеймін бұл Батыстан өнеге алам.

Мен де ғұн, Еуропада еркін жүрмін,

Шығысты шырқ үйірсе Мөде бабам.

 

Тайсалмай Жер бетінің басты елінен,

Батысқа тәуекел деп тап беріп ем.

Шайқастық Каталаун жазығында,

Римнің жер қайысқан әскерімен.

 

Жасасын ғұндарымның ер жасағы,

Жайылды жер-әлемге енді атағы.

Алапат империя құлатылды,

Құлдықтан азат қылдық Еуропаны.

 

Римді басып кіріп қиратпадым,

Жетеді бағындырып, сыйлатқаным.

Аңызға қосты атымды барлық халық,

Ұғарсың, оқысаңдар жинап бәрін.

 

Демеңдер мұның бәрі жалған елес,

Ғұн едім, «варвар» емес, «вандал»6 емес,

Тарихта, Ескендірмен7, Цезарьлармен8

Есімім бірге аталмай қалған емес.                   

 

VIII ғасыр. Түркі қағанаты. ТОНЫКӨК

 

Бірнеше ғасыр тағы артта қалды,

Балалар көп тарихты жаттап алды.

Кең дала, балбал тастар арасында,

Сынамен9 жазу жазған қартқа барды.

 

Тоныкөк:

- Бармысың, түркі тілдес өр ұрпағым,

Есіңе ал, Көктүркінің бөрі ұлдарын.

Білсін деп сендер мұны, тасқа қашап,

Мәңгіге жазып кеттім өзім бәрін.

 

Гүлденген ұлы Түркі қағанаты,

Бабамыз Көкбөрінің10 аманаты.

Естеми11, Бумын қаған12 бас құратқан,

Бұл елдің шыққан емес жаман аты.

 

Түркіге жау көбейді анталаған,

Мазасыз өтті жылдар, қанша заман.

Елтеріс, Қапаған мен Білге қаған,

Күлтегін13 шайқасудан шаршамаған.

 

Болса да қиын кезең бұл осындай

Қалмады ән айтылмай, жыр оқылмай.

Жойылып түркі халқы кетпесін деп.

Толғандық түн ұйықтамай, күн отырмай.

 

Көлемін қағанаттың көп ұлғайттық,

Әр сөзді күшімізге сеніп айттық.

Еңкейді  басы барлар, тізелілер

Бүгілді, бағындырдық, кері қайттық.

 

Сендерге болды мұра бар асылым.

Ұлы едім ұлы Түркі даласының.

Бірі едім батырының, көсемінің,

Бірі едім батагөйі, данасының.

 

 

ХІІІ ғасыр. Африка. Мысыр елі. БЕЙБАРЫС

 

Алыста Ұлы Дала қала берді,

Мысырға екі бала жаңа келді.

Африка аспанында азан үні

Жаңғыртып шөл даланы сала берді.

 

Бейбарыс:

- Ей, ұл-қыз, жаралдың ба ақ сағымнан,

Бөгелдім өте беріп қастарыңнан.

Жүздерің ыстық маған өзгелерден,

Аңқиды жусан иісі шаштарыңнан.

 

Жасымнан от пен суға қақталғанмын,

Өмірдің ащы дәмін татқан жанмын.

Сендердей он жасымда тұтқын болып,

Қыпшақтың даласынан аттанғанмын.

 

Туып ем киіз үйде, сол далада,

Түркілік тегі бар жан қорлана ма.

Құлдықтан сұлтандыққа қол жеткіздім, 

Жат елде айналмадым қолбалаға.

 

Бөгет боп кресшілер жолдарына,

Түспедім моңғолдардың торларына.

Арабтың халифатын арашалап,

Айналдым қара құрлық14 қорғанына.

 

Көңілім сұлтанмын деп тасымайды,

Жүрегім ешбір жаудан жасымайды.

Тек әттең, мұның бәрі туған жердің

Жалғыз түп жусанына татымайды.

 

XV ғасыр. Қазақ хандығы. АСАНҚАЙҒЫ

 

Кітаптың жаңа беті. Қазақ жері.

Желпіді сар даланың самал желі.

Ақсақал желмаямен желіп жүрген:

«Балалар, жақын келші маған» деді.

 

Асанқайғы:

- Болып ем халқым үшін шер-күйікті,

«Қайғы» деп атап кетті ел сүйікті.

Қазаққа қоныс болар мекен іздеп,

Жалықпай көп іздедім жерұйықты.

 

Сақ болдық, түркі болдық, ғұн да болдық,

Жетісу, Арқа, Сыр мен Шуға қондық.

Тарихта тұрақты бір ел атанып,

Мәңгіге сақталмасаң бұл да қорлық.

 

Айбынды Алтын орда бөлшектенді,

Өкініш өзектерді өртеп келді.

Бабадан қалған мынау кең далаға,

Ие боп тұру керек өлсек те енді.

 

Тараған Жошы ханнан15 арыстарым,

Керей мен Әз Жәнібек16 арыстаным.

Діні ортақ, тілі де ортақ елін бастап,

Ойлады билік емес халық қамын.

 

Қолдаса, соларды елім қолдасын да,

Толғаса, мендей жырау толғасын да.

Көтеріп ақ киізге хан сайладық,

Керейді Қозыбасы ордасында.

 

Сүйінші сұрап жұрттың бас-басынан,

Ел болдық, дос сүйініп, жат жасыған.

Қазақтың хандығы біз боламыз деп,

Тарихтың кіріп келдік қақпасынан!

 

XVI ғасыр. Үндістан. БАБЫР

 

Сапары балалардың жалғасты әрі,

Мұнартып Гималайдың қалды асқары.

Жолықты Үнді елінде сәлделі адам,

Қолында кітабы мен алдаспаны.

 

Бабыр:

- Жол болсын, білім құмар балаларым,

Мен де бір түркі текті бабаларың.

Мемлекет құрамын деп арпалысып,

Жасымнан талай жерді араладым.

 

Жүрсек те сан күшейіп, сан әлсіреп,

Болды да тәжірибем маған тірек.

Жолымды тосқан жауды жеңіп шығып,

Қалып ем Үндістанға табан тіреп.

 

Қатал боп кескілескен шын дұшпанға,

Қамқор боп ізгілікке тырмысқанға.

Лахор, Агра мен Делиді17 алдым,

Мұсылман дінін жайып Үндістанға.

 

Тарихқа Ұлы Моғол18 елі келген,

Ұрпақтар ерлігіме тебіренген.

Қалам мен қаруымды тең ұстадым,

Оқыңдар «Бабырнама»19 шежіремнен.

 

1847 жыл. Алатаудың баурайы. КЕНЕСАРЫ

Тарихтың жаңа бетін ашқанында,

Балалар елге оралды қас-қағымда.

Арландай айбаты бар, найзасы бар,

Бір батыр отыр екен қастарында.

 

Кенесары:

- Келдің бе, болашақтан, қарағым-ай,

Бар екен, ел екен ғой қазағым-ай!

Ұлт үшін біз бекерге қан төкпедік,

Баһадүр бабам менің – хан Абылай.

 

Қасым хан, Хақназар хан заманында,

Тәуекел, Есім, Тәуке аманында.

Тәуелсіз хандық құрып талайларды,

Тәубеге келтіріп ед қазағым да.

 

Жоңғарды Аңырақай шайқасында,

Жапырып, қуып тыққан қайта құмға.

Бұл қырғын Бородино, Куликово20...

Бәрінен кем еді деп айтасың ба?!

 

Абылай сирек туар дара дарын,

Қабанбай, Бөгенбайдай дараларым

Әбілқайыр, Салқам Жәңгір бабаларым,

Үш би мен Бұқар жырау даналарым.

 

Өтті ғой амалым не, шайқап бәрі.

Қулығын отаршылдар байқатпады.

Бетпе-бет айқасудан беті қайтып,

Айламен қандасымды айтақтады.

 

Батырлық аңғалдықпен қапы қалдым,

Сол болды ұлт рухы жасыған күн.

Қазақтың соңғы ханы менен кейін

Басынды қайран жерді басып әркім.

 

Қорқады жауым әлі атымнан да,

Кесілген, денем түгіл, басымнан да.

Күтіңдер, мен рух боп ораламын,

Алдымнан нұрлы бір жол ашылғанда.

 

1925 жыл. Париж. МҰСТАФА ШОҚАЙ

Бұл – Париж, көрген адам аңтарылар,

Көліктер, жүргіншілер қарсы ағылар.

Кезікті балаларға мұртты кісі,

Мейірбан, жылы жүзді, қалпағы бар.

 

Мұстафа Шоқай:

- Жайымды жақсы ұғыңдар сендер менің,

Жат елге қызық қуып мен келмедім.

Кеңестің үкіметін ашық сынап,

Ұлт үшін отқа күйген шермендемін.

 

Ақпанда төңкерістен сыр аңдадық,

Зая ғып мүмкіндікті тұра алмадық.

Тауға да, тасқа да ұрып басымызды,

Алаш деп, Түркістан деп ұрандадық.

 

Елімді еркіндікке іліктірсем,

Түркінің бар баласын біріктірсем,

Тағы да Алаш болып, Қазақ болып,

Тарихтың қақпасынан күліп кірсем.

 

Деп едім, ақ пен қызыл21 күш бермеді,

Басты жау деп санады тіптен мені.

Тұтқынға түспеу үшін шетел астым,

Бұл емес күресімнің біткен жері.

 

Жанымыз қайда жүрсек ұлтпен егіз,

Өлсек те халқымызға рух береміз.

Дулатов, Байтұрсынов, Бөкейханов,

Бәріміз болашаққа нық сенеміз.

 

1941 жыл. Мәскеу түбінде.

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ

 

Қос өрен алдан тағы күтті ғажап,

Мәскеудің түбінде жүр мықты қазақ.

Әскери жарасымды киім киген,

Қыр мұрын, өткір көзді, сұсты қабақ.

 

Бауыржан Момышұлы:

- Бұл соғыс – адамзатқа қарсы соғыс,

Фашистке не істей алсын жалғыз орыс.

Ортақ боп Отанымыз тұр ғой бүгін,

Отанын қорғау – ерге мәңгі борыш.

 

Тұра ма зуламай оқ, жосымай қан,

Ерлікпен қатар жүрсін тосын айлаң.

Қазақтың жауынгерлік қасиетін

Көрсетті жарқыратып осы майдан.

 

Дұшпанды тура көздеп атқан бастан,

Мергені жымияды мақтанбастан.

Дзотты кеудесімен бірі жауып,

Ұшақпен шүйіледі аспан жақтан.

 

Өзгені ерлігімен еліктіріп,

Ертеңгі нұрлы күнге сеніп күліп,

Бресттен22 жауды тосып алған қазақ,

Берлинге ту тігеді жеңіп тұрып.

                

1986 жыл. Алматы. ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕК

 

Алматы. Қыстың суық желтоқсаны.

Өткендей бұзып-жарып сел тоспаны.

Биліктен әділдікті талап етіп,

Ызамен алаңға кеп ел тоқтады.

 

Қайрат Рысқұлбеков:

- Алаштың қамын ойлап алаңдаған,

Алаңға ағылуда адал балаң.

Қонағын қожасындай күткенімен,

Қазағым құл болуға жаралмаған.

 

Қансырап қарда жатқан қарындастың,

Намысы жанға батқан қалың жастың

Айтары: өз билігін өзі алмаса,

Басынан қазағымның арылмас мұң.

 

Бізді енді қорқытпайды түрмелері,

Қазақтың бұл ең соңғы дүрбелеңі.

Атады еркіндіктің ертең таңы,

Бабалар арман еткен күн келеді.

 

Сол күнде сөз алар ма ем зор тұғырдан,

Жендеттер жол бермейді-ау торды құрған.

Қош енді, қайран елім, мен шығармын,

 Азаттық жолындағы соңғы құрбан.

 

Қазіргі кезең. Астана. ЕЛБАСЫ

 

Сиқырлы кітап беті ауысуда,

Балалар жақын қалды тауысуға.

Түбінен бәйтеректің келіп шықты,

Арайлы Астанамен қауышуға.

 

Тарихқа ғажап болды сапарлары,

Оларды қай заманға апармады.

Фараби, Яссауи мен Абай, Шоқан,

Даналар өтті алдынан қатар бәрі.

 

Бұл неткен ұлы халық сарқылмаған,

Тәттімбет, Құрманғазы жарқылдаған.

Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ,

Бата алды тағы талай нар тұлғадан.

 

Елбасын көрді келіп Астанада,

Жас бала сәлем берді жақсы ағаға.

Тарихтың қойнауынан көргендерін,

Ақтарды ұяла да, мақтана да.

 

Көңілі ақ бала қалай тек тұрады,

Айтуға батылдары жетті-дағы:

«Сиқырлы бұл кітаптың көп беттері

Неліктен таза парақ?» деп сұрады.

 

Елбасы:

- Айтайын еркін елдің баласына,

Бұл кітап көнесі әрі жаңасы да.

Тарихтан көрдіңдер ғой азаттықтың

Соншама қымбаттығын бағасы да.

 

Елімнің айналсын деп бағы нуға,

Керемет құрылыстар салынуда.

Белестер алынуда биік-биік,

Дәл қазір жарқын беттер жазылуда.

 

Қамы үшін қалалардың, далалардың,

Отанның кәдесіне жарап әр күн,

Білім қос біліміңе, өнер үйрен,

Адал бол өсиетіне бабалардың.

 

Әр қазақ баласынан текті көрем,

Алдағы мүмкіндігің шексіз, өрен.

Жалғасын бұл кітаптың жазарсыңдар,

Жас ұрпақ, болашаққа бет түзеген!

  

 

Балалар үшін түсініктеме: 

1. Скифтер – ежелгі заманда Қара теңіздің солтүстік жағалауын мекендеген тайпалар бірлестігі.

2. Тәңірқұт – ғұндар мемлекеті патшасының лауазымы.

3. Сарыөзен –Қытай жеріндегі Хуанхэ өзені.

4. Цинь – Ежелгі Қытайды билеген патшалар әулеті.

5. Ұлы Қорған – Біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда көшпелілерден қорғану үшін салынған, ұзындығы 4 мың шақырымдық Ұлы Қытай қорғаны.

6. Варварлар, вандалдар – ерте заманда Еуропа қалаларына шабуыл жасаған тайпаларды кемсіту үшін қойылған атау.

7. Ескендір – Александр Македонский (б.д.д. IV ғ.), әйгілі қолбасшы.

8. Цезарь – Юлий Цезарь, Рим императоры.

9. Сына жазу – тасқа қашалып жазылған жазу. Түркі қағанатының өз әліпбиі болған.

10. Көкбөрі – көне түркілер өздерін Ашина-Көкбөріден тарағанбыз деген.

11. Естеми – VI ғасырдағы ержүрек түркі қағаны.

12. Бумын қаған – VI ғасырда Түркі мемлекетінің негізін қалаған қаған.

13. Елтеріс, Қапаған, Білге қаған, Күлтегін – VI ғасырда Түркі қағанатын қайта дәуірлеткен әйгілі қағандар мен батырлар.

14. Қара Құрлық – Африка құрлығы.

15. Жошы хан – Шыңғысханның үлкен ұлы. Қазақ хандары Жошы ханнан тараған.

16. Керей мен Әз Жәнібек – ХV ғасырда құрылған Қазақ хандығының негізін салушы, алғашқы хандары.

17. Лахор, Агра, Дели – Үндістандағы қалалар.

18. Ұлы Моғол империясы – Үндістанда үш ғасыр бойы үстемдік еткен, Бабыр негізін салған  әйгілі империя.

19. «Бабырнама» - Захир ад-Дин Мұхаммед Бабырдың тарихи-өмірбаяндық кітабы.

20. Бородино, Куликово – Орыс мемлекетінің тарихындағы шешуші рөл атқарған ірі шайқастар.

21. Ақ пен қызыл – 1918-20 жылдары Кеңес үкіметін құру жолындағы азамат соғысында қарама-қарсы жақтар осылай аталды.

22. Брест – 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда жаудың алғашқы соққысына ұшырап, ерлікпен күрескен қаһарман қамал. Брестті қорғаушылар қатарында қазақстандықтар көп болған.

 




Көрілген: 2817    Пікірлер: 0

бейсенбі, 22.04.2021, 11:39

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Наурыз, 12:44
    Серік Нұғыман: ТІС

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30