Балаларға базарлық

Қуат Адис: ҒЫЛЫМ ДЕГЕН – ҚОЗҒАЛЫС!

  • Қуат Адис: ҒЫЛЫМ ДЕГЕН – ҚОЗҒАЛЫС!

    Қуат Адис: ҒЫЛЫМ ДЕГЕН – ҚОЗҒАЛЫС!

Балалар әдебиеті тәрбиенің темірқазығы іспеттес. Адам баласының қалыптасып қандай жолға түсері, азаматтық ұстанымы мен адамгершілігі, отансүйгіштігі  ата-ана тәрбиесі, өскен орта ықпалымен қатар бала күнінен бастап тыңдаған ертегісі,  оқыған шығармаларына тікелей қатысты екені анық. Адамзат баласы ерте заманнан бастап бала тәрбиесінде аңыз-ертегілерді, дастандар мен жырларды, жұмбақтарды кеңінен қолданған. Қай халықтың әдебиетін алып қарасаңыз да  балалар әдебиетінің орыны ерекше. Қазақ халқының бай ауыз әдебиетінде де балаларға арналған туындылар мол. Бабаларымыз бала тәрбиесіне, олардың жігерлі, алғыр, епті, зерек, білімді болып өсуіне ерекше мән берген. Өйткені жеке адамның болашағы ғана емес, тұтас ұлттың болашағы да ұрпағының қандай азамат болып қалыптасуына тікелей байланысты. Сондықтан кез келген дәуір әдебиетінің қайнар көзі балалар әдебиетінен бастау алатыны сөзсіз.

Балалар әдебиетіне қолдау мемлекет тарапынан әрдайым көрсетіліп келеді. Бірақта осынау ақпараттар ағыны толассыз тасқындап, бала санасын гаджет пен компьютердегі түрлі ойындар жаулап алған заманда, тәрбиелік мәні бар кітаптарды оқуға мойын бұрғызу оңай емесі белгілі. Осы жолда қыруар шаруа атқарылып та жатыр. Игі істердің іргелі жалғасы ретінде биыл «Балалар әдебиеті жылы» деп жарияланды. Бұл жоба қаламгер қауымға тың серпін берері сөзсіз.

«Балаларға базарлық» айдары арқыл бүгін ақын Қуат Адистің бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз. Оның есімі жұртшылыққа кеңінен таныс, өлеңдері шығармашылық ортада жоғары бағаланған. Қазіргі уақытта балалар әдебиетіне мол үлес қосып жүрген қаламгерлердің бірі. Қуаттың бүлдіршіндерге арналған өлеңдері өзіндік өрнегімен оқырмандарын бірден баурап алады, әр туындысының тілі шұрайлы, ұйқасы орамды. Сондықтан жеткіншектердің санасына бірден сіңіп тез жатталып қалады. Шығармаларының тақырып ауқымы өте кең.

Қуат Адис Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылында 1978 жылы 14 тамызда дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. «Көңіл керуені», «Қоңырбек пен Содырбек», «Кемпірқосақ» атты кітаптары жарық көрген. Өлеңдері «Жыр маржаны» атты қазақ поэзиясының он томдық антологиясына және бірнеше ұжымдық жыр-жинақтарға, сонымен бірге балғын оқырмандарға арналған шығармалары 2015 жылы ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси комитетінің тапсырысы бойынша шыққан «Бәсіре», «Тәтті алма» кітаптарына енген және республикалық балалар басылымдарында жиі жарияланып келеді.

 

 

 

ЕҢБЕК 

Таңмен тұрып таласып,

Шиқылдайды торғай да.

Жасыл қырдан әрі асып,

Ұшып кетті ол қайда?

 

Жеген астың бәрі адал,

Еңбек етсең жан қинап.

Бір тынбайды аралар,

Гүлге қонып бал жинап.

 

Қарсы қимыл қиынға,

Ол – еңбек қой, ұқса кім!

Жаңғақ жинап тиін де,

Жаз ойлап жүр қыс қамын.

 

Дән шығарды дөңбекке,

Құмырсқа да тырбанып,

Баулы өзіңді еңбекке,

Осылардан үлгі алып.

 

 

 

СИҚЫРЛЫ ҚЫЛҚАЛАМ

Таудай оның талабы,

Қолында ылғи қаламы.

Табиғатты тірілтіп,

Ақ қағазға салады.

 

Гүлдендіріп қаланы,

Түрлендіріп даланы.

Өзгертеді бір сәтте,

Сиқырлы қылқаламы.

 

Сүйкеп қалса қолы егер,

Тал-теректер көгерер.

Шыға келер одан соң,

Тауға айналып төбелер.

 

Биік таудың етегі –

Төрт түліктің мекені.

Құлыншағы бір сәтте,

Тайға айналып кетеді.

 

Түрлі бояу тұр тұнып,

Гүлдер өсті құлпырып.

Сары бояу жаққанда –

Шыға келер Күн күліп.

 

Бұлт арасы сөгілді,

Күннен шуақ төгілді.

Жеті түсті бояудан,

Кемпірқосақ көрінді.

 

Ақ бояу – тау бұлағы,

Жасыл бояу – құрағы.

Сұр бояуды жаққанда –

Тарғыл тастар шығады.

 

Көкшіл түс – көл болады,

Кемері тез толады.

Қоңыр бояу жаққанда –

Қаз-үйректер қонады.

 

Шөл даланың танабы,

Нуға айналып барады.

Сиқырлы екен расында,

Ерденнің қылқаламы.

 

 

 

БІЗ БИІКТЕ ТҰРАМЫЗ 

Жетелейді жолы алға,

Әкем менен анамның.

Біз ғана тек оларға,

Бар асылы ғаламның.

 

Жібітеді таңдайын,

Еміреніп ұл-қызын.

Дейді бізге әрдайым:

Айым, Күнім, Жұлдызым.

 

Биікте олар расында,

Созсаң қолың жетер ме?

Аспандағы асылға,

Теңей ме екен бекерге?

 

Жылуы бар қуатты,

Жетер барша үйге тең.

Күндей болып шуақты,

Күлімдесін дейді екен.

 

Тұрғанда түн бүркеніп,

Тіршілікте күй бөтен...

Қараңғыға нұр төгіп,

Айдай толсын дейді екен.

 

Мейірімнің жоқ шегі,

Бірақ, көңіл кейде кем...

Жұлдыздай боп көктегі,

Жарқырасын дейді екен.

 

Тілектері ізгі енді,

Тау-тасты да иіткен.

Тұрады екен біздерді,

Көргісі кеп биіктен.

 

 

 

БІРЛІК 

Бас бармақта – баға бар,

Балаң үйректе – таба бар.

Ортаң теректе – кісілік бар,

Кішкене бөбекте – кішілік бар.

Шылдыр шүмекте – өмір бар,

Алақанда – көңіл бар.

Жұдырықта – сес бар,

Білекте – күш бар.

Біріккенде барлығы,

Бітер үлкен іс бар.

 

 

 

КИІЗ ҮЙ

Атам жайды керегесін,

Шаңырағын көтерді әкем.

Болмаса да терезесі,

Бұл үй маған бөтен бе екен?!

 

Қойған былтыр буып бәрін,

Шешті әжеміз теңнің жібін.

Шанышты апам уықтарын,

Айналғандай жер кіндігін.

 

Ағамды да білдік, күшті,

Жапты үзігін, туырлығын.

Төбесіне түндік түсті,

Төгу үшін Күнім нұрын.

 

Сәнге алатын гүлден де үлгі,

Аттамайды дәстүрді ауыл.

Үйдің ішін түрлендірді,

Жеңгем ұстап басқұр-бауын.

 

Шаршаса да жүр көмекте,

Інім маған ере шыдап.

Үй тұрғыздық бір мезетте,

Балғасыз-ақ, шегесіз-ақ.

 

 

 

ҮЙ САЛАЙЫҚ БІРІГІП 

Кел, балалар тұрайық,

Қызық ойын қылайық.

Жеңімізді түрініп,

Үй салайық бірігіп.

 

Иықтарды қосайық,

Қабырғасын жасайық.

Міне, есігі – алдында,

Терезесі бар мұнда.

 

Салынған соң бөрене,

Шатыр болар төбеде.

Тұрды үйдің сұлбасы,

Ал, мынаусы – мұржасы.

 

 

 

ЖИҺАЗ

Үй салған соң әрлеп,

Қойғаның жөн сәндеп.

Әр бөлмеге лайық,

Жиһаз тұрса дәл кеп.

 

Көйлек, шапан, бөрік,

Сәні адамның, соны, ұқ!

Тұрмысыңа қажет,

Жиһаз да – үйге көрік.

 

 

 

ДӘРІГЕР 

«Талап – тұлпар» демей ме?!

Алсын атын танып ел.

Есейгенде Медине,

Болам дейді дәрігер.

 

Жарасып-ақ тұр аппақ,

Үстіндегі жидесі.

Қорқынышты бірақ та,

Қолындағы инесі.

 

Сауықтырар ол «емдеп»,

Апасы мен әкесін.

Ащы дәрі берем деп,

Жылатады бөпесін.

 

Мақтанады ол тағы,

Көңілін ел бөлгенге.

Бірақ, өзі қорқады,

Дәрігерді көргенде.

 

 

 

СЕЗІМ МҮШЕЛЕРІ 

Екі Көзім оқиды,

Кеудем оны тоқиды.

 

Ақыл айтса мұғалім,

Тыңдайды қос Құлағым.

 

Апельсин жеп тұр інім,

Сезді иісін Мұрыным.

 

Сұрап алып інімнен,

Дәмін таттым Тіліммен.

 

 

 

ЕРІНШЕКТІҢ ЕРМЕГІ

Жапырардай сол күймен,
Жау тұрса да жолында.
Ершат шықты төргі үйден,
Планшеті қолында.

 

 – Менде бәрі бар енді,
Демеңіздер күші кем.
Басқарамын әлемді,
Саусағымның ұшымен.

 

Оқымай-ақ кітапты,
Әлем тілін білемін.
Ойын деген тым тәтті,
Ғаламторға кіремін.

 

Қажет оған ақыл көп
және айла мен еп керек.
Алыптармен батыр боп,
Алысамын жекпе-жек.

 

Ән бе, күй ме, биің бе...
Үйретемін көпке мен.
Отырып-ақ үйімде,
Футбол ойнап, доп тебем.

 

Жарамдысын алысқа,
Таңдап түрі-түсінен.
Озып келем жарыста,
Көп көліктің ішінен.

 

Бұл басқа ойын, ал енді,
Кім тұрады жолыма?
Құтқарамын әлемді,
Қару алып қолыма.

 

Іздегенге мол дерек,
Көре аламын алысты.
Ғаламторда дөңгелеп,
Аралаймын ғарышты, –

 

Деп, балақай мақтанып,
Баса алмай тұр пәпігін.
Ал, әкесі оқталып,
Айтты ұлына ақылын.

 

– Апарады қайда алып,
Айтқанымды ұқпайсың.
Планшетке байланып,
Далаға бір шықпайсың.

 

Ғаламторды мақтайсың,
Балам, бәрін түсінем.
Бірақ, ғылым таппайсың,
Саусағыңның ұшымен.

 

Түрлі дертке себеп қой,
Болса бойың құрысқақ.
Қимыл жасау керек қой,
Таза ауамен тыныстап.

 

Ата-анаңның сөзі – үлгі,
Тыңдамасаң қиын-ды.
Сақтау керек көзіңді,
Сақтау керек миыңды.

 

Қозғалыссыз болмайды,
Данамын деп бөс, мейлі!
Ақыл-ойың толмайды,
Бойың биік өспейді.

 

Ғылым қусаң құба-құп,
Ой бәрінен озды алыс.
Бірақ, балам, мынаны ұқ:
Ғылым деген – қозғалыс!

 

 

 

ЖЫЛАМАСЫН, ЖЕР-АНА! 

Таза болсын даламыз,
Таза тұрсын қаламыз.
Аялайық бәріміз,
Жер де біздің Анамыз.

 

Әніміз ғой жаттаған,
Сәніміз ғой бақ, далам.
Жас шыбықты сындырма,
Жас өскінді таптама!

 

Жерге қоқыс тастама,
Айналаңды ластама!
Табиғатты аялап,
Үлгі бол сен басқаға!

 

Жердің бітер тынысын:
Шырындардың шынысы;
Кәмпиттердің қағазы;
Балмұздақтың ыдысы.

 

Дүкендегі бар тауар,
Артылады арқаға әр.
Пластмасса ойыншықтар,
Полиэтилен қалталар.

 

Және есепке ал, мұны:
Тұрмыстың көп қалдығы...
Жер-Анаға ауыр ғой,
Осылардың барлығы.

 

Перзентіне үнемі,
Ананың ақ тілегі.
Жер-Анамыз жылайды,
Жараланса жүрегі.

 

 

ШАҢЫРАҚТЫҢ ИЕСІ 

Әкесіне миятты ұл,

Көп нәрсені үйренген.

«Өскенде әкем сияқты

әке болам», – дейді Ерден.

 

Ұқсайды өзі түрі де,

Әкесі сәл кәрі, шын.

Қайталайды күніге,

Әкесінің әр ісін.

 

Әкесі де Ерденге,

Үлкен үміт артады.

Жұмысынан келгенде,

Әңгімеге тартады:

 

«Ата-анаңның ақылын,

Болашағым деп ұғын.

Жанымнан да жақыным,

Ізбасарым – сен, ұлым!

 

Бер бүгіннен серт енді,

Сөздің болар киесі.

Сен дейді оған ертеңгі,

Шаңырақтың иесі».

 

Ізденетін әрдайым,

Сүйсіндірер талабы.

Иіскейді маңдайын,

Арқасынан қағады.

 

Баласынбай, сүйіне

Өзіменен тең көрген.

Қонақ келсе үйіне,

Қарсы алады енді Ерден.

 

Емес оған олақ тым,

Жөнін, жолын біледі.

Ізетпенен қонақтың

Сырт киімін іледі.

 

Сүйсінесің ісіне,

Керек оны үлгі етпек.

Үйге келген кісіге,

Төрді ұсынар құрметтеп.

 

Алғыс пенен бата алған,

Ісінің жоқ қатесі.

Жолаушылап сапардан,

Оралғанда әкесі

 

Алақайлап жүгірмей,

Маң-маң басып барады.

– Әке, сендей болдым, – деп,

Маңғаздана қалады.

 

 

 

СӘПЕН МЕН ПЛАНШЕТ     

(Ертегі)

 

«Гүлденуде даламыз,

Түрленуде қаламыз.

Өркениетке лайық,

Білім алсын баламыз». –

 

деп әкесі Сәпенді,

Қолдап жүрер әрдайым.

Бір планшет әперді,

Ойлап сабақ жағдайын.

 

«Қимылдаса қол шебер,

Боласыңдар дос әлі.

Білмейтінің болса егер,

Саған ақыл қосады».

 

Балақайдың соңына,

Шаттық ерді дүбірлі.

Планшетті ап қолына,

Алақайлап жүгірді.

 

Уәде етіп үлгерді,

Жақсарады бағам деп.

Мен сабақтан күнде енді,

Кілең бестік алам деп.

 

Сөзінің жоқ қатесі,

Солай десе баласы.

Қуанбай ма әкесі,

Қуанбай ма анасы?!

 

«Ойыншық» екен түрі өзге,

Босатпайтын қос қолды.

Планшетпен лезде,

Тіл табысып, дос болды.

 

Сақта ереже, тәртібін,

Өз-өзіңе мықты бол!

Ойынның да бар түрін,

Білетін боп шықты ол.

 

Сабақ қалды жайында,

Кітаптары тұр налып.

Шым-шытырық ойынға,

Қалды лезде шырмалып.

 

Шығар қалай торынан,

Болмас па екен шектелсе?

Тастамайды қолынан,

Көзі ұйқыға кеткенше.

 

Оянып ап таңда ерте,

Планшетін қосады.

Ата-анасы сан мәрте,

Ескерту де жасады.

 

«Жүру үшін дара кеп,

Білім үйрен, ал әдеп.

Тәртібіңді түзе деп,

Сабағыңды қара деп».

 

Бірақ, оны ол ұқпайды,

Басына ақыл тұтпайды.

Ата-анасын тыңдамай,

Тек өз сөзін құптайды.

 

Зауқы да жоқ тамаққа,

Жүреді өзін бос алдап.

Үлгерімі сабаққа,

Кетті лезде нашарлап.

 

Десек те ойын дерт емес,

Бара жатыр қайда алып?

Отырады ерте-кеш,

Планшетке байланып.

 

Сабақ үсті алаң боп,

Тамақ үсті алаң боп.

Отырады ол үнемі,

Бар қызықтан қалам деп.

 

Ертегі оқып бір уақ,

Жинамайды ойға азық.

Доп қуалап күнұзақ,

Ойнамайды бой жазып.

 

Еңбек етпей жоқ дара,

Қозғалмасаң бос бәрі.

Аулада жүр топ бала –

Асыр салып достары.

 

Ал, бұл кіріп қуысқа,

Бірде отырар бұрышта.

Бірде үстелдің астында...

Осынысы дұрыс па?

 

Құмарлықтың жетегі,

Анық құрдым екені.

Планшеттің «қызуы»,

Көтеріліп кетеді.

 

«Сергітсеңші бойыңды,

Ойға қуат алайық.

Қойып бір сәт ойынды,

Бірге сабақ қарайық», –

 

десе, Сәпен көнбейді,

Ойынға әбден еліткен.

Жазуы да өнбейді,

Дәптерді ашса неліктен?

 

Сәтті болып қадамы әр,

Шығу үшін белеске.

Ата-анасын балалар,

Тыңдау керек емес пе?!

 

Планшеттің осы күн,

Көңілінің күйі анық.

Тәртібі үшін досының,

Жүр қазірде ұялып.

 

Ойын сырын білді кім,

Сәпенді жүр мәз қылып.

Ал, ата-ана жүр бүгін,

Планшетті жазғырып.

 

Ойнамайды жарасып,

Ондай бала кімге үлгі?

Інісімен таласып,

Экранын сындырды.

 

Таң атқаннан қалпынша,

Ойын ойнап бастайды.

Қуат көзі сарқылса,

Керек қылмай тастайды.

 

Жек көреді жұрт енді,

«Сәпен деген осы ма?».

Тыңдамайтын үлкенді,

Ренжіді ол досына.

 

Жетесіне жетер ме,

Қанша мәрте өтінді.

Сәпенменен бекерге,

Дос болдым деп өкінді.

 

Қанша жүріп қасында,

Танымапты расында.

Жаман бала екенін,

Білмепті ғой басында.

 

Озғанымен аты елден,

Өткізіпті бос күнін.

Ол ойланып Сәпенмен,

Үзді ақыры достығын.

 

Қылмақ керек енді не?

Соны ойланып жүр күнде.

Бір шешімге келді де,

Қашып кетті бір түнде.

 

Келмейді енді Сәпенге,

Берген ішкі серті осы.

Планшетін Сәпен де,

Таппай қалды ертесі.

 

Оралмады ол қайтып,

Берік екен сөзіне.

Ата-анасын тыңдайтын,

Дос іздеп жүр өзіне.

 

 

 

ЖЫЛ  БАСЫНА ТАЛАСҚАН ХАЙУАНАТТАР 

(Ертегі)

 

Қыс ақ тонын тастады,

Табиғат та түледі.

Қайта соға бастады,

Жер-Ананың жүрегі.

 

Жарды міне, бүр шыбық,

Көк те қаулап бой алды.

Қалғып кеткен тіршілік,

Қысқы ұйқыдан оянды.

 

Түрілді аспан түндігі,

Барша дүние мәз мүлде.

Күн мен Түннің кіндігі,

Теңеледі аз күнде.

 

Жетті жылы леппенен,

Жақсылықтың дерегі.

Жаңалықты ап көптеген,

Жыл жақындап келеді.

 

Тіршіліктің сыйы – құт,

Жақсылыққа бәрі асық.

Хайуанаттар жиылып,

Жатты өзара таласып.

 

Тұрса жылдың басында,

Бола қоймас бұл айып.

Қайсысы екен расында,

Жыл басына лайық?

 

Жылқы айтады: «Мен деген,

Жарысамын желменен.

Қосылғанда бәйгеге,

Топтың алдын бермегем.

 

Жеткен Ұрым, Қырымнан,

Күш-көлікпін бұрыннан.

Қыл аяғы адамдар,

Арқан ескен қылымнан.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Түйе айтады: «Бос мұның,

Маған жетпес ешкімің.

Мен болмасам алысқа,

Апарады көшті кім?

 

«Алып кеме шөлдегі»,

Деп атайды ел мені.

Қане, айтыңдар, кімде бар,

Күш пен төзім мендегі?

 

Демеймін мен: «Күтімге ал»,

Мені үлгі тұтыңдар!

Шудам – жылы жамылғы,

Шипа болар сүтім – бал.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Сиыр айтты: «Ерекпін,

Мен де адамға керекпін.

Мақтап, баптап жұрт дәйім,

Менен алар құрт-майын.

 

Бұлақ болып ағылар,

Айран-сүтім тағы бар.

Адамдарға пайдалы,

Бар ма мендей жануар?

Мен боламын Жыл басы!».

 

Қой айтады: «Қараңдар!

Маған жақын адамдар.

Жабағымды алады,

Киіз үйін жабады.

 

«Момыным», – деп сүйеді,

Менен киім киеді.

Әрбіріне шаруаның,

Менің пайдам тиеді.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Ит айтады: «Менің де,

Айтарым бар тегінде.

Сонау ескі заманнан,

Адал доспын адамға.

 

Ақылым бар алымды,

Айлам да бар шалымды.

Мен болмасам ұры алып,

Кетер еді бәріңді.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Тауық айтты: «Қойыңдар,

Жыл басынан ойым бар.

Менсіз уақыт тоқтайды,

Таң атып, күн батпайды.

 

Таң бозарып атқанда,

Ел ұйқыда жатқанда.

Шырқап әсем әнімді,

Оятамын бәріңді.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Барыс айтты айбатты,

«Менен кім бар қайратты?

Қарсы келген дұшпанды,

Қаһарыммен жайраттым.

 

Бойын күші кернеген,

Жатқа жолын бермеген.

Осы орман мен тау-тастың,

Қожасымын мен деген.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Доңыз шықты қорсылдап,

Ол да өзін зорсынбақ.

Менің де емес күшім кем,

Қаймығады тісімнен.

 

Бірақ, тимен ешкімге,

Көрсетпеймін сес мүлде.

Дұшпан оңым-солым да,

Тұрамасын тек жолымда.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Мешін айтты: «Тыңдаңдар!

Жылға лайық тұлғам бар.

Және де бар ақылым,

Адам менің жақыным.

 

Сәл күлкілі түр-өңім,

Оны өзім де білемін.

Айналама үнемі,

Көңіл сыйлап жүремін.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Қоян айтты: «Жүйрікпін,

Қауіп төнсе құйғыттым.

Сужүрек деп күле бер,

Ақылдымын, біледі ел!

 

Егеспеймін ешкіммен,

Тез көбейіп өстім мен.

Әрбір жылдан сый күттім,

Қалауым – тек бейбіт күн.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Жылан шықты ысқырып,

Жан-жағына күш қылып.

«Жолдан ары тұрыңдар,

Менен күшті кімің бар?

 

Ашумды білді ме,

Тісімде уым тұр, міне!

Шақсам тышқан түгілі,

Құлатамын пілді де.

Мен боламын Жыл басы!».

 

Ұлу келді жылыстап,

«Тыңдаңыздар дұрыстап.

Мекенім бар теңізде,

Құрлықтан да мені ізде!

 

Өз жолымды білемін,

Түзу менің тілегім.

«Үйшігімді» арқалап,

Көшіп-қонып жүремін.

Мен боламын Жыл басы!

 

Түн мен таңның арасы,

Мүлгіп орман көз ілді.

Ал, аңдардың таласы,

Тым ұзаққа созылды.

 

Таңғы шықтан тоңды алап,

Күншығыс жақ бозарды.

Келді-дағы жорғалап,

Тышқан былай сөз алды:

 

– Бүйте берсек, бұзылар,

Бірлігіміз жарасты.

Әр нәрсенің ізі бар,

Доғарайық таласты.

 

Түргенде таң түндігін,

Төккен шақта бұлбұл үн.

Сол болады Жыл басы,

Көрсе Күнді кім бұрын.

 

Деді, – Тышқан қуланып,

Аңдар оны құптады.

...Бәрі Күнді тұр бағып,

Жыл басына шыққалы.

 

Түйе қамсыз, бойы бар,

Көремін деп Жылды алғаш.

Тышқанның да ойы бар,

Жылдан ол да құр қалмас...

 

Құшағына сыр түйіп,

Түн пердесі сөгілді.

Көкжиектен қылтиып,

Күн құлағы көрінді.

 

Тышқан көріп, қарсы алды,

Шыққан күнді алдымен.

Алақайлап жар салды,

Жаңғырықты таңғы дем.

 

«Міне, маған қонды бақ,

Жыл басына Иемін».

...Отыр еді ол бірақ,

Өркешінде Түйенің.

 

Алғаш көрген жарықты,

Қулығы оның анық-ты...

Ал, аңғалдау Түйеміз,

Жылға ілінбей қалыпты.

 




Көрілген: 830    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 14.04.2021, 10:00

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Наурыз, 12:44
    Серік Нұғыман: ТІС

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31