Балаларға базарлық

Нұртан Төлепбергенұлы: ӘРІПТЕРДЕН БАСТАЛАР, АУЫЛДАР МЕН ҚАЛАЛАР

  • Нұртан Төлепбергенұлы: ӘРІПТЕРДЕН БАСТАЛАР, АУЫЛДАР МЕН ҚАЛАЛАР

    Нұртан Төлепбергенұлы: ӘРІПТЕРДЕН БАСТАЛАР, АУЫЛДАР МЕН ҚАЛАЛАР

Әріптерден басталар

Ауылдар мен қалалар.

Бәрін есте сақтап ал,

Кел, жаттайық, балалар!

 

А дегенім – Астана,

Еліміздің тынысы,

Қазаққа болған бас қала,

Алматының «інісі». 

 

Алатаудың әр тасы,

Аршасы мен шыршасы,

Алматымнан басталған

Өнер мен білім ордасы.

 

Алатаудың шыңынан

Нұр шашып тұр арай – Күн,

Көктөбеге шығып ап,

Гүл қалама қараймын.   

 

Ақтөбе мен Арқалық

Қазақтың көркем қаласы,

Біледі оны бар халық,

Атақты Торғай даласы.

 

Мәрмар тасы әр берген,

Жарасады мақтауға.

Әр қалаға сән берген,

Бір барып қайт Ақтауға.

 

Мұнаралар бой созған,

Атыраудың аспаны,

Аягөзден басталған

Махаббаттың дастаны.

 

Ә дегенім - Әлмерек –

Жаңа ауыл атауы.

Әулиеата керемет,

Көне қазақ шаһары. 

 

Атамұра – күмбездер

Қала мен ауыл ажары.

Әулиеата маңында

Айша – Бибі мазары.

 

Әр қаланың әсем бір

Келбеті бар, көркі бар.

Көркем күйін көңіліңе,

Домбырамен шертіп ал.

 

Б дегенім – Балқашым,

Мыс пен мырыш – байлығым.

Бурабайдың әр тасын

Аймалайды Ай – Күнім.

 

Байқоңырдан ғарышқа,

Ұшты алып кемелер.

Ұшар кейін Марсқа,

Немерем, не шөберем.

 

Іле өзені ағынды,

Бар суын арна жияды.

Бақанастың маңында

Балқаш көліне  құяды.

 

Жер мен елдің ырысын

Қазағым бірден байқаған.

Ақдала сыйлап күрішін,

Байлығын сыйлар Байқадам.

 

Г дегенім – Гурьев,

Қазіргі аты – Атырау.

Ақжайығым – жерұйық,

Мұнайшылар батыр-ау!

 

Алматының іргесі –

Көрікті ауыл – Гүлдала.

Гүлдалаға іргелес

Талғардай көркем бір қала. 

 

Д  дегенім – Дегерес,

Сәйгүліктер баптаған.

Бәйге де бір «ерегес»,

Қазақ олсыз жатпаған.

 

Игілікке жаратқан,

Доссордың мол мұнайын.

Алпауыттар таласқан,

Сақтай гөр өзің, Құдайым! 

 

Е деген ол – Есік қой,

Алатаудың бөктері.

Ерейментау несіп қой,

Сонау қиыр шеттегі.

 

Қазып, тасып жатырмыз

Екібастұздың көмірін.

Баскесер Ермак «батырың»

Қиыпты қазақ өмірін. 

 

Ж дегенім – Жезқазған,

Сапырған мыс пен мырышын.

Жездіде көп кен қазған,

Еселеп елдің ырысын.

 

Жаркенттен басталған

Шекаралық кеденім,

Жаңаарқада жалғасқан,

Ән мен жырым, өлеңім.

 

Жерімде байлық жетеді,

Қасиетті асыл тастарым.

Фосфорын мақтан етеді

Жаңатастағы достарым.

 

Жалағаш стансасында

Еседі баяу бір ызғар,

Ары-бері асыға

Жүйткиді жүйрік поездар.

 

Жалаңаштың тауы жартасты.

Көлсайы көркем, көрікті.

Қарағай, шырша, аршасын,

Құдайым сыйға беріпті. 

 

З дегенім – Зайсан ғой,

Балығы жүзген көлінде.

Замандасым жайсаң ғой,

Жайдары жан, көңілді.

 

Кім білмейді Зеренді,

Алтайдың бір алқасын.

Ақындар арнап өлеңді,

Жырлап өткен әр тасын. 

 

К –  Көкшетау – кербезім,

Көркіңе сенің көз жетпес,

Табиғат салған өрнегім -

Бурабай мен Оқжетпес.

 

Кегенге досым келіп кет,

Қымызға тойып қайтасың.

Қарқара жайлауын көріп кет,

«Сарыжайлауымды» айтасың.

 

Кентауым болған мақтаны,

Оңтүстік Қазақстанның.

Арайлап атқан ақ таңы

Дарытты бойға күш-дарын. 

 

Қ  дегенім – Қорғалжын,

Үйрек ұшып, қаз қонған.

Қарағандыда – «қара алтын»,

Қаратауда кен қазған.

 

Қордайда шырқап асқақ ән,

Думанмен таңын атырған.

Қызылорда мен Қостанай,

Дән маржанын сапырған. 

 

Құмды жағалауда жағажай,

Теңіздің салқын самалы-ай,

Жасанды теңіз жағалай

Салынған қала Қапшағай.

 

Қарқаралы – жердің жанаты,

Баяу жел ескен қырқадан.

Біржандай сері, таланты

Әніне қосып шырқаған. 

 

«Тыңда Қастек, Қаскелең...», -

Деп жазған Жамбыл жыр қандай!?

Қарасай батыр қасқайып,

Қарауылдап, қорғап тұрғандай.

 

«Қазығұрттың басында кеме қалған»

Деген аңыз шындық па, әлде жалған?

Қазақ айтса әр сөзін қалп айтпайды,

Мұнда теңіз болмаса неге қалған? 

 

Ұл-қыздары дарынды,

Жайлауы жазда құлпырған.

Қасиетті Қарасазымда

Мұқағалидай ұл туған.

 

Мекке – Мединеге «отау үй»,

Бабалар қоныс тепкен жер.

Қожа Ахмет Яссауи

Ғұлама ғалым өскен жер.

 

Л дегенім – Лепсі ғой,

Тоғыз жолдың торабы.

Легімен келіп поездар,

Шығысқа жүйткіп барады.

 

Леңгірге барсаң – қонақжай,

Қазағым қарсы алады.

Айтатын әні – «Қамажай»,

Қыздардың мөлдір жанары.

 

М дегенім – Маралды,

Маралды десе – маралды.

Махаббат билеп санаңды,

Саласың тағы сол әнді. 

 

Мақаншы мен Марқакөл

Ағайындас ауылдар,

Меркеде сұлу ару мол,

Бурныйда күшті дауыл бар. 

 

Н дегенім – Нарынқол,

Хантәңірім – қалқаным.

Хангелді батыр жинап қол,

Шығарған жаудың талқанын.

 

Бір қиырда – Нарын құм,

Еділ мен Жайық арасы,

Ата жаумен айқасқан

Махамбеттей арысы. 

 

О дегенім – Орал ғой,

Батыстағы бай қала.

Арнасында Ақжайық

Ағып жатыр жай ғана.

 

Ойжайлауда салған ән

Ойылға барып жетеді.

Құт-береке дарыған

Қазақтың байтақ мекені. 

 

Бабалар жолын жалғады,

Еліміз сеніп, артты үміт.

Отанның болат қорғаны

Отарда жатыр жаттығып.

 

Батырлар жаумен айқасқан,

Жүректерінің оты бар,

Жазылған талай жыр-дастан,

Қаһарман қала Отырар.

 

Майданда да, тылда да,

Тастамай найза, қалқанын,

Орбұлақ шайқасында да

Шығарған жаудың талқанын. 

 

Темірланға бардың ба,

Еліме жайған атағын?

Мұражайы бар мұнда

Қажымұқан палуан атаның.

 

Береке-бірлік бастауы

Ордабасыдан басталар.

Қазақтың болса қас жауы

Ынтымағымыздан жасқанар.

 

Бурабай көлін көрдің бе?

Мақтауға тіптен сөз жетпес!

Сән-салтанаты көлдің де –

Көрікті шыңы Оқжетпес. 

 

Ө дегенім - Өскемен,

Кен байлығы тасыған.

Ертісінде көп кемем

Өрлей жүзген асыға.

 

Сыйлады Жаңаөзенім

Ағыл да-тегіл мұнайын.

Рахатын көріп өз елім,

Жарылқаса екен Құдайым!

 

Атамыз қазақ бас иген

Ақыны мен батырға.

Көрікті әсем қалашық

Өтеген батыр атында. 

 

П дегенім – Павлодар,

Қазақша аты – Кереку.

Озбырлық жасап оспадар,

Өзгерді талай жер мен су.

 

Петропавл да ежелден

Атақоныс қой қазаққа.

Қайран қазақ, сезем мен,

Көнген ғой азап-тозаққа... 

 

Р дегенім – Райымбек

Батыр баба ауданы.

Тяньшань тауы көк тіреп,

Елімнің болған қорғаны.

 

Рауандап атқан әр таңын,

Рахаттана қарсы алам.

Райымбек баба әруағы

Әрқашан қолдап-қоршаған

 

Халқы үшін түскен азапқа,

Күрескен игі іс қылып.

Қайсар бір ұлы қазақтың –

Қайраткер Тұрар Рысқұлов. 

 

С дегенім – Семей ғой,

Атоммен жайған «атағын».

Өңірі толған өлең ғой,

Елінде Абай, Шәкәрім.

Сарыағаш санаториінде

Сауығып қайтсаң керемет!

Шипалы су мол жерімде,

«Есентукиің» не керек?!

 

Сарыжаз жайлы толғанам,

Лабасы таудың етегі.

Сарыжазда тұрып салсаң ән,

Қарасазыма жетеді. 

 

Т дегенім – Түркістан,

Мекке Мединеге «отау үй».

Әулие бабам нұр құшқан,

Қожа Ахмет Яассауи.

 

Жетісу – жердің жәннаты,

Жайнаған Талдықорғаным.

Талғарым жайып қанатын

Талбесік болып орнадың.

 

Көрікті қала, көк аспан,

Нұрлы, Нұра даласы.

Елбасымызға жол ашқан –

Теміртаудың қаласы. 

 

Талдыбұлақ та тамаша,

Талғардай жайнар құлпырып.

Алатауменен жараса

Жалғасқан жақсы тіршілік.

 

Алатау менен Қаратау

Бір атаның ұлындай.

Тараз қаласы тамаша-ау,

Кенен атамның жырындай. 

 

Ұ қаріпі бір сыр маған,

Ұлылықтың бейне бастауы.

Жамбыл ата жырлаған,

Ұзынағашта жыр мен дастанын.

 

«Ұлытауға шықтың ба,

Ұлар етін жедің бе?»

Осы аңызды жұрттың да

Айтуы әсте тегін бе?!

 

Ү дегенім – Үжар ғой,

Үржардай үлкен ауыл бар.

Үшаралда күнде думан-той,

Құда, жекжат, бауыр бар.

 

Үшқоңырдың жайлауы –

Жағалай қонған қойлы ауыл.

«Қойлы ауыл қазір қайда бұл?» -

Деген үлкен ойдамын... 

 

Х дегенім – Хантәңірі,

Шығыста қорғар қалқаным.

Хангелдіні қорғап Тәңірі,

Шығарған жаудың талқанын.

 

Тяньшанның тау мен тасы да

Елімді жаудан қорғасқан.

Хорғастың шекарасы да

«Жібек жолымен» жалғасқан. 

 

Ш дегенім – Шардара,

Теңізі тулап, шалқыған,

Шымкентім көне, бай қала,

Қазақтың иісі аңқыған.

 

Талай талант, сазгерлер,

Ақындар өскен ауыл бір.

Шәмшідей дарын туған жер,

Қасиетті мекен Шәуілдір.

 

Бар қазақтың мақтаны –

Шымбұлақтың шатқалы.

Дүниежүзілік универсиада

Ел намысын ақтады.

 

Жеріме байлық, бақ қонған,

Арайлап атқан ақ таңы,

Талайға таңдай қақтырған

Шарынның көркем шатқалы.

 

Бау-бақша өскен ауылдың

Шонжыға көбі жетпейді.

Жегенде қарбыз, қауынын

Дәмі ауыздан кетпейді.

 

Білмейтін жан аз Шелекті,

Қыздары тым зеректі.

Жайқалған турфан теректі,

Көшесі көк желекті.

 

І дегенім – Іле өзені,

Құяр жері – Қапшағай.

Қапшағай - өмір өзегі,

Жағалай салған жағажай.

 

Аралап шықсаң да жер бетін,

Жер жетпес біздің өлкеге.

Қастеев салған суретін,

Жазиралы жайлау Шәлкөде.

 

Щучинскіде – шипажай,

Оны да біздің көз көрген.

Орысша атауы тұр солай,

Күні болар ма өзгерген?

 

Іргесі елдің сөгілмей,

Қалмасақ ұлы сапарда,

Іргелі алып қалалар

Қосылар еді қатарға.

 

У,В,Ц,И,Й,Ъ,Ь,Һ,Ю,Я әріптеріне

Келмейді қала атауы.

Қазақтың сөз төркіні

Бұлардан алшақ жатады.

 

Қазақстанның байлығы –

Жазира байтақ дала бар.

Әлемге аты әйгілі

Салынар талай қалалар.

 




Көрілген: 1426    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 10.03.2021, 12:23

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Наурыз, 12:44
    Серік Нұғыман: ТІС

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31