Балаларға базарлық

ШЕГЕМДІК ҚЫЗ (әңгіме)

  • ШЕГЕМДІК ҚЫЗ (әңгіме)

    ШЕГЕМДІК ҚЫЗ (әңгіме)

Әбдікерім Мұратов қырғыздың жазушысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. 1956 жылы 17-мамырда Қырғызстанның Ош облысында дүниеге келген. 1976 жылы Ош мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін аяқтаған. Бірнеше прозалық кітаптардың авторы қазір Бішкек қаласында тұрады.

Әбдікерім МҰРАТОВ, қырғыз жазушысы

Қырғыз тілінен аударған – Гүлнұр Қыранбайқызы

2019 жылғы тамыз.

 

ШЕГЕМДІК ҚЫЗ (әңгіме)

-         Ата, биылғы саяхатымыз Кавказға болайын деп тұр! – Келіні үйге кірген бойда, көйлегімен туфлиіне, тіпті сырға-сақинасына дейін бір түстес қол сөмкесін ақтарып-ақтарып, қайын атасының қолына жолдама қағазды ұстата салды.

Кавказ дегенде Сәміш өзгеше күйге енді. Кавказ! Кавказ! Мұны қанша жыл күтті дейсің! Ұлы мен келіні дүниенің небір керемет жерлерін көрсетті. Бірақ Кавказ туралы бір ауыз сөз болмаған еді осыған дейін. Құдай іштей тілеген ниетіне жеткізіп, енді, міне, Кавказды көру де бұйырайын деді. Кім білсін, осы сапары ақырғысы шығар. Сексен деген оңай жас емес. Әлі де қайратты сияқты, бірақ ұл-қызына ілесіп жүре алмай ентігіп қалады. Әсіресе, былтыр Меккеге – Ұмраға барғанда мұнысы қатты сезілді. Биыл балаларына «енді ешқайда бармай-ақ қойсам» дегісі келген өзі, енді осылай, Кавказға жол  түскен екен, «тәуекел, осы ақырғысы болсын» деп бас изеп келісе берді.

***

Орталық Азиядан Казказға бет алған туристер Ташкентте түгел жиналды. Содан Астрахань, ол жерден Краснодарға ұшты.

Краснодардан Нальчикке автобусқа отырғаннан Сәмішті ой басты. Оған қоса автобустың алдыңғы орындығына өзін жалғыз отырғызып қоймасы бар ма, зіңгіттей жүргізуші «ақсақалды көрсе тәртіп сақшылары баса-көктеп ішке кіріп келмейді» деп, күректей қолдарымен жауырынынан қағып-қағып қойды. Ұлы мен келіні артқа қарай өтіп кетті – отызға кірсе де, жастың аты – жас, жас болса да тұрақты бизнестері бар, бір ғана айыбы – бала сүймей жүр, әлде әдейі ме – бұларды кім білсін?..

Автобус түп-түзу таспа жолдарды біртіндеп жұтып, оған қоса жол бойындағы жеміс бақтарын, егінжайларды, бірдей етіп келістіріп тұрғызылған көше жиегіндегі екі-үш қабат үйлерді артқа тастап, Сәміштің көңілін көтергенімен, бір бұйығы сезім жүрегін әлсін-әлі толқытып барады...

***

Бәріне әкесі кінәлі ме, не өзі ме – қазірге дейін мұның аражігін ажырата алар емес...

***

1954 жылдың тамызының соңғы күндері қапырығы мен аптап ыстығының күші әлі қайтпаған Ош Сәмішті гуіл-дүрілі, айқай-ұйқайымен күтіп алды. Әр-әр жерде Сталиннің суреттері, айтқан сөздері Лениндікінен де көбейіп кетіпті. Әкесі жайлауда қарағанның түтініне ыстап, сүрлеп, өзі айтқандай бір қыс сақталатындай етіп даярлап қойған, оған қоса жалбыз бен киікотына орап, бір емес, екі қоржынға салып берген қойдың еті енді анық бас ауруға айналды.

-  Ендеше жақсы, бар, жақсы оқы! – деді де әкесі ұлын Ошқа баратын жүк таксилер тұрған жерге дейін атпен алып келіп, соғыстан қалған полуторка деген қара көліктің кузовын жауып, адамдар, мал-сал, жүк-пүк салатын жерге таза сабан төсеп қойған екен, сабанның үстіне жамбастай кеткенде осыған дейін айтып келгендерін құлағына қайтадан құйды: – Етті ағайларыңа бер, Тоқтағұл жыршы жүрген Арым жайлауынікі, әкем өзі баққан деп айтсаң мұғалімдерің түсінеді, үйіне дейін жеткізіп бер, қыста бір жеп жырғап қалсын! Анаңның қаттама шелпегі де бар!

Сәміш Ошқа жеткен соң, жүк таксилер бекетіне жапсарлас Ақбураның бойындағы шайханаға екі қоржынды арқалап кіріп барды.

Шайхана іші құж-құж. Шетінде есек арбалар, аттар, есектер түгілі, астына пая төселген сиырлар да қаңтарылып тұр. Тәбетін ашып, құрылдаған құрсағын қытықтап, сілекейін ағызып, арғы жақтағы шағын қазандардан палаудың, қуырдақтың, сорпаның, шәуленің керемет иісі келеді.

Шайханашы чапай мұртты, зыпылдаған ақ шашты ала тақия, ала шапанды өзбек кісі, жас баланы бала екен демей жаны қалмай қарсы алды да, алдына жайпақ табаққа салып бір шәйнек көк шай, бір күлше нан, бір ұрттам шай әрең құйылатын тас кесе алып келді. Үлкенірек тас кесеге құйылған бір тістем еті бар сорпаны да ағаш қасығымен тарс еткізді.

–       Алыңыз, ағасы! – деді нанды алты-жетіге бөле сындырып, шай кесеге жартыдан азырақ етіп көк шайын құйып, оң қолымен балаға ұсынып, сол қолын көкірегіне басып.

Содан оқта-текте қоржынға әуестене қарай беріп, ақыры шыдамай сұрай салды:

–       Бұл не, дос?

–       Ет. Бір ісектің еті.

–       Оны қайтпексің?

–       Ағайларға берем.

–       А,  студентсің бе?

–       Иә. Жаңадан түстім.

–       Қайсысына?

–       Пединститутқа. Инфакқа.

–       Ее, жақсы болған екен. Қой қарыз боп қалдың ба? Қой беріп өттің бе?

–       Жоқ. Өзім өттім. Әкем ағайыңа бер дегеннен кейін амалсыз көтеріп келдім. Бізде әкемнің айтқаны – заң, ешқайсымыз ол кісіге қарсы шыға алмаймыз.

–       Ал ағайыңның үйін білесің бе?

–       Үйін емес, өзін де білмеймін. 

–       Онда қайтіп оған бір қойдың етін бүтіндей бересің?

–       Ертең сабаққа келмей ме. Сол жерге алып барып бере саламын.

–       Оо, құрғыр, басың әлі піспеген бала екенсің ғой? Біріншіден, сабақты бір ғана мұғалімнен оқымайсың, әр сабақтан әртүрлі мұғалім дәріс береді, одан қалса, екіншіден, инфактың мұғалімдері өңшең орыстар, сені пара берді деп өз қоржыныңа өзіңді бүктеп салып, түрмеге тығады да жібереді, ей.

Сәміш ойланып қалды.

–       Онда не істесемекен? – деді желкесін қасып.

–       Қоржындарың менде тұрсын. Мына шайхананың түбінен Ақбураның бір диірмен мұздай суы қысы-жазы гүрілдеп ағады да тұрады, жағасы ылғалды, сол жерге қоямын. Бір кісі тимейді. Қалаған кезіңде алып кетесің...

***

Қазір Кавказ тауларына бет ала зымырап бара жатып Сәміш сол кісіні, оның шайханасын, сол шайханадағы студенттік күндерін көз алдынан бір өткізіп алды.

***

Бұлардың тобы үш қызды қоспағанда түгел ұлдар екен. Қыздардың бірі – Фатима Мокоева. Қарлығаштың қанатындай мұқият терілген қиғаш қара қастарының астында күлімдеп тұрған көздері, уылжыған тап-таза беті, нұр шашып тұрғандай адамды өзіне бірден баурап алатын ажарлы жүзі, арқасына тастап қойған өрілген ұзын, қос бұрымы, ешкімдікіне ұқсамаған, өз қолымен кестеленген орамалы, көбелектің қанаттарындай желбіреген кең көйлегі оны басқа қыздардан кәдімгідей ерекшелеп тұратын. Студенттердің бәрі оның Кавказдан қуғын-сүргін кезінде келгенін білгенімен, бірінші оқу күні ол жайында сұрауға ешкімінің батылы бармады. Қала берсе келгендеріне де он жылдай болып, бәрі қырғызша оқып, қырғыз тілінде сөйлейтін болған. Фатима да қырғызша тақылдап сөйлейді, сөйлеп қана қоймай, қырғызша келісті әндетіп, өзбекше ашула айтып жіберетіні де бірінші күннен-ақ бәріне ұнады.

Екінші күні сабақ аяқталып, студенттер тарап жатқанда Сәміш тартыншақтап, қысыла-қымтырыла Фатиманың жанына барды:

–       Сізге бірдеме айтсам бола ма?

–       Болмағанда, сезімнен басқасының бәрін айтуға болады! – Қыз өзгеше бір назымен, бал-бұл жанған көздерімен жігітке тік қарап жымиды. – Біз енді курстаспыз ғой...

–       Қай жерде тұрасыздар?

–       Енді осылай дейсіздер... Не болды? Біздің тұратын жеріміз не үшін қажет бола қалды? Кім сұрап жатыр? Сұрақтарың әлі біткен жоқ па?!  Қыз ызалана бастады.

–       Жо-жоқ. Олай ойлама. Әкем бір қойдың етін беріп жіберіп еді...

–       Қызық. Бізге ме?

–       Сіздерге емес. Бірақ мен сіздерге берейін дегем.

–       Неге бізге?

–       Білмеймін. Бізде ең бірінші меймандарға береді! – Жігіт сөз тапқанына мәз болып, алдыға жүріп кеткен қыздың артынан ерді.

– Төлейкенде, Ақбураның бойында,  – деді қыз бір кезде біраз ашылып.

Шынымен де, олар қырғыздардан көп ілтипат көрді. 1944 жылы әйелдер мерекесі өтісімен, 9 наурызда таудағысын – таудан, үйдегісін – үйден көлікке қой тиегендей тиеп, не бір жетіскен мүлкі жоқ, не бір тышқақ лағы жоқ – айдап жіберген екен. Сонда балқарлар тарыдай шашылды. Мокоевтар Оштың үстімен Төлейкенге түсті. Фатиманың өзінен үлкен екі ағасы – Әніс пен Дәністан бөлек екі інісі, екі сіңлісі бар, әке-шешесі Кавказдан келгеннен кейін жерсінбеді ме, ұдайы екі күннің бірінде төсек тартып қалатын. Екеуі де «сүйегіміз Шегемге жетпей қала ма» деп, Сталинді қарғап зар қаққанда жанында тұра алмайсың. Сол үшін бәрі ұл-қыз демей ауылдан жұмыс болса да істей береді: арба айдайды, шөп шабады, ағаш бұтайды, мақта терімге шығады, жүгері шабады, картоп суарады, қорадан тезек қопарады. Алғаш келгендерінде көрші қырғыздар бір-бір лақтан беріп, ешкілі болып, солардың түбітін тарап, киюге жарайтын бір нәрселерді тоқып алғанымен, ішер астан бәрібір таршылық көріп, нан-сумен лаждап күн көреді.

Фатиманың курстасының ұсынысына үндемей қалғаны да, үйіне қалай, қай жолмен бару керегін, бірақ елдің көзіне түспей, қас қарайып, қараңғылық түскенде ғана бару керегін ескерткенініңде себебі сол болса керек.

***

Туристеравтобусы Кавказ жерлерін аралай бастады. Сәміштің жүрегі өрекпи тулап, тыныш табар емес. Оған қоса жол бойындағы балқарларды, қарашайларды көрген сайын бір жылы сезім қаусаған денесін аралап кетті.

***

Бір өзбектің есек арбасын арзанға жалдап, жатақханада бірге тұрып жатқан Әділ досын алып, екеуі екі қоржынды арқалап, тас жолмен күн батқанда Төлейкенге жол тартты. Фатима айтып берген жерді – су айрығын оңай тапты. Ай да дөңгеленіп шыға келді. Бір кезде айдың жарығында екі қарайған сұлба көрініп, бұлардың жанына жылдам жетіп келді.

–        Сәміш деген қайсысың?! – деді келгендердің бірі.

–       Мен! – Сәміш абдырап, дауысы құмығып шықты.

–       Мен – Әніс, мынау– Дәніс! – деді екі ағайындының үлкені Сәміштің қолын қатты қысып. – Енді былай... Фатима айтты, енді ол қызбен сөйлеспеңдер! Арбаларыңды сүйреп, артымнан еріңдер!

Өзбек арбакеш қорыққанынын дауысы қалтырап, есектеріне «хы, хы» дегенге әрең жарады. Әніс пен Дәніс бұларды жаяу ертіп, қайта Ошқа тартты. Жаңа шаһардың бір көшесіне келгенде «Балалар үйі» деген жерге тоқтады. 

–       Етіңді осы жерге бер! – деді Әніс.

Әділ мен Сәміш екі қоржынды балабақша қарауылының жанына қойып шыққанша әлгілер кетіп қалыпты. 

–       Қарындасымызды жайына қалдыр деді! – қалтырап-дірілдеп, қорқынышын әзер басқан арбакеш өзбек бұларға  жәрдем сұрағандай жалтақтай берді...

***

Автобус Нальчикке келіп туристерге арналған мейманхананың алдына тоқтай салысымен, майда-шүйде сатқандар бұлар жаққа жүгірді. – Келіңдер, – деп жар салған қыздар, кемпірлер – бәрі қолдарына бірдеме ұстаған.

Бір қыз, шамамен он жеті-он сегіздерде болса керек, Сәміштің қолына орамал ұстатты:

–       О, конак, конак, иги жайлук, иги жайлук!

Бір сөзді қайта-қайта қайталайды екен. Сәміш қолындағы бұйыммен ісі де болмай, жаулықты қолына ұстаған қалпында, әлдеқашанғы бір оқиғаны есіне алып, тұрған жерінде мүсіндей қатты да қалды.

***

Фатима ертеңіне сабаққа келмеді. Оның ертесінде де көрінбеді.

Сәміш сабақтың аяғына дейін шыдай алмады. Шыға салдыда, Ақбураны бойлап Қоңыржазға тартты. Неге екенін білмейді, бірақ Төлейкенге – қыздың үйіне тура барудан тайсалды. Арғы жағадағы Төлейкен Қоңыржаздан алақандағыдай анық көрінеді, ортада Ақбура ғана жатыр. Фатималардың үйі жақсы көрінетіндей жерді тауып, су бойында қалың өскен шырғанақтардың арасына сүңгіді. Бір кезде... Әне – күткен сәт, күткен сұлба... Сол бейне – қып-қызыл көйлек киген бейне үйден шықты да, кермеге жуған кірлерін жайып, қайта үйге кіріп кетті. Сол кірген бойдан көрінбей қалды. Күтті. Күтті. Күні бойы отырып, айнала қараңғылық құшағына енгенде ғана Сәміш орнынан тұрып, ұйып қалған аяқтарын әрі қуана, әрі жындана төмпештеп төмен жаққа – жатақханасына бет алды.

Арадан сенбі, жексенбі өтіп, Сәміш баяғы шырғанақ түбінде мөлиіп отырғанымен, қыздың сұлбасы көрінбеді, әкесін, бауырларын, анасын көрді – бір ғана Фатима жоқ.

Дүйсенбі күні Фатима сабаққа келді. Мұңды көздері Сәмішке ұрлана қараса да, бірдемеге айыптыдай жалтарады.

Сабақтан тарап жатқанда Фатима байқаусыз келіп, Сәміштің қолына кішкентай бір түйіншекті ұстатты. Бірақ бір ауыз сөз айтқан жоқ.

Сәміш Әділге де қарамай өзінің шайханасына қарай ұшты. «Әкә» деп алған баяғы чапай мұрт шайханашы наны мен шайын алып келгенше, шыдамай, түйіншекті ашты.

Ішінде әрбіреуін бөлек-бөлек орап, қағазбен жазып қойған бұйымдары бар екен: «Бұл әкеңе – өз қолыммен қой терісінен тіккен жейде: тауда киіп жүрсін!», «Бұл анаңа – өзім тоқыдым: шәлі жаулық, аман болсын!», «Бұл өзіңе – өзім тоқыған шұлық: аяғың жылы жүрсін!», «Бұл жіпке тізілген дәнектер мен құрғатылған қақтар – інілеріңе: тату болсын!»

Бұларды оқып, түйіншекті бір жақтан ұрлап келгендей, Сәміш жатсынып біраз отырды. Миығында – күлкі, ішінде дүрліктірген бір ыстық қан ойнап, нан-шайға аузы бармады.

–       Шай іш, балам! – Шайханашы «әкәсі» биқасап шапанының бір етегін белбеуіне қайырып қыстырып келіп қалғанда ғана есін жиып, тандырдан енді ғана шыққан, үзілген ыстық нанға қолын созды.

Жалғасы бар




Көрілген: 1257    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 19.04.2021, 10:06

Достарыңмен бөліс:



  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Наурыз, 12:44
    Серік Нұғыман: ТІС

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31