Ақылбайдың бел суы

14 қыркүйек 2011, 12:05

...Көпсақау уақ руының қонысы екен. Қонысының олай аталуы, бір қауым туыстардың дені сақау болса керек. Арғы жағындағы арасы жарты шақырымнан салынған екі қора, алдындағы Қараған Ақтамақ қорасы, Ақтамақ қарағаны аталады. Бұл қоныстағы ағайындар да 1930 жылдардағы аштықта ірге көтерсе керек. Оны сол көп сақаудың бірі Жұмаш қарт айтқан еді.
Ал Ақтамақты Ақылбай ақынмен бай­ла­нысты сөйлеуге керек. Ақыл ағаң Құ­нан­бай мырза кенжесі саналып, неде болсын, ер­кін, алшаң жүрген ақынның «Ата-анаға көз қуаныш» өлеңінде ұнамаудың сарыны болуы да Ақыл ағаңның жауапсыздау жү­ріс-тұрысынан болған секілді.
Ақтамақ атанған келіншектің есімі Кө­кен екен. Ақыл ағаң құмартып, Көкенге құш­тарлық көңілін білдіріп, сөз салса, келіншек Ақыл ағаң сөзін не терістемейді, не құптаса да орындамай, сөзбұйдаға са­лып, жігіттің төзімін тауысыпты-мыс. Ақыл­бай Көкенге арнап: «Асықтық сәлем айттым Көкеніме, жүре берме әркімнің жетегіне», – деп, өлеңді әнге де орапты. Қайыр­ма­сын­да:
«Көкен қалқам,
Саған айтам.
Қақтап сиыр саумасаң,
Сені кайтем»,
– дейді.
Осынша Ақыл ағаң ынтығы Көкен көркі ерекше болған. Жұрт лақаптап келіншекті Ақтамақ атандырғанда, біздің жұрт ауылды Ақтамақ ауылы, қарағанды да Ақтамақ қа­ра­ғаны деп атап кеткен.
Енді Итжонның етегімен жүргенде Ақ­та­мақ қонысынан үш шақырымдық мүйіс­тен өте бергенде, қалың қарағанды күзе жа­тыр. Бұл – Әйгерім күзеулігі. Күзеу қор­ға­ны, күзек тамының да іргетасы жатыр. Осы күзеуден шығысқа қарай үлкен алқап, адыр тесінде және бір қоныс – Ақылбайдың бел суы аталатын қоныс бар. Аты белдегі су болғанмен, бастау деуге лайық сияқты орын. Әйгерім күзеулігі мен Байтөбет қыс­тағының арақашықтығы бес шақырым. Осы екі ортадағы төбеде үлкен бір құла­ма­ған қыстау орны 1961 жылға дейін тұратын. Сол кездегі ұжым басшылары сол орынды «Әйгерім күзегі» атап, 1000 қойлық қыстақ салып, оны 1969 жылы тастап кеткен-тін. Сөйт­сек, ол орын Өскембайдың үшінші ба­ла­сы Жақыптың немересі Қырбасұлы Қо­жах­меттің 20-жылдарда салдырған қорасы екен. Төрт-бес жылдан артық қыстамаса керек. Қожахмет Меккеге барған қажы кү­зеулігі – Тышқан бауырындағы Қожа ады­ры аталған жер. Күзеу орны бүгін бар.
Біз Тышқан биігі мен Аралтөбе, Бай­ға­был, Бөрілі тау төбелеріне де жеттік. Тыш­қан – Еренайдың Ақбиігімен жалғасып, Тал­дыбұлақты бауырына алып тұратын зор қабырға. Тышқан деген тетемдік, киелі атау десек те, қашан да, әсіресе қыста биік үсті тышқан арқасындай бір сызық болып көрінеді. Бұл биік аты соған ұқсатылып қойылған. Тышқан биігі іші-тысы бауыр же­рі­нің Шыңғысы аталады. Бауырдың қан­дай қатты қысы болсын, осыдан бастап, Арал­төбе, Байғабыл – Бөрілі еліне өзге жерден жеңілдеу тиеді. Жер жадысын, мал жайын білер кісіге бұл өлкеде жайылысы болмайтын қыс сирек те.
Тышқан, Талдыбұлақ Ақылбай Абай­ұлы­ның, оның бала, немерелерінің ата қо­нысы болған. Басында Ақылбай Нұрғаным қолында өскен шақтан бұл маңды күзеу етіп, кейіннен 1875-1880 жылдарда қора-жай салса керек. Нұрғанымның кейінде Құ­тайба қолына ауысып, Тесіпшыққаннан қора салғызып, Үлкен Ақшоқыға, Құнекең зиратына жерлегенін айтқанбыз. Тышқанда үлкен зират бар. Сол зиратта Ақылбайға әкесінің әлемдік мерекесіне байланысты Маңғыстаудың ұлутасынан тұрғызылған кереге там тұр. Біз білетіндерден зиратта Ақыл ағаңнан өзге бәйбішесі Бағила, жас­тай өлген Әлімқұлұлы Тайыр, Әлімқұлдың өзі жерленген. Ақыл аға дүние салған соң, бұл қонысқа Әлімқұл ие болады.