Ақылбайдың жалғыз әні хақында

14 қыркүйек 2011, 12:17

Бір ән тауып Әлекең бер                    
                         деген соң,
Матай да алыс бірталай                          
                   жер деген соң.
Он минутта ойыма  
                      осы ән түсті,
Қапаш-құпаш қолымды              
                     сермеген соң
,

– деп басталатын «Ақыл­бай­дың әнін» әнсүйер әлеу­мет­тің бірталайы біледі. Ра­сында, Абайдың ақын ұлы Ақылбайдың артына өлең, поэма қалдырғанын қарапайым халық білмеуі де мүмкін. Дегенмен елдің құлағына «Қыз Жібек» фильміндегі Төлегеннің әні бо­лып жетіп, халқының сүйік­ті әніне айналған әнді Ақыл­­байдың шығаратын жөні бар.
Ақылбайдың ақындығымен қоса, ән шы­ғаратын композиторлық өнерінің бо­луы­на оның музыкаға құмарлығы себепші болса керек. Абай мұражайындағы қол­жаз­ба қорындағы Ақылбайдың замандасы Ра­қым­жан Мамырзақовтың естелігінде Ақыл­байдың сан қырлы өнері баяндалған: «Ақылбай сауықшыл, әнші, скрипкашы бо­латын... Домбырада қазақтың «Азамат қо­жа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қал­­ша» деген ескі күйлерін тартатын. Скрип­­када Абайдың әншісі атанған Мұ­қа­дан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін тар­­татын. Дойбы ойынында Ақылбайды ұтатын адам бола қойған жоқ».
Шыңғыстау өңірінде Ақылбайдың әй­гілі бұл әнінен басқа әндері болған деседі. Ол туралы абайтанушы Қайым Мұ­ха­мед­хан­ұлы да жазған еді: «Өз ойынан шы­ғар­ған біз білетін екі әні бар. Біріншісі – «Ішік ки­дім бұлғыннан кәмшат жаға». Екіншісіне «мынандай өлеңмен айтылады» деп, жоғарыдағы біз келтірген «Ақылбайдың әнінің» алғашқы шумағын жазыпты.
Қайым ата айтып отырған «Ішік кидім бұл­ғыннан кәмшат жаға» дегені – бізге мәлім «Ақылбайдың әнінің» екінші шу­ма­ғы. Тек бұл жерде орын­дау­шы­лардың бізге жеткізген нұс­қа­сындағы сөзінде өзге­ше­лік­тер бар:
– Ішік кидім бұлғыннан
                         құндыз жаға,
Жас дәуренді өткіздім
                         бермей баға.
Ақылжан деп тұрушы еді
                    талай қыздар,
Сұмдық шықты
           дейтұғын Ақыл аға.

Бұл әнді әншілер қауымы Қазақ ССР Ха­лық әртісі Жүсіпбек Еле­бе­ков­тің орын­дауын­да үйреніп, ай­тып жүр. Негізгі жет­кі­зушісі – жа­зу­шы Мұхтар Әуезов. Мұхаң­ның аузынан осы әнді Жүсіпбек атамыз алып қалғанда, жары Хабиба да куә бол­ған. Қағылез апамыз ол ту­ралы өзі айтып бер­ген еді.
Хабиба ЕЛЕБЕКОВА, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Шараның (Жиенқұлова – автор) Болат дейтін баласы үй­леніп жатқанда, тойдан соң бір топ адам қалып қойды. Мұқаң марқұм: «Сен­дер өңшең әнші­лер жиналып отыр екен­сіңдер, мен сен­дерге бір ән үй­ретейін», – деді. Мұх­­тар­дың ән сал­ға­нын әлі ешкім естіген жоқ қой, елдің бә­рінің есі шығып кетті. «Қайсың бұрын үй­ренсеңдер, со­ған бәй­ге береміз», – деп күлді. Сөйтті-дағы ал­дымен әннің туу тарихын баян­дап берді: «Абайдың әншісі Әл­ма­ғам­бет­тің бір баласы дәулетті қайын жұр­тына барғалы жатып: «Оларды дүние апарып таңғалдыра алмаймыз, бір жақ­сы ән шығарып беріңіз, соны айтып ба­­райық», – деп Ақылбайға қолқа са­лып­ты. Тегінде Ақылбай Абайдың өзі ең осал санаған баласы болса керек. Сол осалдау баласының өзі небары бес-он минутта осы әнді шығарып тас­тап­ты», – деп Мұқаң шырқай жөнелді. Менің нені болсын, тез қағып ала қоя­тын зеректігім бар. Жүсекең оны біледі, сол үшін де «есіңде сақтап ал» деген ниетпен мені түртіп қалды. Ортамызда Кү­ләш пен Құрманбек те бар. Әнді Мұ­қаң екі рет айтқанда, алдымен солар қа­ғып алды. Үшінші айтқанда – Жү­секең, төртінші айтқанда Манарбек үй­рен­ді. Қазір ойлап қарасам, егер сол кез­де Мұқаң әнді айтпағанда, «Ақыл­бай­дың әні» бұл күнге жетер ме еді, жет­пес пе еді, кім білсін?!.
Тегінде әнде «10 минутта ойыма түсті» дегендей, қас-қағым сәтте ән тудыру бү­гін­гі композиторларға қол болмаса ке­рек. Бұрынғының сал-серілері өлеңді суы­рып­са­латыны сынды, ән де, әуен, мақам да ерекше шабыттанғанда туатын болар?!
Әннің туу тарихын Қ.Мұхамедханұлы «Абай­дың ақын шәкірттері» кітабында Ақылбайға тоқталғанда, былайша баян етіпті: «Бұл кейінгі әнді Матай еліне, Абай­дың бір баласы, Ақылбайдың інісі Тұ­раш­тың қайнына, күйеу жолдас болып ба­ра­рын­да әнші Әлмағанбет: «Ақыл аға, бір жаңа ән тауып берші», – дегенде қолма-қол айтып берген әні екен».

Түйін
Ақын-композитор Ақылбайдың артында қалды деген небәрі екі әнінің бірі ғана жетіп, екіншісі ұмыт болған. «Ұмытылған екен» деп, жабулы қазан күйінде қалдырмай, әлі іздеу қажет. Бәлкім, табылып та қалар.