Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Ақылбайдың шапшаңдығы

14 қыркүйек 2011, 12:09

Есіл Мұхаңның эпопеясын оқымаған адам тек Семей топырағы, Абай ауылы ғана емес, иісі қазақтан табылмас, сірә. Себебі өзеннің бір ғана тамшысынан сол дария суының бүкіл химиялық құрамын анықтауға болатыны сияқты, осы шығарма арқылы бүкіл халқымыздың өмір тынысына, салт-санасына, мінез-құлқына, әдет-ғұрпына терең бойлауға мүмкіндік аласыз. Әрине, онда да Абайдың өзі айтқанындай, оқырманның «көңілсіз құлақ – ойға олақ» дәрежесінде болмауы шарт екені өзінен-өзі түсінікті.
Абайдың бүкіл тірлік-тынысын әйел­де­рінен, балаларынан, ағайын-туысынан бө­ліп қарауға әсте болмайды. Роман-эпо­пея­да Абайдың алғаш ақ некемен қосылған бәй­бішесі Ділдә адуындау, біршама сабыр­сыз­дау кейіпте көрінгенімен, оның сонау Қазыбек биден үзілмей келе жатқан тәр­биеден тәлім алған текті адам болғанын ешкім де теріске шығара алмақ емес.
Осы пікірге дәлел ретінде ел аузынан жет­кен мына бір оқиғаны баяндап кө­релік.
Бірде Ділдә жайлауға шығарда, үй жи­һаз­дарын қақтырып жатқанда жұрттың көзі алтынмен зерленген бір әдемі тонға тү­седі. Сөйтсе, бұл Ділдә ұзатылғанда төр­кі­нінен бірге келген асыл бұйымдардың бірі екен. Осы киімді неше жыл бүлдірмей сақтап келе жатқан Ділдәнің ұқыптылығына жұрт жылы лебіз білдіріп жатады, әлгі тон­ды «мен кием, мен кием» деп Абайдың бүкіл балалары таласа бастайды. Сонда Ділдә тұрып:
– Алсаң, менің төркінімді мақтап та­бан астында өлең шығарғандарың ғана ала­сың. Және де кімнің өлеңі жақсы шықса,  со­ған берем, – деген екен. Осы сәт Ақыл­бай сайрап қоя береді:
– Арғы атаң – ер Қазыбек әулие өткен,
Дүниеден опасы жоқ ол да кеткен.
«Я, бабам, қолдай гөр»
                                       деп сиынғанда,
Аруағы сол сағатта келіп жеткен.
Бекболат асып туған асыл заттан,
Ол-дағы сыйынғанын жебеп жатқан.
Билеген Абылайдан Орта жүзді,
Қитығына тигенін сайғақтатқан.
Тіленші одан туып, ел билеген,
Арғынға одан қорқып, жан тимеген.
Билікте бұйырғаны ғаділ шығып,
Тентегі мен телісі зар илеген.
Алшынбай – атасынан сары қасқа,
Бір адам сөз айтпаған одан басқа.
Біреуді аға сұлтан қоям десе,
Ешбір жан ешқашан бас шайқамас та.
Өзіме мырза Түсіп – нағашы ата,
Сөзімде, кешіріңіз, болса қата.
Атаңды арғы-бергі түгел айттым,
Аруағын нағашымның тонға сата,
– деп, тонды бас салғанда, Абайдың басқа балалары іркіліп қала берген екен.
Ділдә ең алдымен ұлы ақынның өз ба­ла­ларын Абай ауылының ақындық дәс­тү­ріне тәрбиелеуге көңіл бөлгенін бай­қай­мыз.