Қасиетті Рамазан айына орай, Керекуде тарауық намазына қаланың шалғайдағы аудандардан келушілерді тасымалдайтын арнайы автобустар шығарылды. Бұл – Павлодардағы Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Нариман Исеновтің ұсынысы.
Сөйтіп, тарауық намазының бірінші күнінен бастап, соңына дейін үш автобус қаланың үш бағыты бойынша жүргізіледі. Мәселен, бірінші маршрут Дачный шағын ауданы бағытына жүрсе, екіншісі Химгородок және Лесозауыт аудандары тұрғындарын жеткізеді. Ал үшінші бағыттағы автобус Усолка шағын ауданына қатынайды. Автобустың жолақысы әдеттегідей – бір жолаушыға 50 теңге. Мәшһүр Жүсіп мешіті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, биылғы Рамазан айын жергілікті мұсылман қауым айтарлықтай жетістіктермен қарсы алып отыр. Атап айтсақ, мешіттің үлкен залына облыс әкімінің қолдауымен толықтай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, діни шаралар мен жабдықтар өткізуге әбден қолайландырылыпты. Сонымен қатар облыс орталығындағы Әбу Бәкір Сыддық медресесінің ғимараты үлкейтіліп, қажетті құралдармен жабдықталыпты. Бұл – жамағаттың ислам дініне көптеп бет бұруына мүмкіндік жасалуда деген сөз.
Марат АСЫЛБЕКОВ, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі көлік секторының меңгерушісі:
– Рамазан айы жылына бір рет қана келетін қасиетті ай болғандықтан, тарауық намазына қатысушыларға қолайлы болсын деген мақсатпен, кешкі мезгілде қосымша автобустар шығарып отырмыз. Бұл – жыл сайынғы үрдіс. Біраз уақыттан бері қасиетті Рамазан айы жаз мезгілімен тұспа-тұс келуде. Тарауық намазы аяталғанша қаладағы барлық қоғамдық көліктер тоқтайды. Енді тұрғындар түнде намаздан шыққан соң такси жалдап шабылмайды, арнайы шығарылған автобуспен қатынайтын болады.
Арнайы автобус тарауық намазына апарады
10 шілде 2013, 13:26
