Халал қаржы қайда бар?

16 қараша 2010, 14:02

Бүгіндері еліміздің қаржы жүйесіне ислами қаржы институттары дендей еніп отыр. Әйтсе де қазіргі қалыптасқан әлемдік қаржы жүйесі мен ислами жүйенің айырмашылығын әлі де біле бермейміз. Сырттай қараған адамға екі жүйе де қарызға берген ақшаны бәрібір өсімімен қайырып алатын жүйе тәрізді көрінеді. Ал ислам қаржы жүйесінің ерекшелігі неде, қарыз бере отырып, оның өсімінен қалай бас тартуға болады? Қарыз алу қалайша мойынға қамыт кию емес, керісінше, іскерліктің бастамасы болмақ?
Өсімқорлық тарихы
Өсімқорлықтың тарихы тереңде жатыр. Өсімақы тіпті әлі ақша пайда болмаған бағзы замандардан басталады. Біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мыңжылдықта ежелгі Вавилонда, Крит-микендер өркениетінде, кейінірек Шумерлерде, Қытайда натуралды айырбас негізінде пайда болған өсімақы алғашқы ақша белгілері айналысқа енісімен, бірден кең таралған құбылысқа айналды. Өйткені еңбек­теніп, тер төгіп ақша тапқаннан гөрі, қолдағы жинал­ған капиталды қаржыға мұқтаж еңбек адамына өсімге беріп қою анағұрлым оңай да тиімді болатыны белгілі.
Әйтсе де өсімқорлық қоғамға зиянды құбылыс ретінде әрдайым айыпталып келді. Вавилон патшасы Хаммурапидің заңдарынан бастап, ассириялық және хетт заңдары, Библия (Исход, Левит) және Құран (2,3 сүрелері) өсімқорлыққа шектеу қойып, немесе толықтай тыйым салғаны белгілі. Ежелгі Рим заңдары бойынша өсімқор ұрыдан да жаман саналған. Платон, Сенека, Цицерон, Аристотель тәрізді адамзаттың ұстаздары да «ақша өзінен-өзі туындап, ақша жасамауы тиіс» деп есептеген. Әйтсе де ресми билік пен діни билік өсімқорлыққа теріс көзқараста болуына қарамастан, бұл құбылыстың біртіндеп белең алып, бүгіндері бар әлемді жаулап алуына не себеп? Мәселе мұнда қай діннің қандай қағида ұстанғанына байланысты болса керек.
Тора не дейді?
Негізінде иудейлердің діни кітабы Тора да өсімқорлыққа қарсы шығады («нағыз діндар өсімге ақша бермейді және өсім алмайды», Йехезк, 18:8). Бірақ бұл жағдай иудейлерге ғана қатысты болған («Менің халқыма қарызға ақша бергенде оны қыспаққа алма, ондан өсім алушы болма» Шмот, 22:4), ал өзге халықтарға деген ұстанымы бөлек («өз бауырыңның қарызын кеш, ал жатжұрттықты қыспаққа алуыңа болады» Шмот, 22:24). Өзге діндер өсімқорлықты тыюға, тым болмаса, шектеу қоюға тырысып отырса, Тора керісінше оны басты кәсіп санайды («...көптеген халықтарға қарыз беретін боласың, ал өзің қарыз алма, сол арқылы барлық халықтарға үстемдік ететін боласың, ал олар саған үстемдік ете алмайды» Дварим, 15:6). Бұл ұстаным жемісін берді ме, жоқ па,  оған бүгінгі өсімге сүйенген әлемдік қаржылық жүйенің қалыптасқан архитектурасы дәл жауап бере алады. Әлемнің қаржы алпауыттарының басым бөлігі осы дін өкілдері, демек, әлемдік экономикаға да, әлемдік саясатқа да ықпал етіп отырғандар кімдер екені белгілі.
Христиандардың ұстанымы
Библия да әуел баста өсімқорлыққа тыйым салады, ал қарыз алатындарды өзім және өзге деп бөлмейді («өз жауларыңды сүйіңдер, мейірім жасаңдар, өсімін күтпей қарыз беріңдер» Лука, 6:35). Орта ғасырда олар да өсімқорлықты барынша айыптады, діннен аластады, барынша күресіп бақты. Орта ғасырларда Европада бұл құбылысқа 17 Рим папасы, 28 собор тыйым салды. Англияда – 1341 жылы, Францияда –1312 жылы, 1286 жы­лы Италияда өсімқорлыққа мемлекеттің өзі ресми тыйым салды. Мысалы, Пиза қаласында өсім­қорлардың қалада тұруына, Верона қаласында олардың қала және қала маңына енуіне тыйым болса, Голландияда 1647 жылға дейін олар шіркеуге жіберілмеген. Бірақ сауда мен өндірістің дамуы ұдайы айналымға қаржы талап еткендіктен, ақшаға деген сұраныс өте жоғары бола бастады. Біртіндеп оның тиімді салаға айналғаны сонша, ортағасырлық еуропалық діни институттардың өзі ірі қарыз беру­шіге, өсімқорлықтың ордасына айналды. Өсімге негізделген қазіргі қаржылық жүйенің негізін қа­лаған Тамплиерлер Орденінің сол кездегі Еуропада құдіретті болғаны сондай, талай елдер олармен билікпен де, жерімен де, қамал, қала­ларымен де бөлісуіне тура келген. Қазіргі қаржы­лық жүйенің көптеген түсініктерін, тер­миндерін де солар қалыптастырған. Бір қызығы, католикалық шіркеу ХІХ ғасырдың ортасына дейін бұл мәселеге нақты пәтуа шығармаған. Қазір де бұл мәселе жөніндегі діни таластар бола қалғанның өзінде мәселе оны айыптауға емес, қандай процентті құдайға жағымды деп тануға болатынына тіреледі. «Алтын көрген періште» осылайша жолдан тайды.
Ислам жүйесі несімен ерекше?
Өзгелерге майдай жаққан өсімқорлыққа бірден тыйым салып, 15 ғасыр бойы Құран қағидасын («Алла саудаға рұхсат берді және рибаға тыйым салды», 2:275) нық ұстап келе жатқан мұсылмандар қазіргі қаржы жүйесінен қағыс қалғанымен, кедейленіп қалған жоқ. Олар шариғат принциптеріне сүйенген балама, халал қаржы жүйесін құра білді.
Мұнда ақшаны берген күннен бастап, оның өсімі тынымсыз жүрмейді, несие мерзімі кешіккен сайын өсім үстіне үстеме қосылмайды, банк кез келген жобаға өз қаржысымен қатысып, оның табысын да, шығынын да бірдей бөліседі. Демек, қарыз алушының бар табысын бірден сорып алуға тырыс­пайды, керісінше, оның тез аяқтан тұрып кетуіне, жобасын тиімді жүзеге асыруына мүдделі. Екі жақ та жұмысын ашық, жария жүргізгеннен кейін мұнда қаржылық қулық-сұмдықтарға да орын жоқ. Нақты жобаға бағытталатын болғандықтан, мұнда құны миллиардтаған доллар тұратын жасанды құнды қағаздар да жоқ, яғни, өтірік дефолттар мен төтенше дағдарыстарға да шыдамды. Бұл жүйе де дәстүрлі қаржы жүйесі ұсынатын қызметтердің бәрін көрсете алады. Қазір ислами жүйедегі банктердің активтері 2 триллион долларға жуықтады, АҚШ-тың өзінде бұл жүйеде 400-ге жуық банк жұмыс істейді.
Демек, еліміздің тиісті заңнамаларға өзгерістер енгізе отырып, отандық қаржы жүйесі таза ұстанымға негізделген жолға қадам басуы еліміз үшін игіліктің бастамасы болмақ.