ҚҰРБАННЫҢ ХИКМЕТI
Қоғамда әл-әуқаты жоғары байлар және орта жағдайдағы адамдармен қатар жылдар бойы ет жемей, ашқұрсақ болып ғұмыр кешетiн қаншама сiңiрi шыққан кедейлер бар. Көбiне мұндай адамдар алақанын жаюға арланып, ешкiмнен көмек сұрай қоймайды. Құрбан айт мейрамы осындай жоқ-жiтiктер үшiн Алланың жасаған шарапаты болып табылады. Құрбан айттағы илаһи жарылқаумен жоқ-жiтiктердiң көңiлдерi райланып, қоғамның байлығын бiрге бөлiседi. Бұл әлеуметте әдiлеттiлiктiң сақталып, адамдардың бiр-бiрiне деген құрметi мен сүйiспеншiлiгiн арттырады.
Бұл күнi мұсылмандардың жүрегiнде достық, бауырмашылдық, сүйiспеншiлiк, өзара құрмет, шер бөлiсу, бiр-бiрiне қол ұшын беру секiлдi сезiмдерi атқақтап тұрады. Бұл күнi жеккөрушiлiк сезiм суалып, өшпендiлiктiң тасы ерiп сала бередi. Ұлы Жаратушының ризашылығы үшiн шалынған құрбанның қаны адамдардың жүрегiндегi кiр-қоқыс пен көңiлiндегi пенделiктiң сыңғырын жуып-шайып, оның орнына сүйiспеншiлiктiң гүлi қауыз жарады.
ҚҰРБАН ШАЛУДЫҢ ШАРТТАРЫ
Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның хадис-шарифтерiнде «Құрбан шалыңыз. Өйткенi бұл – бабаңыз Ибрахимнiң сүннетi. Жағдайы түзелген шақта (дiни өлшем бойынша бай болған кезiңiзде) құрбан шалмаған адам, бiздiң маңайымызға (намазхандарымызға, мешiттерiмiзге) жақындамасын» деген.
Әрбiр муким (бiр жерде тұрақты тұрушы) дiни өлшем бойынша ынсап мөлшерiнде материалдық жағдайы болса, құрбан шалуға мiндеттi болып табылады. Имам Мұхаммед секiлдi ғалымдардың көзқарасы бойынша құрбан шалу үшiн ақыл есi бүтiн болуы және балиғат жасына толуы шарт болғанмен, Имам Ағзам мен Имам Юсуфтың пiкiрiнше, бұл екi шартсыз да қамқоршылар олардың атынан құрбан шала алады. Құрбан шалудағы материалдық ынсап мөлшерi, пiтiр садақасын беруi тиiс материалдық жағдаймен мөлшерлес болып табылады (екi жүз дирхем күмiс мөлшерiнде мүлкi болса). Құрбандағы материалдық жағдайдың ынсап мөлшерiнде болуы, зекет берудегi материалдық жағдайдың бiр жыл уақыттың өтуiмен өлшенбейдi. Бiр мұсылман кедей болып, дәл құрбан шалу уақытында материалдық жағдайы түзелген болса, оған құрбан шалу уажiп саналады. Керiсiнше, материалдық жағдайы жақсы бiр мұсылманның құрбан шалар сәтте материалдық жағдайы күрт төмендеп кеткен болса, ол мұсылманға құрбан шалу уажiп болмайды.
Жоғарыдағы айтылған екiншi хадис-шарифке қарағанда материалдық жағдайы түзелген мұсылман себепсiзден-себепсiз құрбан шалмаған болса, оның жағдайы ауыр екендiгi айтылады. Сондықтан ынсап жағдайы бар әрбiр мұсылманның құрбан шалуы аса маңызды.
ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛУ – БЕРЕКЕТКЕ СЕБЕП
Айт күндері құрбан шалу – ғибадат. Ал құрбандық шалудағы ең маңызды жайт оны – Аллаға арнап сою. Ниеттің адалдығы жай ғана істің өзін ғибадатқа айналдырады. Құрбандыққа шалынған мал – Жаратушының берген ризығы болғандықтан, етін сол жанұя мүшелерімен қоса, кедей-кепшіктер де жейді. Күнделікті өмірде жағдайы тым нашар адамдардың бар екенін ұмытпаған жөн. Мұсылман ғалымдардың айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру – уәжіп. Имам Ғазали өз шығармаларының бiрiнде сахабалардың жеткiзуiмен: «Ұлы Жаратушыға жасалған тiлектiң қабыл болатын төрт күнi бар дейді. Олар: Жұма күнi, Арафа күнi, Құрбан айттың бiрiншi күнi және Пiтiр-садақа таратылған күн». Иншалла, Хақ-Тағаланың назарындағы барша мұсылман қауымының тiлегi қабыл болып, Құрбан айт мерекесiнiң сауабын иеленiп, бұл дүниеде һәм ақырет күнi иманы берiк, жүзi жарық бола берсiн деп тiлеймiз.
Құрбан айт – құтты мереке
16 қараша 2010, 13:04
