Шығыс жұрты Пайғамбар сақалын тамашалады

10 шілде 2013, 13:24

Он екі айдың сұлтаны саналатын қасиетті Рамазан айы қарсаңында Шығыс Қазақстанға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазірет келіп кетті.
Ол әуелі Зайсан ауданы Жарсу елді мекенінде ауылдық мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, жергілікті жамағатпен жүздесті. Бұдан кейін Өскеменге арнайы келіп, облыстық мешітте мұсылман бауырларға Алматыдан өзімен бірге ала келген Алланың сүйікті елшісі Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) бір тал мүбәрак сақалын көрсетті. Оның айтуынша, Рамазан айының қарсаңында соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мүбәрак сақалының бір талын өзімен бірге ала келіп көрсету, тек бір Алланың разылығы үшін ауыз бекітіп, құлшылық қылуға бекінген мұсылман жұртының жүректеріндегі иманын күшейтіп, рухани байлығын арттыра түсуге ықпалын тигізбек. Оның үстіне, бұл тәбәрік елімізде ең бірінші болып Шығысқа әкелініп отыр. Тәрбиелік мәні терең, тағылымды іске мешіт жамағатымен бірге Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов та қатысып, Ержан қажы Малғажыұлына аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың атынан иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:
– Қасиетті Ораза айы қарсаңында Зайсан ауданындағы Жарсу ауылында үлкен бір мешіт ашылып, соған қатыстым. Жалпы, бүгінде ғибадатханалардың ашылып жатқаны өте дұрыс, әсіресе, ауылдық жерлерде. Өйткені біз ауыл жастарын дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керек. Ертең ол жастарымыз қалаға келгенде діни сауатсыздықтан жат ағымдардың жетегінде кетуі ықтимал. Сондықтан оларды жастайынан тәрбиелеп, үйретуіміз керек. Осы ретте мешіттердің тигізер пайдасы зор.