Ерменді жерде ер өлмес

Ерменді жерде ер өлмес

Қазақ емшілері киелі ерменнің ем болмайтын ауруы жоқ дейді. Жер шарында оның 200-ге тарта түрі бар. Ал біздің дархан даламызда 84-ке тарта түрі өседі екен. Осы ермен шөбіне қатысты өзім куә болған бір оқиғаны баяндап бермекпін.

Мен 15-16 жасымда қатты жөтеліп ауырдым. Ауылдың дәрігері пенициллин, стрептомицин салып емдеп еді, нәтиже болмады. Ауру созылмалы түрге өткеннен үздіксіз жөтеліп, лоқсып, быжылдаған ақ көбік тастайтын болдым. Тамаққа тәбетім болмай, мүлде әлсіреп қалдым. 5-6 қадам жүрсем ентігіп, отырып қала беремін. Үш айға жуықтаған уақытта анам мені көрші совхозда тұратын Мұратбек есімді тәуіп кісіге алып барды. Ол кісі тамырымды ұстап көрді де:

– Бала бозөкпе деген кеселге ұшырапты. Мұны дәрігерлер өкпеқұрт ауруының бастауы деп ауруханаға ұзақ уақыт жатқызып қояды, – деді.

– Бұл ауру неден болады сонда? – деді апам.

– Жас бала ғой, ойын ойнайды, әртүрлі жарыстарға қатысып жүгіреді. Одан соң ентігін баспай, терлеп келген бойы мұздай су ішеді. Содан өкпе самалдайды. Жас балалар әдепкі жөтелге мән бермейді. Кейін ол созылмалы түрге өтеді. Оны емдеу қиындайды. Одан соң, кейде моншаға түсіп, денесі балбырап отырғанда шөліркеп мұздай су ішеді. Ол да осындай кеселге ұшыратады, – деді ата.

– Бұған қандай ем бұйырасыз?

– Таулы жерлерде, тау етегінде ақ ермен деген жусан өседі. Басқа жусандардан айырмашылығы – гүлінің әрбір қауашағы негізгі сабағына, шие жемісі сияқты жеке-жеке жіңішке бау арқылы бекиді. Өзіне тән, жанға жағымды иісі болады. Басқа жусандардың бәрінің иісі ашқылтым өткір келеді. Ал бұл жусанның түсі ашық ауа көк, жапырақтары ұзынша сопақтау. Міне, сол жусанның бір уысқа жуық гүл қауашақтарын эмаль ыдысқа салып, екі литр су құйып, бір литр қалғанша баяу қайнату керек. Одан соң суытып, сүзіп, жарты литрлік екі шыны бөтелкеге құясыз. Әр бөтелкеге он данадан қара мейіз салып, аузын тығындап, жылы жерге ашытуға қояды. Мейіз қалқып шыға бастаған уақ ашыған болып есептеледі. Үш-төрт күнде ашиды деуге болады. Содан күнде таңертең ашқарынға 30 грамм шамасында ішеді. (Ағаш қасықпен бір қасық. Он үш жастан кіші балаларға шай қасықтан). Бір емдеу курсына осы екі бөтелке толық жетеді.

(Жас балаларға – бір бөтелке). Онша әсері болмаған жағдайда екі-үш айдан кейін қайталауға болады. Дәрі ішіп жүрген кезде күріштің майдасынан боза салып бер, кіші дәретке көбірек шыққаны мақұл, ол өкпеге қанның көбірек баруына әсер етеді, қарын жолдарының жұмысын жақсартады, – деді Мұратбек ата.

Содан апам таулы аймақтарда тұратын бір ағайындарымыздан әлгі жусанды тауып келіп, тәуіп ата айтқандай етіп дайындап ішкізді. Кеселімнен толық айығып кеттім. Кейін тау жақта тұратын ағайын ағамның үйіне барып жүріп әлгі жусаннан үйге көп етіп әкеліп қоятын болдым. Көп адамға көмектестім десем болады. Тіпті кейбіреулер менде сондай жусанның бар екенін естіп, жөтеліп ауырған көкпарға шабатын аттарына да ем жасау үшін алып кетіп жүрді.

Бір жолы совхозымыздың 6-шы фермасына зоотехник болып ауыстым. Келгеніме үш-төрт ай болған еді. Бір шопан апайдың баласы ылғи ауруханада жататынын байқадым. Шалы қайтыс болып кеткен, отарды баласы екеуі бағатын еді. Баласы үйленбеген, жасы 20-да екен.

– Апай, мен келгелі балаңыз ауруханада жатады, ауруы не еді? – деп сұрадым бір жолы мал санап жүріп.

– Бес-алты ай болды, туберкулездің бастама кезеңі деп жатқызып қойып еді. Алдымызда – қыс, бір өзім әбіржідім. Кеше қайынағамның бір баласын жәрдемге сұрап алдым. Бүгін көшіп келеді. Жаңағы санақта жүрген жігітті айтамын, – деді апай шаршаңқы сөйлеп.

– Балаңыз әлсіреп, алқынып, жөтелгенде ақ көбік тастамай ма?

– Иә, сөйтеді.

– Жақын арада үйге келмей ме?

– Ертең келеді. Бір ай үйіңе барып дем алып кел депті.

– Басында балаңызды «военкомат» жатқызған екен ғой?

– Иә. Өкпеңде дақ бар деп армияға баруын кідірткен еді. Бұлай айлап ауруханада жатқанша армияға барса, ол жақта дұрыстап емдер ме еді, әйтеуір маған уайым болды.

– Ауруының түрі бозөкпе сияқты. Келте жөтеліп, сары қақырық тастамай ма? – деп нақтылай түстім.

– Жоқ. Күшене жөтелгенде тұншығып қала жаздайды кейде. Сөйтіп ақ көбік тастайды.

– Онда, апай, мен сауап үшін бір дәрі дайындап берейін. Соны ішкізіңіз. Мен де сөйтіп ауырғанмын. Әлгі дәріден жазылдым.

– Ой, айналайын, ондай болса, қанеки, – деді апай қуанып.

Үйге келген соң баяғы тәртіппен дәріні дайындап қойдым. Оны алуға келген апайға күріштің майдасынан боза салып, баласына ішкізу керегін ескерттім. Содан әлгі апайдың баласының жөтелгені қайтып, рентгенге түсіргенде өкпесі таза шығып, жазылдың деп үйіне қайтарыпты. Баласы да, апай да маған риза болып алғыстарын айтты.

Мамыр айының соңына қарай мал жайының хабарын білейін деп әлгі апайдың отарына бардым. Баласы көрінбеді. Апайдың өзі амандасты.

– Апай, балаңыз көрінбейді ғой? – деcем, көзіне жас алып жыламсырап:

– Денсаулығы жақсы болып түзеліпті деп алдыңғы күні армияға алып кетті, – деп тұр.

– Ой, апай, неге жылайсыз, бұл үлкен қуаныш қой! Денсаулығы түзеліп, азаматтық борышын өтеуге кеткені дұрыс болыпты қайта, құтты болсын!

– Иә, шырағым, қорыққан мен қуанған бірдей дей ме, содан толқып тұрғаным. Ұзақ жолға шықпаған бала еді, өзін қатты сағынатын болдым, – деді ол кісі күлімсіреп.

«Ерменді жерде ер өлмес» деген осы екен-ау деп ойладым тәуіп атаға іштей риза болып.

Жаңабай ТӨЛЕУІШ.

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста