Шикі картоп реңіңді жасартады

10 мамыр 2022, 01:18

Реңіңді алдырмай, жас қалпыңды сақтау үшін қыруар ақшаға шығынданып, дәрі-дәрмек қабылдап жатудың керегі не? Мен қолыма түскен нәрсені орнымен жаратып, реңімді бір қалыпта ұстап келемін. Соның әсері болар, өз қатарларымнан кемінде 10 жылға жас көрінемін. Өзім күнделікті қолданып жүрген әдістерімді бүгін бөлісуді жөн көріп отырмын.
Үккіштен өткізілген картопты бетім мен мойныма жағып, 20 минуттай ұстаймын. Сосын жуып тастап, 20 минут өсімдік майын жағамын да, уақыт өткен соң салфеткамен сүртіп тастаймын. Мұнан кейін ешқандай крем жағудың қажеті жоқ.
Үккіштен өткен картоп өте жақсы косметикалық құрал. Бет пен мойынның реңін келтірумен бірге, ағартады. Қолдың күтіміне де керек. Мойын мен бетке контрасты компресс жасаймын деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. Екі сүлгі алып, біреуін ыстық суға, екіншісін салқын суға батырып, мойным мен бетіме 5 немесе 7 рет кезек-кезек басамын. Жаттығу салқын компресспен аяқталуы тиіс. Бөлме температурасында өсімдік майымен де компресс жасауға болады.
Шикі картопты шаш күтіміне пайдалануға болатынын екінің бірі біле бермейді. 2-3 картопты майда үккіштен өткізіп, одан алынған қоймалжыңнан шашқа маска жасаймын. Сонда шаштың түбірі қатаяды әрі реңі кіріп, әдемі көрінеді. Ол үшін әлгі қоймалжыңға 2-3 шай қасық сүт, 1 шай қасық ұн, лимонның 2-3 тамшысын араластырып, таза әрі сулы шашқа жағамын. Жарты сағаттан кейін шампунсыз сумен жуып тастаймын. Мен бұл әдісті аптасына екі реттен қайталап, ай бойы үзбей жасап отырамын.
Құралай САЗАНҚЫЗЫ.
«Ауырмаңыз!»газеті.