Сенi iздеймiн

«Анашым, келші!». Күршімде 8 жыл бұрын жоғалған әйелді балалары күтуде

  • © altaynews.kz

    © altaynews.kz

Осыдан бірнеше жыл бұрын Күршім ауылының тұрғыны Мамырбекова Гүлжан Тынымханқызы хабар-ошарсыз кеткен еді. 2011 жылдың 19 сәуірінде банкоматтан ақша шешіп, кішкене баласына тамақ аламын деп үйінен шығып кеткен жас келіншек үшті-күйлі жоғалған. Бүгін туыстары мен үйдегі қос құлыншағының Гүлжанды іздеп, күтіп жүргендеріне тұп-тура 8 жыл толып отыр, деп хабарлайды altaynews.kz тілшісі.


Гүлжанның қос ұлы бүгінде есейіп қалды. Ол кезде үлкен ұлы 12-де, кенжесі не бары 1 жаста ғана еді. Аналары жанында болса, биыл жазда 40 жасқа толады екен. Қанша жыл өтсе де, аналарына деген сағыныштары басылар емес. Осы уақыт бойы үміттерін үзбей, іздеумен, күтумен келеді...


«Сен жанымда болмағалы тура 7 жыл болды, анашым. Қайда жүрсең де, мен сені жақсы көремін, анашым. Қайтып оралшы бізге, қатты сағындым сені. Жанәли де, менде үлкен болдық, енді біз саған қараймыз. Өтінемін, анашым, келші жанымызға. біздің көз жасымызды Алла жерге тастамайды! Өтінемін, келші жанымызға», - деп жазыпты Гүлжанның үлкен ұлы осыдан бір жыл бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында.


Анасынан ерте айырылған баланың жанайқайы кімнің болса да жүрегін селт еткізер. Жылдар жылжып, араға қанша уақыт салса да, анасының із-түссіз жоғалып кетуі баланың үмітін үздірмейді, көңілін суытпайды екен. Ол әлеуметтік желі арқылы анасына іздеу салып жүр.


Гүлжан Мамырбекова – әскери қызметкер, Күршімдегі 27955 әскери бөлімінің ефрейторы болған.


Жоғалып кеткен күні ол банкоматқа ұжымдас танысымен бірге кеткен екен. Оны нақты көрген адамдар бар. Үйінен шығып кеткеннен кейін Гүлжан анасына қоңырау шалып, қазір қайтатынын айтады. Алайда дәл сол сәттен бастап байланыссыз қалған.


Гүлжанның жоғалып кеткеніне ата-анасы белгілі бір адамдардың қатысы бар екеніне сенімді. Тіпті, ол туралы бүкіл ауыл білетін, сезіктенетін көрінеді. Бұл оқиғаның жай-жапсары бірқатар облыстық, республикалық газеттерде ашық жарияланған болатын. Десе де, 8 жыл бұрын басталған іздеу мен тергеу амалдары еш нәтиже бермей, іс тоқтап қалады.


Бұл жұмбақ оқиғаның жұмбақтары көп секілді. Гүлжанның әкесі Тынымхан Мамырбековтың айтуынша, 19 сәуір күні оның қызын ертіп кеткен адам жай ұжымдас қана емес. Ол – Гүлжанның кенже ұлының әкесі, бұрыңғы жігіті. Екеуі ұзақ уақыт қарым-қатынаста болып, үйленеміз деп жоспарлап жүрген. Алайда жігіт уәдесінен тайып, басқа қызға үйленіп кетеді.


-Ол кезде Гүлжан екеуінің ұлы 9 айға толып қойған, - дейді туыстары.


Екеуінің баласы бар екенін некелескен жарына айтпауын өтінген жігіт ұлына қаржылай болысып тұруға уәде етеді. Бірақ бұл уәдесін де орындамайды. Осыған қатысты араларында біраз келіспеушілік болған көрінеді.


19 сәуір күні ол Гүлжанның ұялы телефонына 15 рет қоңырау шалған. Айлығы түскенін айтып, банкоматтан барып бірге шешіп алайық деп ертіп кетеді. Банкоматтағы бейнебақылау камерасына Гүлжанның оның көлігіне қайта отырғаны түсіп қалған.


Бас кезде «банкоматқа дейін ғана жеткізіп салдым» деген жігіт, бұл сөзінен тайып, камерадағы бейнежазба анықталған соң «ары қарай үй жағындағы бұрылысқа дейін жеткіздім» деп өзгеріп салады. Гүлжанның ата-анасының сөзінше, бұл жігіт айтқандарын сан рет өзгертіп, талай құбылса да, полиция оны тексеріп, тергеуге аса ден қоймаған екен.


-Гүлжанды соңғы рет көрген адам болғандықтан басты күдікті сол еді. Алайда ол қамауға да алынбады. Көп ұзамай, тіпті, қызмет бабымен басқа жаққа ауысып кетті, - дейді Тынымхан Мамырбеков.


Ал Гүлжанның ісі болса қаралмай, тергелмей жата береді. Ата-анасы жан-жаққа жазып, көмек сұрап шырылдайды. Соның күшімен істе сәл қимыл байқалады да, ізінше қайта тоқтап қалып отырады. Себебі, тергеушілер үшін бұл істе ешқандай іліп аларлық факті жоқ екен. Гүлжанның өзі де, денесі де табылмаған. Ал «бірдеңе көрдік, естідік» деген адамдар өз сөздерін жоққа шығарыпты.


Гүлжанды іздеп табудан күдер үзбеген туыстары әлі де істі алға жылжыту үшін түрлі тұлғалар мен органдарға хат жазып, көмек сұрауын жалғастыруда. Бармаған жерлері, баспаған таулары қалмады. Гүлжанның әкесі осы 8 жыл бойы талай органдардың, көптеген беделді шенеуніктердің табалдырығын тоздырыпты. Депутаттарға да, құқыққорғау органдарына да сансыз хаттар жолданды. Қызының не өлі, не тірі екенін біле алмай отырған байғұс ата-ана іс қайта қозғалып, дұрыс тергеу жүргізілсе, шындықтың бір шеті шығар еді деген ойда.



 




Көрілген: 2905    Пікірлер: 0

сенбі, 20.04.2019, 21:43

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Мамыр 2017
    Қаназдық
    18 Наурыз 2017
    Балалардағы бронхит
    19 Ақпан 2017
    ҚҰЛАҚ КҮТІМГЕ ЗӘРУ

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31