Допты хоккейден ӘЧ-да финдерді жеңген қазақстандықтар ширек финалда норвегтермен кездеседі
Ресейдің Ульяновск қаласында допты хоккейден өтіп жатқан кезекті, 36-ыншы әлем чемпионатында кеше Қазақстан құрамасы финдерді 5:4 есебімен ұтты.
Бұл жолы қазақстандықтар қақпасын Орал допты хоккейінің түлегі, қазір Саратовтың «Универсалында» өнер көрсететін Ілияс Хайрекешев қорғады. Ал алғашқы голды 19-минутта тағы бір батысқазақстандық, Қазақстан құрамасының капитаны, Ресей чемпионатының суперлигасында («Сибсельмаш», Новосібір) ойнап жүрген Рауан Исалиев салды. Ойын барысында Қазақстан құрамасынан Анатолий Голубков хет-триктің авторы атанса, соның екеуін 12 метрлік пенальтиден енгізді. Тағы бір гол Дмитрий Завидовскийдің еншісінде.
Сөйтіп осының алдында Ресей мен Швеция құрамаларынан ірі есеппен ұтылып қалған Алексей Никишовтың шәкірттері біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осылайша мықтылардың «А» тобында үшінші орынды иеленіп, плей-офф бәсекесіне шыққан қазақстандықтар бүгін, 4 ақпан күні ширек финалда Норвегия құрамасын тізе бүктірсе, онда жүлделі орындар үшін таласады.
Еске сала кетейік, осыған дейін Қазақстан құрамасы алты рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанса, соның бәрінде де үшінші орын үшін бәсекеде финдерді жеңген болатын.