Хоккей

Хоккей: Бір минутта қақпасына үш гол жіберіп алған «Барыс» буллитте жеңіске жетті

  • Хоккей: Бір минутта қақпасына үш гол жіберіп алған «Барыс» буллитте жеңіске жетті

    Хоккей: Бір минутта қақпасына үш гол жіберіп алған «Барыс» буллитте жеңіске жетті

Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатының өз айдынындағы соңғы кездесуінде Астананың «Барысы» Челябінің «Тракторын» қабылдап, буллит сериясында жеңіске жетіп, маңызды екі ұпайды еншіледі.
Матчты қарқынды бастаған астаналықтар 3-ші минутта-ақ сан басымдылығын пайдаланып, команда капитаны Брэндон Боченскидің пасынан кейін Найджел Доус есеп ашты. 12-минутта «Трактордың» қақпасына буллит белгіленіп, оны Роман Старченко дәл орындап, есепті 2:0-ге жеткізді. 16-минутта қонақтардан Андрей Попов мергендігімен көзге түскенімен, екі минуттан кейін «Барыстың» қорғаушысы Роман Савченко есепті қайтадан ұлғайтты.

Ойынның екінші кезеңі «Барыс» үшін аса сәтсіз басталғаны сондай, 22-ші минутта айдын иелерінің қақпасына бірден үш гол соғылды. Әуелі словакиялық легионер Ян Лацо қорғаған қақпаға Антон Глинкин, содан кейін Мартин Ружичка қатарынан екі шайба енгізді. Бұдан кейін астаналықтардың бас бапкері Андрей Назаровтың шешімімен қақпаны қорғауға шыққан Павел Полуэктов ойынға кіріспей жатып, Максим Якуценядан тағы бір голды өткізіп алды. Сөйтіп бір минутта үш гол соққан «Трактор» 4:3 есебімен алға шықты.

Үшінші кезеңде ғана «Барыс» әупірімдеп 50-минутта Дастин Бойдтың арқасында таразы басын теңестіре алды. Матч 4:4 болып аяқталғаннан кейін белгіленген овертайм ешқандай нәтиже бермеді. Ал буллит сериясында Павел Полуэктов «Трактор» үміт артқан үш ойыншының да соққысын қайтарып, ерлік жасады. Ал «Барыс» сапынан Майк Ландин мергендік танытып, шешуші голды салды.

Сонымен, «Барыс» буллит сериясында 5:4 есебімен ұтып, осы маусымдағы 27-інші жеңісіне қол жеткізді. Андрей Назаровтың шәкірттері 55 ойыннан кейін 80 ұпай жинап, Шығыс конференциясында бұрынғыша плей-офф бәсекелеріне шығуға мүмкіндік беретін жетінші орында келеді. Әйтсе де осы турда Екатеринбургтегі өз айдынында Уфаның «Салават Юлаев» командасын овертаймда 3:2 есебімен ұтқан «Автомобилист» 54 кездесуден соң 79 ұпаймен «Барысты» өкшелеп тұр әрі оның бір ойыны кем, яғни мүмкіндігі жоғары. Оның үстіне тоғызыншы сатыдағы «Нефтехимик» (Нижнекамск) командасының 54 ойыннан 78 ұпайы бар. Демек, ол да «Барысты» қуып жете алады. Соңғы кезде қарқынды ойнап жүрген «Нефтехимик» Омбыда көш басындағы «Авангардты» 4:1 есебімен тізе бүктіріп, кезекті үш ұпайына ие болды.

Астаналықтар 1 ақпан күні Уфада Шығыс конференциясында 88 ұпаймен төртінші орында тұрған «Салават Юлаевпен» «Уфа-Арена» айдынына шығады. Осыған дейін қатарынан төрт мәрте ұтылған уфалық клубтың да шегінер жері жоқ. Оның алдында, 29 қаңтар күні уфалықтар сол айдында «Нефтехимиктің» шамасын байқап көреді. Содан кейін «Барыс» тағы төрт ойынын сырт айдында өткізеді, яғни енді ұпай жинау үлкен күшке түспек. Тұрақты чемпионат 18 ақпан күні мәреге жетіп, плей-офф бәсекесіне жолдама алған командалар толықтай белгілі болады. 

Автор: Елжан Ералы




Көрілген: 1306    Пікірлер: 0

бейсенбі, 28.01.2016, 08:51

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31