Хоккей

Хоккейден Қазақстан құрамасы Италия құрамасын екінші рет жеңді

  • Фото hockeytime.net сайтынан

    Фото hockeytime.net сайтынан

Шайбалы хоккейден ерлер арасындағы Қазақстан ұлттық құрамасы Италия құрамасын екінші жолдастық кездесуде де тізе бүктірді. Есеп – 3:1, деп жазады "Алаш айнасы".

Әлем чемпионатының І-дивизионындағы "А" тобында бақ сынайтын Қазақстан және Италия құрамалары екі мәрте жолдастық кездесу өткізіп, ұжымдық ойын өрнектерін жетілдіріп алуға тырысты.

Әлбетте, бір топта додаға түсетін құрамалар жауапты сын алдында бір-бірімен кездеспеуге тырысушы еді. Бір-бірінің осал тұстары мен артықшылықтарын білдірмеуді, сездірмеуді көздейтін. Бірақ биыл Қазақстан және Италия федерацияларының басшылары (әлде құрамаларының бапкерлері) дайындықтарын бірге пысықтады...

Бұл дұрыс па, бұрыс па, пайдалы ма, зиян ба? Мұның нақты жауабын Польшадағы әлем чемпионаты аяқталған соң білетін боламыз.

Әйтеуір, жолдастық кездесудің екеуінде де Қазақстан ұлттық құрамасы жеңіске жетті. Трентода өткен бірінші жолдастық кездесуде біздің хоккейшілер 2:0 есебімен басым түсті. Ал кеше түнде Азиагода аяқталған екінші матчта 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ойындағы голдарды Фёдор Полищук, Алексей Воронцов және Михаил Паньшин соқты. Екі голды төртінші бестіктегі ойыншыларымыз енгізді. Бұл олардың "құрама сапына ілігіп, әлем чемпионатында ойнасақ" деген ынта-жігерлерінің қаншалықты жоғары екендігін білдіретіндей.

Жалпы, біздің ұлттық құрама жаман ойнаған жоқ. Бұл жерде Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы хоккейшілердің бірін-бірі жақсы білетіндігін, бірнеше жыл бірге ойнап жүргендігін ескерген жөн шығар. Әйтсе де, екі құрама да бар күш-жігерлерін салып ойнамағандай. Ол түсінікті де. Бұл – тек жолдастық кездесулер...

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Андрей Назаров екінші ойынға тура бірінші кездесудегі құрамды шығарды. Ешқандай да өзгеріс енгізген жоқ. Соған қарағанда, Астанадан аттанғанда-ақ, құрама сапын іштей бекітіп алған сияқты.

Ал Дамир Рысбаев, Мадияр Ибрайбеков, Никита Михайлис, Аркадий Шестаков сынды жас хоккейшілерімізді "әлдеқандай жағдай бола қалса" деп қана апарғандай. Енді осы төртеуі Италияны көріп қайтқандарын ғана көңілдеріне медеу тұтып, елге қайтатын шығар. Себебі әлем чемпионатына әрбір құрама үш қақпашы және 20 ойыншы ғана тіркей алады.

Негізі, біз де көптеген отандық жанкүйерлер сияқты бас бапкер осы төрт ойыншымызды Италиямен өткен екінші ойында "мұзайдынға шығарып, мүмкіндік беретін шығар" деп ойлағанбыз. Сондай-ақ бұл ойында қақпаға тағы да Павел Полуэктов емес, Дмтрий Мальгинді қоятын шығар деп күткенбіз. Бірақ бас бапкер екі ойынға да бір ғана құрамды шығарды. Яғни бас бапкердің өз есебі өзінде сияқты.

Енді, әліптің артын бағып, әлем чемпионатының басталуын күтеміз. Негізі, І-дивизионынның "А" тобында азуын айға білеген өте азулы құрама жоқ. Керісінше, олардың арасында құрамының негізін Құрлықтық хоккей лигасында ойнайтын "Барыс" клубының ойыншылары қалайтын Қазақстан құрамасының шоқтығы – биіктеу.

Бірақ қарсыластарымыздың бәрі де дерлік жеңісті қолдан бере салмас. Оған титтей де күмән келтіре алмаймыз. Мәселен, Польша құрамасының өз елінде, өз жанкүйерлерінің көз алдында жоғарғы дивизион жолдамасын жеңіп алғысы келетіндігі – "екі жердегі екім төртттей" беп-белгілі. Тіпті ұлттық құрамаларының сапына "өз елдерінің азаматтығын алған канадалық хоккейшілерді тартқан" деп естиміз.

Италия және Украина құрамалары да Польшаға серуендеп қайту үшін бармайтын шығар. Жапония және Венгрия құрамалары да оңай шағылатын жаңғақ бола қоймас...

 

Автор: Нұрғазы Сасаев




Көрілген: 1608    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 15.04.2015, 10:42

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31