Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді
Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы Польша мұзайдынында өткен әлем чемпионатын жүз пайыздық көрсеткішпен аяқтады. Бес ойын өткізіп, бесеуінде де жеңіске жетті, деп жазады "Алаш айнасы".
Бүгін – әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы "А" тобында соңғы күн. Қазақстан ұлттық құрамасы соңғы ойынын Италия құрамасымен өткізіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында біздің құраманың деңгейі біршама жоғары екені тайға таңба басқандай болып "көрініп" тұрды.
Голдарды Евгений Рымарев, Талғат Жайлауов, Алексей Воронцов сынды шабуылшыларымыз соқты. Біздің құраманың қақпасын бұл матчта да Павел Полуэктов қорғады.
Полуэктов Италия хоккейшілерінің 20 соққысын да тойтарып, шеберлік танытты. Бірақ бас бапкердің екінші қақпашымыз Дмитрий Мальгинге мүмкіндік бермегенін түсіне алмадық...
Сонымен, біздің құрама Польшадағы әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмеді. Бес ойын өткізіп, бесеуінде де жеңіске жетті. Осылай әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы "А" тобында бірінші орынға ие болды. Ең бастысы, келесі жылы әлем чемпионатының жоғарғы дивизионында бақ сынау құқығына ие болды.
Әлем чемпионаты. І-дивизион, "А" тобы
Қазақстан – Украина – 5:2
Қазақстан – Венгрия – 5:0
Қазақстан – Жапония – 7:2
Қазақстан – Польша – 3:2
Қазақстан – Италия – 3:0
Автор: Нұрғазы Сасаев