2025 жылдың соңына дейін сүт өңдейтін 20 инвестициялық жоба іске асырылады

26 сәуір 2022, 12:57

2025 жылдың соңына дейін сүт өңдейтін 20 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2021 жылы ірімшік пен сүзбе импортының үлесі 32,8 мың тоннаны, жергілікті өндіріс 36,9 мың тоннаны құрады. 2025 жылдың соңына дейін сүт өңдейтін 20 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде жалпы қуаты 161,2 мың тонна сүт өңдейтін ірімшік және сүзбе өндіретін 5 ірі кәсіпорын бар», - деді министр. Оның айтуынша, Даму картасы аясында Солтүстік Қазақстан облысында сүт шаруашылығы белсенді дамып келеді. Жыл сайын республикаға қажетті сүт өнімдерінің 10 пайыздан астамы өндіріледі. «Облыста 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін 22 сүт-тауар фермасы салынды. Жобаларды іске асыруға 23 млрд теңге инвестиция салынды, 650-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Жоғарыда баяндалғанды ескере отырып, өңірлердің әкімдеріне Солтүстік Қазақстан облысының үлгісінде сүт саласын дамыту тәжірибесін қарастыруға және өз өңірлерінде қолдануға болады деп санаймын», - деді Ербол Қарашөкеев.

ҚазАқпарат