Инста-Алаш

800 миллионға дейін ақша тапқан: Атышулы "Супермамасита" не курс сатты және қоғам неге наразы?

  • 800 миллионға дейін ақша тапқан: Атышулы

    800 миллионға дейін ақша тапқан: Атышулы "Супермамасита" не курс сатты және қоғам неге наразы?

Алматы полициясы белгілі қазақстандық блогер "Супермамасита" атымен танымал Әлия Байтугаеваның үстінен әлеуметтік желі қолданушылары арыз жазып жатқанын хабарлаған. Сондай-ақ, оның бизнесінің заңдылығын тексеретінін жеткізген. Даудың басы – танымал блогер сатқан курстардан басталды. Аз қаражат тұрмайтын Байтугаеваның бизнес бастауға арналған дәрістері көпшіліктің көңілінен шықпай қалған. Бұл туралы блогердің өзі пікір білдіріп, жағымсыз ақпаратты арам пиғылдылар таратқанын айтады.  Stan.kz ақпарат агенттігі оқиғаның мән-жайын анықтап көрді.

Байтугаева курсында Instagram әлеуметтік желісіндегі бизнес-профильдерге басқарушы болуды үйретемін, күніне 2-3 сағат уақыт бөліп, 170 000-нан 500 000-ға дейін ақша табуға көмектесемін деп жарияға жар салған.

Сабағының жалдамалы жұмысшыларға, кәсіпкерлер мен өз-өзіне жұмыс жасайтындарға, декретте отырған аналарға және үй шаруасындағы әйелдерге арналғанын айтады.

 
Сондай-ақ, блогер курсқа қатысушыларға қаржылық тәуелсіздіктен арылып, балалары мен ата-анасының болашағын қамтамасыз ете алатынын, кредиттер мен қарыздардан құтылып, түрлі бизнес-аккаунттарды басқаруды үйретуге уәде еткен.

Блогердің айтуынша, нақты курс клиенттермен жұмыс істеуді, бәсекелестікті талдап, бірегей сауда ұсыныстарын жасауды, профильдің күшті және әлсіз жақтарын анықтауды, беттің сәнді безендірілуін, дұрыс мәтін жаза білуді, әлеуметтік желілердегі жарнама мен өз қызметіңді қымбатқа сатуды үйретеді. 

Супермамаситаның Instagram көмегімен маман болуды үйрететін курсы туралы оны сатып алған адамдардан сұрап көрдік. Көпшіліктің пікірі екіге бөлінген. Бірі блогердің дәрісі ұнағанын айтса, енді бірі курстың өз бағасына сәйкес келмейтінін айтып, алаяқтық деп отыр.

Есімін жарияламауды өтінген желі қолданушысы Байтугаеваға ешқандай реніші жоқ екенін, керісінше алғыс айтатынын жеткізді.

“Маған курс ұнады. Меніңше әркімнің түсінігі әрқалай. Оны қабылдайтын адам қабылдайды. Қабылдағысы келмеген адам қабылдамайды. Ол адамдардың өзіне байланысты деп ойлаймын. Менің курсқа ешқандай шағымым жоқ. Керісінше сондай кісіден білім алғаныма қуанамын. Курс өте жоғары деңгейде өтті”,- дейді ол. 

Сондай-ақ, дәрісті сатып алған Ольга есімді тұтынушы ешқандай шағымы жоғын, өзін алдандым деп ойлайтындардың ақымақ екенін айтады. Оның ойынша, әр адамның өз білімі мен тәжірибесі бар. Оны әркім бөлісуге құқылы.

“Өзін алдандым деп ойлайтын адамдар, меніңше, табиғатынан сауатсыз адамдар. Өйткені сіз білімді сатып алып тұрсыз. Өзіңізге инвестиция құйдыңыз. Курсты алып тұрып, ол білімді өзіңіз дұрыс пайдалана алдыңыз ба? Мәселе осында. Шанель сөмкесін алып қарайтын болсақ, егер сізге сөмке ұнамайтын болса немесе сізге үйлеспей тұрса алдандым деп айтпайсыз ғой. Сіз үшін ол қалыпты жағдай. Курс да дәл сол сияқты. Мен дәрістің жаңа сатылымдарын асыға күтіп жүрмін. Көп нәрсе үйренемін деген ойдамын. Егер сабақ ұнамай жатса мен ақымақтық жасадым деп ойламаймын. Өйткені ол жерге қаншама уақыт пен қаражат жұмсалды”,- дейді әйел. 

Ал курсты 27900 теңгеге сатып алған Карина өнімнің өз құнын ақтамайтынын мәлімдеді. Ол өзі сияқты басқалардың құрбан болмауы үшін курстың екінші бөлімін сатқызуға жол бергізбеймін дейді. 

“Курс менің мүлде көңілімнен шықпады. Өз бағасына тұрарлық дүние емес. Мамасита өз атына басымдық беріп, жарнамасын асыра сілтеп жіберді. Әрине мен салған ақшамды қайтарып алғым келеді. Бірақ қайтуы екіталай екенін түсінемін. Шын жүректен мен сияқтылардың екінші лекте көп болғандарын қаламаймын. Біз өзіміздің аңғалдығымыздың кесірінен оларды көтіріп отырмыз”,- дейді ару. 

Сол себепті ару #хватитбытькормушкойдляблогеров хэштегімен пікірлер жазып, блогерлердің қақпанына түспеуге кеңес беріп жүрген көрінеді.

“Көпшілігіміз бұл түкке тұрғысыз курсты сатып алудан халықты қорғағымыз келеді. Мүмкін бұлай істемес те едім. Бірақ екіншісі басталатынын естігенде қаным басыма шапты”, - дейді ол. 

Блогердің бизнес үйрететін курсын тек Қазақстан ғана емес, ТМД елдеріндегі оқырмандары да алған. Курсты сатып алған Ресейдің Самара қаласының тұрғыны Анна интернеттегі бар дүниені сатты деп отыр.

“Курстың жүргізілуі менің көңілімнен шықпады. Мен ойлағандай болмады. Instagram желісінен ресейлік блогерлердің курсын алып жүрмін. Олардан көп ақпарат аласың, бәрін тереңірек оқытады. Ал Мамаситаның курсы туралы айтар болсам, шала жұмыс, қате көп. Курсқа ақша төледім. Негізінен, ол жерде оқыған барлық ақпаратты интернеттен-ақ тегін тауып алуға болады. Сонда не үшін ақша төледім? Түсінбеймін. Бұдан соң курсты телефоннан көру керек деді. Бірақ бұл өте қолайсыз шешім болды. Біріншіден, экран өте кішкентай, шрифт те ұсақ. Мысалға, көзі дұрыс көрмейтін адам болса қиынға соғатын еді. Екінші модульге келгенде менің шыдамым жетпеді. Қызығушылығым жоғалып, дәрісті жалғастырудан бас  тарттым”,- дейді ресейлік.

Әйелдің айтуынша, курс сауаты жоқ адамдарға арналған. Тіпті дәрісті соңынан дейін тыңдамай, тапсырманы орындамағанына қарамастан сертификат алған. 

Болған жағдайға байланысты Әлияның өзі түсініктеме берді. Блогердің айтуынша, оның курсына мыңдаған адамдар қатысқан.

"Көбі дайындықтың жоғары деңгейі мен ұсынылған материалды атап өтті! Мен алғыс сөздері жазылған көптеген хат алдым! Әрине, бұл жағымсыз пікір болған жоқ дегенді білдірмейді! Менің курсымның танымалдығы аясында менің бұл сәтілігімді көре алмайтын адамдар пайда болды! Олар маған және менің курсыма қатысты жалған ақпарат таратылған чаттар, парақшалар ашты. Курс әлі басталған жоқ, алайда Instagram-да оқудан бас тартуға шақыратын видеолар пайда бола бастады, олар мені материалды ұрлады деп айыптады", – деп түсіндірді “Супермамасита”.

Сондай-ақ, оқу басталғанға дейін және оқу басталғаннан бастап 14 күн ішінде ол мұндай өтініш білдіргендердің барлығына ақшасын қайтарып бергенін айта кетті. 

Айта кетсек, бұған дейін Алматы полиция департаменті басшысының орынбасары Рустам Әбдірахманов Әлия Байтуғаеваның Instagram парақшасы арқылы ақшалай сыйақыға оқыту курстарынан зардап шегушілердің шағымдары тіркеліп, әрқайсысы бойынша егжей-тегжейлі тексеру жүргізілетінін хабарлаған болатын.

Оның айтуынша, қалалық полиция департаментіне азаматтардан алғашқы шағымдар 23 шілдеде келіп түсе бастаған.

“Әлия Байтугаева есімді әйел Instagram арқылы жеке өсудің ақылы курсын сатты.Блогердің тірлігінің ауқымы айтарлықтай: бізден көмек сұрап отырғандардың арасында тек Алматы мен Қазақстанның өзге аймақтарының тұрғындары ғана емес, ТМД елдерінің тұрғындары да бар. Жалпы алғанда, оның қызметтерін 28 мыңнан астам адам пайдаланған. Бір курстың құны – 27900 теңге. Мамаситаның табысы шамамен 800 миллион теңгені құрайды. Қылмыстық іс әлі қозғалған жоқ. Материалдарды алдымен салық органдары қарап, кірісті алудың заңдылығы туралы зерттейтін болады. Егер салықты төлемеу фактісі расталса, қылмысты тергеу қаржы мониторингі агенттігіне берілуі мүмкін”, - деді ол.




Көрілген: 1744    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 28.07.2021, 13:03

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30