Осыдан бірнеше минут бұрын Баян Мақсатқызының бұрынғы күйеуі абақтыдан босап шықты. Бұл жайында Бақытбек Есентаевтың туған қарындасы мәлімдеді, деп хабарлайды Экспресс К
Өткен аптада, яғни 12 шілде күні жазасын өтеуші Есентаевтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығу туралы өтінішін Қапшағай қалалық соты қанағаттандырған еді. Соңғы 6 жылын абақтыда өткізген Бақытбек бүгін туған-туыстарымен қауышты. Колонияның алдына жиналғандардың қарасы көп. Қымбат маркалы көліктер қаз қатар тізіліп тұр. Оны қарсы алуға ет жақындары, достары түгелдей дерлік жиналған.
Міне, ағатайым шығып жатыр. Мына жақта көп достары күтіп тұр. Ағам көлікке отырды. Енді бұл жерді өмірі көрсетпесін. Кеттік тойлатамыз,
— деді Нағима Есентаева.
Видеоға зер салсақ, 6 жыл абақтыда отырған Есентаевтың болмысында біраз өзгеріс байқалады. Баян Мақсатқызының бұрынғы күйеуі сәл салмақ тастап, шашы ағарған. Сондай-ақ, сырт көзге салқынқанды әрі салмақты көрінеді. Бақытбек түрмеден қара көзілдірік, ақ шалбар, көк кеудеше киіп шыққан.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы Бақытбек Есентаев әйелі Баян Мақсатқызын соққыға жығып, пышақ жарақаттарын салғаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Ол соңғы 6 жылын Алматы облысы Заречный ауылындағы қатаң режимдегі ерлер колониясында өткізді. Мұнда — ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейді.
Айта кетейік, 12 шілде күні сот отырысына қатысқан Экспресс К тілшісі Бақытбек Есентаевтың мерзімінен бұрын бостандыққа шыққаны туралы жазған еді.