Ал, енді қайырымдылықтың да қайырымы бар екеніне сенбей көріңіз!

17 шілде 2021, 12:12

Неге әйелдер қауымы ұзын тырнаққа, жапсырма кірпікке құмар?
Қазір гель, акрил лак, жасанды кірпік дегендер жаулап алды. Ол да арзан тұрмайды. Ең сорлысы - учениктің жасағаны 2500-нан басталады (ең кемі айына).
Осы жерде әйелдер қауымына бір сауал Маникюр, педикюр жасатпай, шаш боятпай қалған кездегі ақшаны қайда жұмсайсыздар? Жалпы сіздердің ойларыңызға "МЫНА нәрсені істегенше, ол қаражатты қайырымдылыққа жұмсайын" деген ой келе ме?
Өз басым өмір сүруге қат емес нәрселерге жұмсалатын қаражатты бос шығын деп есептеймін де, оны қайырымдылыққа жұмсаймын. Негізі бұлай жариялағаным дұрыс болмады, қайырым істі айтпайды дейді ғой 
Мәселен, маникюр, педикюр, шаш бояу, қас жұлу, кірпік жапсыруға айына 15-20 мыңдай кетеді орташа. Мен үшін оларды дені сау адам өзі де жасай алады. Ал сол 15 мыңды айына мұқтаж адамға берші, қандай бата-тілек айтады! Ал бата-тілек үлкен қорған. "Батаменен ел көгерер" деп босқа айтылмаған.
Әрине, ай сайын біреуге 15 мың бер де, өзің педикюр жасамай жүре бер демеймін. Кейде сол процестерден бас тартып, қайырымдылыққа жұмсап көрсеңіз деген ізгі ниет қой 
Осы ұсынысты маникюр-педикюрге бара жатқан құрбыма айтқанмын. Ол мезетте бас тартып, 8000-ды жұмысындағы еден жуушы әйелге береді. Ол әйел риза болып, уақыт өте бұның тіпті кружкасын жуып беріп, гүлдерін суарып, жаңартып егіп беріпті. "Керек емес" десе де, барынша ілтипат көрсетіп жүрсе керек. Ең қызығы күні кеше болыпты. Тағы бірде 4000 берген екен қайырымдылық ретінде.
Жұмыста тісі ауырып, мазасы болмай отырады. Әлгі еден жуушы әйел жағдайын сұрайды да, дереу біреуге телефон соғады. Сөйтсе, еден жуушының нағашысы мықты тіс дәрігері екен, соған жібереді. Тіс дәрігері құрбымның тісін 3 күн емдейді, ТЕГІН! Ал негізі құны 22000 теңге екен. Ал, енді қайырымдылықтың да қайырымы бар екеніне сенбей көріңіз!
Егер деніңіз сау болса, ол Алланың сыйы. Дені сау адам кез келген қиындықты жеңеді. Тым өзімшіл болмай, біздің жақсылығымызға мұқтаж адамдарға да қол ұшын созайық. Сіз оған беріңіз, Алла сізге берсін!

Әлеуметтік желі парақшасынан