Әлия Құдайбергенова "Тіршілікке икемсіз болған өзіме де обал жоқ..."

22 қазан 2019, 13:44

Өмір қызық ғой... Кімнің кім екенін біле бермейсің, жайшылықта.
Зуылдап, жүйткіген уақыт. Қу тіршілік мойын бұрғызбайды, түкке.
Көк базар. Көңілсіздеу едім, сол күні. Арбакеш аға "қызым, беліңе күш түседі, сала ғой жүгіңді" деді. Жалт қарадым. Бұндай мейірімді сөзді сағынып қалған екенмін...
"Жо-жоқ аға, рахмет, әлі алатын зат көп".
"Әкел деймін, ақша алмаймын". Әңгіме ақшада емес, жасы алпысты алқымдап қалған кісіні аядым.
"Жә, жарайды аға, салыңыз арбаңызға" дедім. Жарты сағат бойы жанымда жүрді. Көкөніс сататын қасы-көзін қалыңдау ғып бояп алған апайдан алма, қияр алып тұрып, ебедейсіздеу қимылыммен "қыздың жиған жүгіндей" тізіп қойған алмасын шашып алдым. "Көзіңе қарамайсың ба? Алғаның анау, қанша нәрсені бүлдірдің". "Апай, кешіре гөріңіз, байқаусызда..." деп, шашылған алманы жинай бастадым. Арбакеш аға да отыра қап алма жинауға кірісіп кетті. "Шікірейіп келесіңдер де зияндарыңды тигізіп өте шығасыңдар, елки!" деп, сатушы әйел тоқтар емес. "Әй, айналайын, қойсаңшы. Дүниені тіреп тұрсаң да, әдейі жасамағанын айтты ғой" деді. Жүрегім дүрсілдеп кетті. "Аға, сіз қандай адамсыз, Құдай-ау!"