Әйелдің көзіндегі нұр сөнбесе екен!

14 маусым 2022, 12:29

Өмірімнің көп кезін ақылмен сүрдім. Иә иә ! Ақылмен. Тоқтаммен. Сабырмен…

Жүрекпен таңдағанымды ақылмен сақтадым. Баптадым. Бар қылдым. Ұқсаттым. Өсірдім. Көркейттім. Көбейттім. Бөлістім. Бірақ алыспадым.

Сезіміңді өшіріп, ақылыңды қосатын, ақылыңды өшіріп эмоцияңды ашатын, қылығың, табиғатың, нәзіктігіңді алға ұстайтын кез болады өмірде. Отбасылық өмірде.

Бірақ әрнәрсені ақылға сала беруге де болмай ма деп қаласың. Жалығасың да…Түкті де ойламайтын бала күйге еніп, жеңіл, еркін, ерке болғың келеді. Ондайда өзіңе рұқсат беріп те білген жақсы. Әйтпесе қамығасың, қажисың, қартаясың. Бәрінде баланс болғаны жөн.

Жылап отырып күлетін, күліп отырып жылайтын әйел заты сырт көзге біртүрлі түсініксіз көрінетін шығар. Бірақ әйел сонысымен де сүйкімді сүйген көзге. Сонысымен сұлу!

Әйелдің сұлулығы тіпті сырт келбетінде емес. Сұлулық оның жанып тұрған жанарында!
Күлімдеген көзінде! Нұр шашқан жүзінде!

Оның көзін кез-келген дүние қуантуы мүмкін. Жаңа көйлек, қызыл помада, жылтыр туфли, жаңа ыдыс, әдемі әуен, мұңды жаңбыр, ашық аспан, қалың бұлттар, түсті гүлдер, тіпті бір шыны қою күрең шай мен, баласының күн сіңген иісі...

Оның көзіндегі нұр сөнер болса, басқаның бәрі болмашыға кетеді. Қыздар! Келіншектер! Көздеріңнің нұрын сөндірмей, көңілдің гүлін солдырмай, жүректі қатайтпай, жанымызды жауратпай ұстайық 
Әлемнің әдемілігі - бізден басталады!

Қарақат Әбілдинаның парақшасынан