Айгүл Қосанова: Маған сөз салған азаматтар көп болды, бірақ мен отбасы бар азаматқа тұрмысқа шықтым

04 наурыз 2022, 12:03

Айгүл Қосанова отбасы мен тағдыры, өткені туралы әңгімелесті. Әнші өзінен бір мүшел үлкен азаматқа, отбасы бар азаматқа тұрмысқа шыққан. Бұл әншінің тағдыры. 

Бұл туралы “Менің өмірім” бағдарламасында айтылды.  

Айгүл Қосанова жолдасымен қалай танысқаны, отбасы мен балалары жайлы айтты. Жолдасының бірінші некесінен туған ұл-қыздары жайлы сөз етті. 

“Мен 1994 жылы президент оркестрінде жұмыс істедім. Ән айтып, өнер көрсетіп жүргенде жолдасыммен таныстым. Ол “Ұлан” гвардиясында жұмыс істейтін. Сол жерде жүріп таныстық. Бірге сапарларға шығып жүрдік. Жолдасым өзімнен үлкен. Бұрын бір рет үйленген. Мен ешқашан өзімнен үлкен, бұрын ажырасқан азаматқа тұрмысқа шығам деп ойлаған жоқпын. Бірақ бұл менің тағдырым. Қалай маңдайыма жазылды солай болды. Мен солай қабылдаймын”, – деді әнші. 

Бүгінде жолдасы бірінші некесінен туған балаларымен араласады. Алайда екі отбасының балалары етене араласпайтын айтады. 

“Күйеуім балаларымен араласады. Оған мен тыйым сала алмаймын. Ол туралы әңгіме де болған емес. Өз балалары болған соң барады. Көмектеседі. Араласып тұрады. Біреудің балалары емес қой. Мен оған қой демеймін. Өзі біледі. Егер мен араласпа десем де, ол менен жасырын араласатын еді, көмектесетін еді. Қызғаныш жоқ. Себебі қазір ондай жастан өткенбіз. Бастапқыда мүмкін қызғаныш болған шығар. Ал екі отбасының балалары жақын араласпайды. Өздері шешеді. Мен ешнәрсе демеймін. Өздері қаласа, мен қарсы емеспін. Егер қаламай тұрса, мен ешкімді күштей алмаймын. Өздері білсін. Бірақ ешкімге қарсылығым жоқ. Бәрі уақыттың еншісінде шығар. Уақытпен келетін шығар. Бірінші некеден туған балалардың жасы үлкен, ес жиған балалар. Бір ұл, бір қыз. Сондықтан өздері шешеді”, – деді Айгүл ханым. 

Әнші мен жолдасы екі қыз, бір ұлды тәрбиелеп отыр. Қызы оқу орнын бітіріп, бойжеткен жаста. Ал кенжесі мектеп бітіруге шақ қалған. 

“Біреуден кейін, біреуден ілгері өмір сүріп жатырмыз. Қызым бойжетті, ұлым ер жетіп қалды. Екі қызым, бір ұлым бар. Осы күніме шүкір етем”, – дейді ол. 

Дәстүрлі әнші тоқал мәселесіне қатысты ойын айтты. 

“Жолдасым тоқал туралы айтқан емес. Бізде қызғаныш болған емес. Ол кісі қазір 62 жаста. Тоқал туралы айтқан емес. Мүмкін айтса, қызғаныш болатын шығар. Ол туралы ойламаппын. Бірақ мен әнші болған соң, кейде іс-сапарларға кетіп жатамын. Маған қолдау көрсетеді. Қызғанып, үйде отырғызбайды. Кіммен бас қосатынын о бастан білді. Сондықтан менің өнеріме араласқан емес”, - дейді әнші.