Қадірменді қазақ халқы, спорт жанкүйерлері, мені елім сыйлап құрметтейтін азамат ретінде өз ойымды, пікірімді сіздерге жеткізсем деп едім.
Жақында ғана Алматы қаласында өткен Қанат Исламның жеңісті кездесуінен кейін әлеуметтік желіде Қанатқа қатысты жағымсыз пікірлер туа бастады.
Мен Қанатты бойында қазақи құндылығы бар, тәрбиелі, үлкенді үлкен деп кішіні кіші деп сыйлайтын азамат ретінде біліп сыйлаймын. Қанат нағыз еңбекқор спортшы. Спорттағы жеткен жетістіктерінің барлығы еңбек пен тердің арқасында келген. Қанатпен арласқан адам оның қандай адам екенін біледі.
Бүгінгі күні Қанаттың жеңісі қазақ халқы, қазақ жастары үшін керек жеңіс. Біз мұндай жеңістермен қуанып, Қанаттай бауырларымызды өскелең ұрпаққа үлгі ретінде көрсетуіміз керек.
Ал әлеуметтік желіде Қанат жайлы жағымсыз пікiрлерді жазып жатқан азаматтарға айтарым сіздер айнаға қарап өз-өзіңізге сұрақ қойыңыз! Сіз кімсіз? Отбасыңыз, еліміз, жеріміз үшін не істедіңіз? Сонда сіздің қандай адам екеніңіз белгілі болады.
Қадірменді ағайын, қазақ халқым, тырнақ астынан кір іздеп бір-бірімізді жамандамайық. Мұндай жеңістерімізбен біз мақтанып өз батырларымызды әрқашан құрметтеп, қошеметтеп, бағалап жүре берейік!
Құрметпен, Дәулет Тұрлыханов