Екі айлық қызын теңіз бен бассейнге түсірген Жәния Джуринская елден сөз естіп қалды

08 тамыз 2022, 11:29

Қырқынан жаңа шыққан сәбиін алып, шетелге саяхатқа шыққан Жәния Джуринская елден сөз естіп қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жәния Джуринская маусым айының ортасында тұңғышын босанды. Оған Софи деп әжесінің есімін берді. Саяхаттағанды жаны сүйетін Жәния босанған соң да бұрынғы әдетінен таңбады. Сәбиді қырқынан шығару рәсімін өткізе салысымен, оны алып Түркияға демалысқа аттанды.

"Софимен бірге шетелге алғаш шығуымыз. Жақында ғана ата-ана болғандықтан, жаңа туған сәбимен сыртқа шығуға қатты қорықтық, әсіресе, мен. Бірақ таңғалғаным, бәрі жақсы өтіп жатыр", - деп жазды Джуринская желідегі парақшасында.

Джуринская шетел асып қана қоймай, кішкентай қызын теңіз суына түсіріп үлгерген. 

"Софи теңізде де, бассейнде де емін-еркін жүзіп жүр. Әлде бассейнге түсіруге болмайтын ба еді? Есесіне судан кейін есін білмей ұйықтайды", - деді ол. 
Бұған таңырқай қараған көпшілік актрисаға ұрысып берді. 
"Оған әлі төсекте жату керек. Мұндай экстримнің қажеті не?", "Бассейнге түсірудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Онда хлор мен түрлі бактериялар бар ғой. Баланың терісі сезімтал", "Ол әлі кішкентай ғой, екі айға да толмады", "Білмеймін, өзіміз бала алты айға толғанша емханадан басқа ешқайда бармайтын едік", "Баланы ауыртып алмаңыздаршы", "Бала суық тиіп алғызуы мүмкін, кейін дәрігерлерді кінәлайсыздар. Сәбиді аямайсыздар ма?" - деп жазды желі қолданушылары.

Stan.kz