"Еркек үшін өзіңді құрбан етпе!" Ерке Есмахан қыздарға үндеу жолдады

17 мамыр 2022, 20:11

Бұл жолы Ерке Есмахан еркектерге ұнау үшін түр-келбетін өзгертіп, өздерін құрбан еткен әйелдерді сөз қылған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі , "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.

Instagram-да алты жарым миллионнан астам оқырманы бар Ерке желідегілермен түрлі тақырып төңірегінде әңгімелеседі.

 

Әнші әлеуметтік желідегі "Ерке Story" атты инста-айдарында аптасына бір рет әлемге танымал қыз-келіншектердің тағдыры мен басынан өткен оқиғаларын баяндайды.

 

Осы жолы Кореяның әйгілі әншісі Ханг Миоку мен дүниежүзіндегі ең бай әйелдердің бірі Джоселин Вильденштейннің өткен өміріндегі өкінішті жағдайды жазған. Аты аталған екі әйел де өзі сүйген еркектің жүрегін жаулау үшін түріне түрлі пластикалық ота жасатып, кейін келбеті адам танымастай ұсқынсыз күйге түскен.

 

Дәл осы оқиғалардан ой түйген Ерке Есмахан оқырмандарына еркектер үшін өзін құрбан етудің қажеті жоқтығын айтып, оларға үндеу жолдапты.

 

Қыздар, махаббаттан жаралған адамдардың бәрі сұлу. Көрген сұлу емес, сүйген сұлу. Еркек үшін өзіңді құрбан етудің түк қажеті жоқ. Өзімізді бар түрімізбен қабылдап, дұрыс күтім, жақсы көңіл-күй, позитивті оймен жүрсек, сыртымыз сұлуланады, — деді Ерке Есмахан.