"Қоқыс тастауды доғарыңыздар": Әсел Сағатова тау маңын ластайтын демалушыларға шүйлікті

17 маусым 2022, 12:37

Қазақстандық танымал актриса Әсел Сағатова Алматы маңындағы тауларда демалғанды жақсы көретін адамдарға үндеу жасап, өз наразылығын білдірді. Киножұлдыз оларды табиғат аясында тазалықты сақтауға шақырып, қоқыс тастамауын талап етті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі. 

Әсел Сағатова табиғатты ластап жүрген тұрғындарға деген наразылығын Instagram желісінде жеткізді. Актриса парақшасында өзі түсірген таудағы суреттерді де жариялап қойған. "Достар, бәріміз де тауларымызды жақсы көреміз, оларға тамсанамыз. Әсем табиғат аясында өмір сүргіміз келеді, таза ауамен тыныс алғымыз келеді, таза су ішкіміз келеді. Балаларымыздың дені сау болып өсуі үшін ағаштары жайқалған жүргіміз келеді. Бірақ ол үшін біз не жасап жүрміз? Ең болмағанда қоқысты тастауды доғарыңыздаршы! Таудағы адамдардың мұндай пасық әрекеттерін көру сондай жиіркенішті. Өз өмірімзді өзіміз құртып жатырмыз. Табиғатты аялайық, тазалықта ұстайық", - деп жазды ол. 

Желі қолданушылары өнер иесінің бұл сөздеріне қолдау білдірді. "Әсел, өте дұрыс әрі орынды көтеріліп отырған мәселе. Табиғатты өзіміз ластап, өзіміз улап жатырмыз", "Демалуды білесіздер, ең құрығанда арттарыңызды жинап жүрсеңіздерші", "Сізбен толықтай келісемін. Жан-жағында қоқыс жатқанда, демала да алмайсың", - деп жазды көпшілік. 

KAZ.NUR.KZ