Құралай Омар:"Махаббаттан жолым бола қоймады"

19 қазан 2020, 16:30

Махаббаттан жолым бола қоймады. Былай қарасаң, түр десе түрі бар, ақыл да бар, мінезім де жайлы жақсы қызбын. Неге деп ойлайтын болдым. Мені жақсы көре алмағаны үшін елдерді кінәладым. Бар проблема өзімде екенін түсінбедім. Өзімді сүттен ақ, судан таза қылып ақтап алуды шығардым. Сөйтсем, бәріне өзім кінәлі екенмін. Мен өзге тұрмақ, өзімді де жақсы көрмеппін. Ғашықпын деп, өлең жазып жылап жүргенім бар болғаны өзімде жоқ махаббатты біреуден күтіппін. Ал өзін жақсы көрмейтін адамды кім жақсы көреді?
Қателігімді түсінген соң, айнамен жұмыс істеуді бастадым. Алғашында айнадағы қыздың көзіне қарай алмайтынмын. "Мен сені жақсы көрем" деп әрең айтатынмын. Бір күні ағыл-тегіл жыладым. Айнадағы қызға сырымды ақтардым. Ол да махаббатқа мұқтаж екен. Екеуіміз бір-бірімізді түсіндік. Содан бері мен ол қызбен доспын. Қазір айнаға қарасам, бақытты, көздері сүйіспеншілікке толы қызды көрем.

Инстаграм парақшасынан