"Қызыңыздың тағдыры менікіндей болуы мүмкін": Мөлдір Әуелбекова өзіне тіл тигізген желі қолданушысымен соттасты

18 мамыр 2022, 10:54

Мөлдір Әуелбекова өзіне тіл тигізген желі қолданушысымен соттасты. Әнші мұсылманға тән қасиетпен өзі сотқа берген әйелді кешірді. Бұндай қадамға не себепті барғанын айтты. 

“Біз өнер адамдары өзімізге қатысты түрлі сөздер естиміз, оқимыз. Жағымсыз жазылған былай тұрсын, тым ауыр сөздер айтылған жағдайда да "қойшы, қойшы" дей саламыз ғой. Ел алдында жүріп дәл осы "қойшыға" салынып келе жатқаныма 18 жыл болыпты. Бұл жолы басқаша болсын деп шештім. Себебі, пікір білдіруші Рита ханым менің жеке басымнан бөлек көпшілікке топырақ шашып отыр. Есесіне, мен сотқа беріп, адвокатқа жүгінгенімді білесіздер. Процесс басталып кеткен. Енді, жауабы ол әйел үшін тым ауыр болатынын естіп, көп ойландым. Күнәсін білеміз, ал тәубесін білуші Алла ғана ғой. Кешірім сұрады”, – деді Әуелбеова. 

Әнші өзінің сырт болмысына, киіміне, тіпті жеке өміріне қатысты тіл тигізген әйелді сотқа беріп, қорғаушының көмегіне жүгінген. Алайда оның ауыр жазаға тартылатынын естіп, ойланып қалғанын айтады. Мөлдір ханым желідегі оқырманның өзіне жазған пікірін де көпшілікке жария етті. 

“Мүмкін шынымен тәубесіне келген шығар?!? Тілге тиек деген бар. Ауыздан сөз шығармас бұрын ойланған абзал. Қыз өсіріп отырсыз! Дәл сол өсіріп отырған қызыңызға немесе немереңізге менікіндей тағдыр жазылмасына кепілдігіңіз жоқ! Адамның емес Алланың жазасы ауыр болады! Сәл ойланып сөйлейік!

Жалпы Жаратушымыз мұсылмандарға бір біріне үш күннен артық ренжіспеуді бұйырды. Есесіне, қазақта сөз бар: "жақсы адамның ашуы - шай орамал кепкенше!" Сол енді ойлана келе, өзім тігіп киіп жүрген шай орамалым кеуіп кетіпті! Рита ханымды мен кештім! Сіз кешіңіз! Алла кешсін!”, – деп жазды Әуелбекова. 

Әнші мұсылманның бір-біріне ұзақ ренжуге болмайтынын алға тартып, жақсылықты меңзеді. Көпшілікті кешірімді болуға, абайлап сөйлеуге, біреудің тағдырына сын тақпауға шақырды. 

“Мөлдір ханым, үлгі бола білдіңіз. Мен де сіздің сыртыңыздан ойлаған ғайбаттарым үшін кешіріңіз. Пендеміз ғой. Алла кешірсін. Сіз де кешіріңіз. Маған бұл оқиға үлкен сабақ болды”, “Қазақтың қарапайым қызы! Керемет жансыз! Алланың нұры жаусын! Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз! Сізді де, өнеріңізді де қатты жақсы көремін! Аллам бағыңызды ашсын!”, “Орамалға, киімге тиіскені несі? Жалаңаш жүріңдер ұнамаса”, – деп жазды желідегілер. 

Айта кетейік, Рита есімді әйел Әуелбекованың екі рет тұрмыс құрғанын сөз етіп, әншінің көңіліне тиетін былапыт сөздер жазған. Онымен қоса, орамалын сөз етіп, ар-намысына тиген. Әбден ашуға мінген әнші бұл жолы шыдамы таусылғанын, істі соңына дейін апаратынын айтты.