Лира Қоныс:"Береке мен бақты не тежейтінін айтайын ба?"
Береке мен бақты не тежейтінін айтайын ба? Босағаңызға келген ырыс, несібені ұсақ пайдакүнемдік құртады. Есептесеңіз үйге біраз ақша кіреді, басы артық зат та көп алмайтын сыяқтысыз... бірақ, ақшаның берекесі жоқ, басы құралмай ма? Ұсақ пайдакүнемдікте жатыр бәленің бәрі.
Соткамнан единица кетпесін деп жұмыстың телефонынан сөйлесу, үйінде принтері бола тұра, мекеменің принтері мен ақ қағазын қолдану, гүл егетін болса көшедегі парктен топырақ әкеп отырғызу... аспаз болсаң үйіңе құр қайтпау... жалғастыра беруге болады. Ешкім білмейді деп жымқырған жақсы болғанымен құдай бәрін көріп тұр. Құдайдың алдында бір түйір тарының да сұрауы бар. Сонымен, үйге пайдакүнемдікпен кірген мысқылдай нәрсе - үстіне бірнеше есе пайыз жамап, үйге кіретін адал несібенің құтын қашырып қайта сыртқа шыға бастайды. Олар - біреудің көлігін сырып кету, соткаңызды жоғалту, жап-жақсы жұмыс істеп тұрған тоңазытқыштың бұзылуы... Өзіміз қырсықты үйге ап келгенімізді ұмытып, "осы үйге қанша ақша кіреді, бірақ береке жоқ" деп бақылдаймыз сосын. Былтыр ғой деймін, мысығымыз үшінші қабаттан секіріп, жүре алмай қалды. Оны көрген екі қызым ботадай боздап ветеринарға ап жүгірді. Тырнағын жаралағаны болмаса мертікпепті, шүкір, түсірген рентгені бар, салған уколы бар, сол күні мысық доқтырға $600 беріп шықтық. Үйде апамыз бар еді, долларды дереу теңгемен есептеп, "ойбай-ау, бұл ақшаға біздің ауылда он литр сүт беретін бұзаулы сиыр келеді" деп ұрысты. Мен үндемедім. Себебі, білемін: билет алмай автобусқа мінгенім, метродан секіріп өткенім, ресторанға барсам тегін соус, бұрыш дегендерді жегенімізден бөлек сөмкеме сап қайтатыным... соның бәрін құдай мысықты балконнан секіртіп шығарып тұр да. Адамға ең үлкен жау - өзін жеңу екен ғой, соңғы уақытта осы ұсақтықпен алысып, кейде жеңіп жүрмін) Мысалы, карантин басталғанда балалардың сабағы үшін мектеп тегін интернет тартпақ болды. Үйде интернет бар, айына $80 төлеймін. Бірақ, мына тегін нәрсе нәпсіме жағып, карантин қаншаға созылатынын кім білген, әрі айына $80 қалтамда қала тұрса деп келіскім келді. Бірақ, артынан керек емес дедім, отбасымыз үшін қосылған интернет, карантин болмаса да төлеймін. Құдай берекемізден айырмасын.
Инстаграм парақшасынан