Адамның ақыл-есінен айыратын ақпарат

15 мамыр 2022, 01:28

Қазақтың белгілі қаламгері Асқар Сүлейменовтың «әрнәрсені өз атымен атамай, сау адамды жынды қылу оп-оңай» деген сөзі бар. Жалған ақпарат тыңдаған адам санасына жалғандықты сіңіреді және кейін келе жалғандықты шындық деп қабылдайтын болады. Ақпараттың аранына түсіп, ақыл-естіне айрылғыңыз келмесе, өзіңізге қажетті пайдалы ақпарат пен шынайы ақпаратты таңдап-талғап алғаныңыз дұрыс болады.

Ақпараттың аранына түсу қауіпті

Қазір әлем халықтары Украйнадағы соғысқа қатты назар аударып отыр. Өйткені, бұл соғыстың тағдыры 21-ші ғасырдағы бейбітшілікті сақтап, бейбіт қатар өмір кешу жүйесін өзгертуге ықпалын тигізбек. 1945 жылы қыркүйекте аяқталған екінші жаһан соғысынан кейін ара-тұра болып тұратын қарулы қақтығыстар мен жекелеген елдердегі текетірес соғыстарды былай қойғанда, адамзат баласы бейбіт тірлік кешіп келе жатыр. Жетпіс жылдан астам уақытқа созылған осы бейбіт  өміріміз әлемдегі қалыптасқан саяси жүйеге байланысты екені даусыз шындық.

Егер тарихқа назар аударып қарасақ, барлық соғыстардың астарында жерге қатысты даудың жатқанын бағамдау қиын емес. Күші басым ел әлсіздеу елдің жерін күшпен тартып алғысы келеді де, осыдан соғыс туады. Ал қазіргі қалыптасқан халықаралық шарттарға сай қуатты елдер әлсіз елдерге күш қолдануына болмайды. Мәселен, Еуропада Сент Луис деген мемлекет бар, тұрғындарының саны 350 мыңдай ғана. Жер асты байлығы жоқтығына қарамастан, бұл ел әлемдегі аса бақуатты мемлекеттердің бірі. Ол елдің өз валютасы, әскері де жоқ. Соған қарамастан, айналасындағы қуатты елдер оны басып аламыз деп көз алартпайды. Өйткені, қалыптасқан халықаралық шарт бар.

Ал ресейдің Украйнаның Қырым түбегін тартып алуы, бүгінгі күні баса көктеп кіріп, бейбіт халықты қырып-жоюы – сол қалыптасқан халықаралық шарттың тас-талқанын шығаруға бағытталған. Егер ресей жеңіп, Украинаның жерін тартып алар болса, онда ұзақ жылдар бойы жер шарында бейбітшілікті сақтауға негіз болып келген халықаралық шарт жұмыс істемейтін болады. Онда күшті елдер әлжуаз елдерді басып алып, жерін, байлығын тартып алуға ден қоя бастайды. Ал бұл бейбітшілікті жойып, соғыс өртін тұтатады.

Міне, осы себептен әлем елдерінің назары қазір Украинадағы соғысқа ауған. Осы арада ақпараттың құдыретін көсрететін мынай жайға назар аударуға тура келеді. Украйнадағы болып жатқан жағдайдан барша әлем хабардар. Ресейдің алыстан ататын қанатты ракеталары мен ұшақтарынан тасталған бомбалардан Украинаның қаншама қалалары қиратылып, бейбіт тұрғындар қаза табуда.

Бұл жайдан барша әлем елдері шынайы ақпарат алып отырғанда, ресей телеарналары түгел өз халқына жалған ақпарат таратып, соның салдарынан ресейліктердің басым көпшілігі Украйнадағы соғыстың мәнін түсінуден қалған. Телеарналардан ақпарат алатын ресейліктер мен шетелдерде тұратын орыс азаматтары бұл соғысқа Украйнаның ұлтшылдары кінәлі және бейбіт халықты қырып-жойып жатқан да солар деп түсінеді.


Мына жайға назар аударып қараңыз: Украйнаның ұлтшыл фашистері  өз халқын қырып-жойып, өлтіріп, қалаларды атқылап талқандап жатқан көрінеді. Яғни, Украйнадағы соғыс негізінен украин халқы мен украиндық ұлтшылдардың арасында жүріп жатыр. Ал ресейлік әскерилер болса жоғары дәлдікпен атылатын ракеталар арқылы ұлтшылдардың әскери нысандарын жойып, халықты олардың тепкісінен құтқаруға күш салуда.

Қазір екінің бірінде интернетке қосылған камерасы бар  смартфон телефоны бар.  Кез-келген адам қалағанын видеоға түсіріп, интернетке сала алады. Украинадағы қанды қырғын туралы сондай қарапайым адамдардың түсірген видеоларынан бөлек, Белсат, Нехта сияқты тәуелсіз ақпарат құралдары таратқан шынайы ақпараттар да аз емес. Бірақ ресейлік арналар жеке адамдардың видеоларын да, тәуелсіз ақпарат құралдарының хабарларын да «феик», яғни қолдан жасалған жалған ақпарат деп, халықты соған иландыруда.

Осындай теріс ақпаратты саналарына сіңірген ресейліктер өз елдерінің Украинаға жасаған басқыншылық соғысын қолдап қана қоймай, соғыста Украинаға қолдау көрсетіп жатқан Батыс елдерін, оның ішінде АҚШ-ты жерден алып жерге салуда. Олардың пайымынша, қазір барша әлем  ресейге қарсы күресуде. Осыған орай, ресей әділдік пен шыншылдықтың жалғыз тірегі болып қалған.

Жаман ақпарат санаңызды улап, жамандыққа шақырады

21-ші ғасырды ақпарат ғасыры деп текке атамаса керек. Қазір  интернеттің дамуына байланысты кез-келген ақпаратқа қол жеткізуге болады. Соған орай, адамдардың, әсіресе саналары толыспаған жастардың, теріс ақпарат алуының салдары ауыр болатынын өмір көрсетіп отыр.

Күні кеше әлеуметтік желіде елордадағы бір мектепте бірінші сыныпта оқитын баланы жетінші сыныптың бір топ баласының жабылып зорлағаны туралы ақпарат жарияланды. Ер баланы кәмелетке толмаған оқушы балалардың зорлауы ақылға сыйымсыз арсыздық. Бұндай сорақылық қайдан келді? Әрине, интернет арқылы таралатын теріс ақпараттың салдары бұл.

9 мамыр жеңіс күні бір топ орыс ұлтының өкілдері көшеге қызыл туларын, ресейдің үш жолдақ туларын желбіретіп шеруге шықты. Оларды МАИ қызметкерлері тоқтатып, жолын бөгеді. Жап-жас жігіттер мен қыздардың түрлерінен өздерінің бұл әрекеттерінің дұрыстығына деген зор сенімді көруге болады. Қазақстан деп аталатын тәуелсіз елде тұратын бұл азаматтардың  құрып жоғалған КСРО мен өзге елдің  туын желбіретіп шерулетуі заңсыз екендігін білмеді деуге болмайды. Оның астарында сол ресейлік телеарналардың ақпаратының  әсері жатқаны анық.

Жақсы ақпарат сізді жақсылыққа жетелейді, ал жаман ақпарат санаңызды улап, теріс жолға итермелейді. Бүгінде ақапарт алуға мүмкіндік мол және кімнің қандай ақпаратты болсын өз таңдауымен алуына құқы бар. Десе де, санаңызды улап, теріс жолға түсіп адаспас үшін, шынайы және пайдалы ақпарат алуға ынталы болғаныңыз жөн.

akikat01.com