Сұрақ-Жауап. Кеңес

Адыраспан туралы не білесіз?

  • © Islam.kz

    © Islam.kz

Адыраспан – түйе табандар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. Сабы мен гүлінде у болады. Ол сасық иісті, дәрілік шөп болып саналады. Биіктігі – 30-80 см. Тау беткейлерінде, жолбойында, жазық далаларда өседі.


Қазақстанда оның үш түрі бар. Бір түрі шөл-шөлейтті, сортаңды жерлерде, әсіресе Шу, Іле, Сырдария, Сарысу өзендерінің бойындағы тақырланған жайылымдарда өседі. Оның сабағы бұтақты, салалы тамыры 10 метр тереңдікке жетеді. Гүлі – ақ, сары түсті. Мамыр, шілде айларында гүлдейді.


Биология ғылымдарының кандидаты, палинолог Саида Нығметова бұл шөп осыдан 2 мың жыл бұрын халық арасында кеңінен қолданыста болғанын айтады.


"Бұрынғы заманда адамдар табиғатпен тығыз байланыста болды. Олар шөптердің қасиетін жақсы білді. Адыраспан – Орталық Азияда жиі өсетін шөп. Улы болғандықтан мал жемейді. Адамдар "төрт түлік мұны неге жемейді?" деп оған назар аударса керек. Оның ерекше қасиетіне сенген", - дейді ғалым "Адыраспан" деректі фильмінде.


Адыраспан қайда өседі


Адыраспан халық арасында "белобок", "исрык", "бибик", "адыраспан", "испанд", "хазориспанд", "исирик", "хармаль" және тағы басқа атаулармен таныс. Ол Орталық Азияда, Ресейдің Еуропа бөлігінің оңтүстігінде, Кавказда, оңтүстік Еуропада, Солтүтік Африкада, Таяу Шығыс пен Моңғолияда, Қытайда өседі.


Адыраспан қандай ауруларға ем


Адыраспанның бұтағы, жапырағы мен гүлі емдік мақсатқа пайдаланылады. Атақты ғалым, дәрігер Әбу Әли ибн Сина оны сегізкөз (крестцовая кость, құйымшақ) қабынған кезде шаншуды басатын дәрі ретінде қолданыпты.


Халық емшілері адыраспан ревматизм, қышыма және басқа да тері ауруларын емдеуге пайдаланады. Оның шөбінен қайнатып жасалған тұнба суық тигенде, безгек ауруларына, нерв жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болып саналады. Адамдар оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді әрі жұқпалы сырқаты бар адам жатқан бөлмені залалсыздандырады.


Адамдар ежелден адыраспанның ұрығын зығыр тұқымымен қосып демікпені емдеген. Сондай-ақ қара немесе қызыл бұрышқа араластырып теңге қотырға (псориаз) жағады және несеп жүргізетін, тер шығаратын дәрі ретінде қолданады. Адыраспанды мыңжапырақ гүлдерімен, киікотымен, шөпшай гүлімен қосып қайнатады да, онымен асқазан сөлінің азаюын, яғни гипоацид гастритін емдейді.


Адыраспан шөбінің қайнатындысы мен тұнбасы ауруды басып, адамды тыныштандырады, сырқатты асқындырмауға, тер шығаруға көмектеседі. Тұнбасы суық тигенде пайдаланылады. Ал қайнатындысы ауыз қуысы мен тамаққа суық тигенде ауыз шаюға, басқа да шөптермен қосып аяқты жууға қолданылады. Адыраспанды тасшөппен, қараңдыз тамырымен қосып қайнатады да, радикулитті, сегізкөз (крестцовая кость, құйымшақ) невралгиясын емдеуге қолданады. Бұл ауруларды емдеген кезде жоғарыдағы қайнатындыны ішумен бірге шөбімен белді булау да жақсы нәтиже беретіні байқалады.


Ғалымдар не дейді?


Адыраспанды зерттеу барысында оның құрамында гармалин бар екені анықталған. Ол – антидепрессант. Дәрігерлер адыраспан жүрек қағысын тұрақтандырып, оның құрамындағы гармалиннің гидрохлориді туберкулез қоздырғыштарына қарсы тиімді күреседі дейді.


Сондай-ақ ол сал ауруы мен Паркинсонді емдеуде қолданылады. Бұл шөптің құрамындағы пеганин (вазицин) демікпені емдеуде оң әсерін береді. Адыраспандағы дезоксипеганин гидрохлориді іш жүргізетін дәрі ретінде қолданылады.


Сонымен қатар невралгия, миопия және басқа жүйке ауруларын емдеуге қолданылады. Шөптің құрамындағы пеганидин микробтарға қарсы күресуге мүмкіндік береді.


Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы институттың ғылыми қызметкері Эльмира Капсалямова адыраспанның емдік қасиеттері ғылыми түрде дәлденгенін айтады.


"Адыраспанның фармакологиялық қасиеті бар. Бактерияларға қарсы күресе алады. Мұның барлығы зерттеу барысында анықталды. Бұл бағытта көптеген магистрлік диссертация қорғалады деген үміттемін. Біз бұл өсімдікті ғылыми түрде енді ғана зерттей бастадық", - дейді доцент, фармацевтика ғылымдарының кандидаты.


Адыраспан үйді жын-шайтандардан тазарта ма?


Бұл шөпті қазақ киелі өсімдік деп санайды. Сондықтан халық арасында оны "бәле-жаладан сақтайды" деп үйдің ішіндегі көрнекілеу жерге, кереге басына іліп қояды. Ал жаңа үйге кірерде босағаға "жын-шайтан мүлдем жоламасын деп" адыраспанмен аластаған. Сонымен қатар, жын-шайтандардан тазарту үшін адыраспанның бір бұтағын отқа салып тұтатып, үйді аластайтын болған.


Сонымен қатар адыраспан психоделиктер қатарына жатады. Оны көп мөлшерде қолдану адамды транс (естен айыру) жағдайына түсіруі мүмкін. Тарихта италиялық ұлы суретші, ғалым Леонардо да Винчи, итальялық мүсінші, кескіндемеші, сәулетші Микеланджело Буонарроти адыраспанды дүниетанымын кеңейту, шығармашылық әлеуетін арттыру үшін пайдаланды деген деректер бар.


Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы институттың ғылыми қызметкері Эльмира Капсалямова бұл шөптің психоделикке жататынын анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізілгенін атап өтті.


"Адыраспан көп жерде өседі. Сондықтан бұл шөптің фармакологиялық қасиеті бар-жоқтығын анықтау үшін зерттеу жұмысын жүргізу қажет болды. Оны біздің институттағы магистрант жүргізді. Зерттеу барысында өсімдіктің психоделикке жататыны анықталды", - дейді фармацевтика ғылымдарының кандидаты.


У ретінде қолданған


Бұрынғы заманда моңғолдар адыраспанды у ретінде пайдаланған көрінеді. Олар оны жауының ұлтарағына жаққан. Бірнеше күннен соң адам өлген.


Ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы, батыр, шешен Сырым Датұлын адыраспанмен улады деген дерек бар. Батырдың үзеңгісіне осы уды жаққан. Сырым Датұлы у табаны арқылы жұққанын білген кезде жанындағыларға аяғын тізесіне дейін шауып тастауды сұрапты. Бірақ батырдың аяғынан шабуға ешкімнің батылы бармаған. Салдарынан отарлау саясатына қарсы күрескен қолбасшы қаза тапқан.


Sputnik


 




Көрілген: 5165    Пікірлер: 0

жексенбі, 02.06.2019, 21:23

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    14 Шілде, 22:45
    Өзіңді дамыту
    16 Маусым, 20:02
    Ақша үнемдеудің 5 жолы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31