Алматыда жер учаскесінің нысаналы мақсатын қалай өзгертуге болады

01 наурыз 2022, 14:15

Алматы қаласы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы жер учаскенің нысаналы мақсатын қалай өзгертуге болатындығын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

«Жер учаскесінің әрбір меншік иесі оның мақсатын өзгертуге құқылы. Аталған мемлекеттік қызмет ҚР Жер кодексінің 49-1 бабымен және «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларымен реттеледі. Қызмет тегін. Өтінімді электронды портал арқылы беруге болады. Ол үшін жер учаскесінің кадастрлық нөмірін, жер учаскесінің сұратылған нысаналы мақсатын, жер учаскесінің алаңын, учаскеге құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарының нөмірі мен күнін және бюджет кірісіне төлеу қажет болған жағдайда, жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнының электрондық актісінің көшірмесін көрсету қажет»,- деп мәлім етті басқармада.

 

Өтініш беруші өтініш берген соң, хабарлама алады. Онда жер учаскесінің нысаналы мақсатына өзгерту немесе одан бас тарту мәселесі бойынша шешімді алған күні көрсетіледі.

 

Өтінішті қарау кезінде мемлекеттік органдар жер учаскесін қаланы дамытудың Бас жоспарына және ауданды егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарына сәйкес сұратылған мақсаты бойынша пайдалану мүмкіндігін айқындайды.

 

Жер қатынастары басқармасы шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектілеріне олардың өтініштері бойынша жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерткені үшін төлемді 10 жылға дейінгі мерзімге бөліп төлеу берілетінін хабарлады.

 

«Электрондық қаулыны электрондық порталдың жеке кабинетінен жүктеуге болады. Қаулының түпнұсқасын (қағаз түрінде) басқарманың кеңсесінен мына мекенжай бойынша алуға болады: Абай даңғылы 90 (Алматы бас жоспары ғимараты), 1-қабат. Барлық сұрақтар бойынша 229-21-82 нөміріне хабарласыңыз», - деп хабарлады қалалық жер қатынастары басқармасында.