Алматылықтарға Жаңа жылда үйге Аяз ата шақыруға рұқсат бар ма?

28 желтоқсан 2021, 08:51

 Биыл Алматының санитария дәрігерлері мектептер мен балабақшаларда жаңа жылдық ертеңгіліктер өткізуге тыйым салды. Алайда кейбір ата-аналар балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлағысы келеді. Сондықтан Аяз Ата мен Ақшақарды үйге шақырады. Жаңа жылдық кейіпкерлерді шақыруға рұқсат бар ма және вирустан қалай қорғану керек деген сұрақтарға қаланың бас санитария дәрігерінің орынбасары Сәдуақас Байғабылов жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

 

Оның айтуынша, биыл балаларға үй жағдайында мерекелік шара ұйымдастыруға тыйым салынбайды. Алайда алматылықтарды кейбір сақтық шараларын сақтауға шақырады.

 

"Алматылықтар жаңа жыл қарсаңында Аяз Ата мен Ақшақарды балаларын құттықтауға, мереке өткізуге шақырады. Биыл тыйым салынбайды, бірақ өзіңізді, туыстарыңызды және жақындарыңызды қорғау үшін бірнеше ұсыныс айтамыз. Себебі алматылықтар арасында COVID-19 жұқтыру дерегі жалғасып жатыр.

Аяз Ата мен Ақшақарды шақырмас бұрын, ертегі кейіпкерлерінде вакцина паспортының немесе теріс ПТР тестінің (72 сағаттан аспайтын) болуын алдын-ала нақтылау қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік қашықтық, бетперде тағу және қол гигиенасы туралы ұмытпаңыз. Тек осы жағдайда ғана ата-аналардың көңілі тыныш болуы мүмкін", - деді Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәдуақас Байғабылов.

 

Сондай-ақ, ол биыл жаңа жылдық корпоративтер алматылықтар арасында пандемия басталған кезге дейінгідей аса танымал емес екенін айтты.

 

"Негізгі дәлел - қала тұрғындарының алаңдаушылығы және халық көп жиналатын жерлерде коронавирус инфекциясын жұқтырудан қорқуы. Халық мерекелік кештен кейін COVID-19-бен ауырып, аурухана төсегінде жатқысы келмейді, керісінше отбасымен жаңа жылды қарсы алғысы келеді", - деп толықтырды Байғабылов.