Бүгінгі күні санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бақылауында 234 қала сыртындағы сауықтыру лагері бар. Оның ішінде жыл бойы жұмыс жасайтыны -18, қалған 216 - сы маусымдық лагерь. Жыл бойы қызмет көрсететін ұйымдар санитарлық эпидемиологиялық қорытындыны объектіні пайдалану алдында бір рет, ал маусымдық лагерлер сауықтыру кезеңі басталғанға дейін алуы қажет, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі таңда 34 лагерь балаларды қабылдауға дайын. Алдын ала деректер бойынша алдағы сауықтыру маусымында 12 лагерь қызмет көрсетпейді.
Демалыс орындарын таңдау кезінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі сауықтыру ұйымдарындағы келесі деректерге назар аударуды ұсынады:
- балалардың тұру орны. Балалар бөлмелері кең, жарық, жаңа немесе жаңартылған болуы тиіс, жеке заттарды сақтауға арналған жағдайлар қарастырылады. Бөлмедегі балалар саны, терезелердің ашылу жағдайлары, бөлмені желдетіп тұру мүмкіндіктері, тазалау жұмыстарының жүргізілу жиілігі, жеке жуынатын бөлмелердің болуы және оның балалар тұратын қабатта, яғни көп қабатты ғимаратта немесе коттедждерге орналасу мүмкіндігінің бар-жоқтығына назар аударуға кеңес береміз. Төсек-орынның жабдықтарын ауыстыру ластануына қарай, бірақ күнтізбе бойынша жеті күннен сирек болмауы қажет;
- тамақтану (шатырлы (киіз үй) типте болса да) толыққанды және теңгерімді, балалар организміне есептелген мөлшерде болуы тиіс. Баланы күніне кемінде 4-5 рет тамақтандыру керек және түскі асқа міндетті түрде ыстық тамақ беріледі. Ата-аналар тағамның сапасы мен қауіпсіздігіне сенімді болуы керек, сондықтан алдын-ала ұсынылған мәзірмен танысқан жөн;
- балалар демалысын ұйымдастыруда қауіпсіздік басты назарда. Әрқашан аумақтың сенімді қоршалғанын, оның күзетілетінін (бейнебақылау камераларымен жабдықталған), түнде құлыппен бекітілетіндігін және балалар оны өз бетінше аша алмайтынын, сонымен қатар лагерьге бөтен адамдардың кіруінен сенімді қорғалғаны жайлы анықтау қажет. Балалар ұзақ уақыт қараусыз қалмайтынына да көз жеткізу маңызды.
Сондай-ақ, лагерьде күзет пен медициналық қызметкерлердің болуына назар аударған дұрыс. Жақсы көңіл-күй мен әл-ауқат қана емес, кейде баланың денсаулығы да осындай қарапайым нұсқауларға байланысты екенін де ұмытпаған абзал.