Аулада көлік қыздыруға бола ма, жоқ па?

04 қараша 2018, 22:14

Айыппұл салына ма? Kolesa.kz сарапшылары жауап берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Көлікті қыздырып қойып, жылы салонға топ етіп отыра қалу кімге болсын ұнайды. Ал сарапшылар дизель көліктерін алдымен қыздырып алмай тіпті орнынан қозғауға болмайтынын айтады. Бірақ таң сәріде он адам бір уақытта аулаға шығып, көліктерін қыздыра бастаса, қалай болады? Бұған өзге тұрғындардың, әсіресе үлкен кісілердің қуана қоймайсы анық. Сонымен аулада көлік қыздыруға бола ма, жоқ па? Бұл сұраққа Kolesa.kz сарапшылары жауап берді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

ҚР Жол қозғалысы туралы ережесінің 12-пунктіне сәйкес, қозғалтқышы қосулы тұрған көлік құралдары көршілеріне қолайсыздық тудырған жағдайда ғана оған тыйым салынады.

Мамандардың сөзіне сүйенсек, көршілер наразылық танытпаса, көлікті аулада қыздыруға болады. Полицейлер де оған тыйым салып, жазалай алмайды екен.

– Бірақ Жол қозғалысы туралы ережеде қозғалтқышы қосулы тұрған көліктің тұрақтауына тыйым салынатынын ескеру керек. Ережеге сәйкес, көлік белгілі бір себептерге байланысты 5 минуттан аса уақытқа тоқтатса, ол оның тұрақта тұрғанын білдіреді. Егер де сіз көлігіңізді оталдырып, ол қызғанша үйге кіріп кетсеңіз, бұл ереже бұзушылық болып танылады. Бұл ретте сіз көлікті ұзағанда 5 минут қана қыздырғаныңызды дәлелдеуіңіз қажет болады. Бірақ оған полицейлер назар аудармауы да мүмкін. Сондай-ақ қырағы көршілер бұл ереже бұзушылықты видеоға түсіріп, тәртіп сақшыларына жолдауы мүмкін, – дейді мамандар.

Түйін: ҚР Әкімшілік құқық бұзушлықы туралы кодексінің 597-бабының 1-бөлігі бойынша («Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу») – бірінші рет 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал бір жылда екінші рет қайталанса, 10 АЕК көлемінде айыппұл төлеу қажет болады. Полицейлердің аулада көлік қыздырған жүргізушілерге қолданған жазалары жайлы статистика да бар. Ол деректердің барлығы көлікті тұраққа қою ережелерін бұзған деп тіркеледі.