Ғалымдар ұзақ өмір сүру үшін қанша қадам жаяу жүру керек екенін есептеді

08 наурыз 2022, 11:24

АҚШ-тың Массачусетс университетінің ғалымдары ұзақ өмір сүру үшін күнде қанша жаяу жүру керек екенін есептеді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Сарапшылар әртүрлі елдерден келген 18 және одан жоғары жастағы 50 000 адамның деректеріне талдау жасады. Қатысушылар төрт топқа бөлінді: бірінші топ күніне 3,5 мың қадам жүрді, екінші топ – 5,8 мың, үшінші топ – 7,8 мың, төртінші топ – 10,9 мың қадам жаяу жүрді. Зерттеу нәтижелері Lancet Public Health журналында жарияланды.

 

Сарапшылар көп жаяу жүрген үш топта белсенділігі төмен топқа қарағанда өлім қаупі 40-53 пайызға төмен екенін анықтады.

 

Ғалымдар сондай-ақ 60 жастан асқан адамдар өлім қаупі бірте-бірте азаюы үшін күніне 6-8 мың қадам жүруі керек екенін анықтады. 60 жасқа толмаған адамдарға денсаулық пен фитнесті сақтау үшін 8-12 мың қадам жүру ұсынылады. Сонымен қатар, зерттеушілер жаяу жүрудің қарқындылығы маңызды емес екенін атап өтті.

 

Бұған дейін Массачусетс технологиялық институтының (MIT) ғалымдары әртүрлі емдеу әдістерімен науқастың ауруының ағымын болжайтын G-Net нейрондық желісін жасаған болатын.