Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жәрдемақы мен әлеуметтік көмек беру тәртібі қандай?

25 желтоқсан 2012, 13:17

Менің үш балам бар. Желтоқсан айының соңында кіші балам бір жасқа толып, ай сайынғы жәрдемақы тоқтатылады. Отағасының жалақысы – 55000 теңге. Осы орайда менің білгім келгені, біздің отбасымызға Үкімет тарапынан қандай жәрдемақылар мен әлеуметтік көмек берілуі тиіс?
Жазира ЖАҢАБАЕВА,
Жамбыл облысы
Әлеуметтік қорғау саласы маманының айтуына қарағанда, отбасының орта есеппен жан басына шаққандағы айлық табысы белгіленген азық-түлік себетінің құнынан (азық-түлік себетінің құны ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 % мөлшерінде анық­талады. Ең төменгі күнкөріс деңгейі респуб­ли­каның әр аймағында әртүрлі болуына байланыс­ты азық-түлік себетінің құны да бірдей болмайды) тө­мен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы алуға құқылы. Әр балаға берілетін жәрдемақының мөлшері 1 айлық есептік көр­сеткішті немесе 1 618 теңгені құрайды.
Бұдан басқа белгіленген кедейлік шегінен (ке­дей­лік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 па­йы­зы мөлшерінде анықталды) отбасының жан ба­сына шаққандағы орташа айлық табысы төмен бол­ған жағдайда мемлекеттік атаулы әлеуметтік кө­мек алуға үміткер бола алады. Бұл көмектің айлық мөлшерін уәкілетті орган отбасының жан ба­сына шаққандағы орташа табысы мен облыста белгіленген кедейлік шегі арасындағы айырмасы түрінде есептейді. Сонымен бірге тұрғын үй көмегі сол жерде тұрақты тұратын және тұрғын жайдың меншік иесі немесе жалдаушысы (қосымша жалға алушылары) болып табылатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен беріледі. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi ат­қару органдары белгілейді. Бұдан басқа, облыс, қала және аудан әкімдері, меншік нысанына қарамастан, ұйым­дардың, қоғамдық бірлестіктердің басшыла­ры­на өз құқығы мен құзыры шегінде әлеуметтік қор­ғауға мұқтаж азаматтарға әлеуметтік қолдау жөнінде қо­сымша шараларды белгілеу құқығы берілген.