Қаржыны қайда салған пайдалы?

23 желтоқсан 2021, 08:44

Дағдарыс кезінде қолда бар қаржыны текке шығындаудан бөлек, оны сақтап, көбейте білу де аса маңызды мәселе. Осы орайда, бұл мәселеде көзі ашық азаматтардың кеңестеріне де құлақ түре жүрген жөн. Олар былай дейді:

* Артық ақшаңыз болса, оны «өлі күйде», яғни сандықта сақтамаңыз. Оған жұмыс істетіңіз, ол «бірді екі етуі» тиіс.

* Ақшаны жылжымайтын мүлікке салған жақсы. Үй, пәтер алып қойсаңыз, оған әрқашан да сұраныс бар, сатуға, жалға беруге болады.

* Ақшаны банкке, депозитке салуға да болады. Бірақ ол үшін сенімді, мықты банк таңдай білу керек. Сондай-ақ қандай валютада салу керегі де үлкен мәселе, бұған аса мән беру керек. Инфляция жайы жадыңызда жүрсін.

* Ақшасы көптер оны акцияға салуға құмар. Дегенмен дағдарыс кезінде бұл тәуекелді қажет ететін амал. Қысқасы, мұны карта ойынына теңеуге болады. Ұту да, ұтылу да әп-сәтте. Ең дұрысы – мемлекет қолдап отырған үлкен компаниялардың акциясын алу. Дағдарыс кезінде олардың акциялары арзандап кетеді, бірақ жағдай оңалғасын мемлекет олардың есін жинату үшін түрлі қолдаулар көрсетеді. Сол кезде акциядан қосымша табыс табуға болады.

* Ақшаға алтын алған дұрыс. Мұның үш түрлі жолы бар: 1. Құймаларға ақша салу. Бұл ақша құнын жоғалтпауы үшін керек, яғни ақша жаратылмайды, құрымайды, сақталады. 2. Металл-шотқа салу. Бұл да ақшаны сақтаудың бір жолы. 3. Әшекей бұйымдар алу. Бұл бір жағынан «ақымақтың ісі» болып көрінеді. Дегенмен ақшаның «сабанға» айналғанынан алтынға айналғаны артығырақ. Алтын құнын жоймайды, сасып-бықсымайды, тұра береді.

* Ақшаны бизнеске, бірдеңені сатып алып, үстеме бағаға сатуға салған да тиімді. Көбейте түсуге әрекет еткен дұрыс. Оған жұмыс істету және оны сақтау амалдарын жасау керек.

* Ақшаны денсаулықты күтуге, білім алуға жұмсасаңыз да өкінбейсіз. Ол сізге бәрібір пайда әкеледі.

* Ғаламторды жақсы меңгерген болсаңыз, осы кездері арзандаған сайттарды да сатып алуға болады. Бірақ сіз оның өзін басқаша жұмыс істетуіңіз, ол сізге кіріс әкелуі керек.

…Қысқасы, артық ақшаңыз болса, онда оны астыңызға басып отыра бермеңіз. Ол балапан басып шығаратын күрік тауық емес. Босқа жатып таусылмасын. Іске салыңыз, көбейтуге тырысыңыз, сақтаңыз. Ойланып, тиімді қадамдар жасаңыз.

А. СЕМБЕК.

zamana.kz