Қытайлықтар бір айда қанша ақша жұмсайды?

02 қараша 2020, 02:18

Қытай тұрғындары бір айда шамамен 650 миллиард доллар жұмсаған, деп хабарлайды «Хабар 24». Тұтынуды ынталандыру акциясының нәтижесі осындай.

Аспан асты елінің тұрғындары ақшасын көбіне қайда жұмсаған? Тұтынуды ынталандыру ақциясының мақсаты қандай? Тұтынуды ынталандыру ақциясы аясында Қытайдың 200 қаласында 3 мыңнан аса шара ұйымдастырылған. Сөйтіп тұрғындардың бір айда ақшаны көбіне көлікке, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары, туризм мен қоғамдық тамақтануға жұмсағаны белгілі болды. Жалпы биыл елде қос айналым саясаты жарияланған болатын. Сыртқы айналым халықаралық нарыққа, ал ішкісі жергілікті сұранысты арттыруға бағытталған. Әсіресе соңғысына көп басымдылық беріліп отыр.

Қытай мемлекеттік статистикалық басқармасының ресми өкілі Ли Айхуа: "Тұтынушылар арасындағы сұраныс тез қалпына келе бастағанымен, үшінші тоқсанда тұтыну көрсеткіші экономикалық өсімнің 1,7 процентіне ғана жетті. Биыл алғашқы 9 айда тауардың бөлшек саудасы шамамен 7 пайызға азайды. Бұл тұтыну деңгейінің төмен екенін көрсетеді. Сол себепті оны ынталандыру қажет" деді. 

 Билік 11 қарашада атап өтілетін бойдақтар күніне көп үміт артып отыр. Ол кезде жергілікті дүкендер ірі акциялар ұйымдастырады. Ірі онлайн платформалар осылайша миллиард сатып алушыны тартуға ниетті. Өткен жылмен салыстырғанда жеңілдікпен сатылатын тауарлар саны биыл екі есе көп болмақ. Өйткені коронавирус тұрғындардың, әсіресе тұрмысы төмен халықтың қалтасын қақты. Сондықтан Қытай билігі қазіргі уақытта кедейлікпен күреске, ішкі тұтынуды дамытуға басымдық беріп отыр.