МӘМС жүйесіндегі мәртебеңізді қалай білуге болады?

05 наурыз 2022, 22:20

Егер сіз сақтандырылған мәртебеңізді және өзіңіз үшін жарналардың түсетінін не түспейтінін білмесеңіз, оны бірнеше жолмен тексеруге болады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының елордадағы филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

 

Көп адамды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық көмекті қалай алуға болады деген сұрақ ойландырады. Өйткені МӘМС бойынша тар бейінді дәрігерлердің консультациялары, гормондарға талдаулар, КТ/МРТ және басқа да қажетті диагностикалық қызметтер қолжетімді болып келеді.

 

Бірінші қадам – өзіңіздің сақтандыру мәртебеңізді тексеру.

 

Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебеңізді бірнеше жолмен тексеруге болады:

 

Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы

 

Ол үшін «Денсаулық сақтау» бөлімінде «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударылған аударымдар және (немесе) жарналар сомасы туралы ақпарат беру» қызметін табу, «Қызметке тапсырыс беру» батырмасын басу, ЖСН-ді енгізу қажет. Нәтиже 10 минут ішінде дайын болады.

 

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz ресми сайты арқылы

 

«Мәртебені анықтау» қалқымалы терезесі сайт бетінің оң жақ бұрышында орналасқан. Оны басу және ЖСН-ді енгізу жеткілікті.

 

 Goldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы

 

PlayMarket немесе AppStore-да қосымшаны жүктеп алыңыз. Мәзірде «Сақтандырылу мәртебесін тексеру» бөлімін таңдап, ЖСН-ді енгізу қажет. Терезеде мәртебе және алдыңғы 12 айға төлемдердің болуы туралы ақпарат пайда болады.

 

Telegram-дағы @SaqtandyrýBot арқылы

 

Ботты іске қосу үшін мына сілтемені ашу керек: https://t.me/SaqtandyryBot немесе іздеу жолына оның атын енгізіңіз, содан кейін «Сақтандыру мәртебесін анықтау» бөлімін таңдаңыз, ЖСН-ді енгізіңіз. Алдыңғы 12 айдағы төлемдердің жағдайы мен бар-жоғы туралы ақпарат көрсетіледі.

 

Сақтандырылған мәртебеңіздің бар екенін тексергеннен кейін, сіздің МӘМС тізбесі бойынша сақтандырылған азаматтарға көрсетілетін медициналық қызметтерді пайдалануға құқығыңыз бар. Ол үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізушісі болып табылатын алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың біріне бекітілгеніңізді тексеру қажет. Бекітілмеген жағдайда, egov.kz. сайты арқылы бекітілуге өтінім беріңіз.

 

Қазіргі уақытта МӘМС жүйесінде 82% елорда тұрғыны сақтандырылған. Әлі 222 530 қала тұрғыны қамтылмай, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар, мәртебесі болмаса да, тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы сынды медициналық көмек ала алады, - деп атап өтті қордың елорда филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров