Полицейлер интернет алаяқтарға алданбаудың жолын айтты
Қостанай облысының полиция департаменті тұрғындарды интернет-алаяқтардан абай болуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 
Қостанай облысы криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Олжас Мағыпаровтың айтуынша, 2020 жылы интернет-алаяқтықтың 798 фактісі тергелді.
 
Қылмыстың ең көп таралған түрі &ndash онлайн несие беру. Бұл жағдайда алаяқтар жалған жолмен азаматтардың дербес деректерін алады немесе онлайн-қарыздарды рәсімдеу үшін жоғалған құжаттарды пайдаланады.
 
Өткен жылы мұндай 200-ден астам іс ашылды.
 
«Адамдар алдын ала төлемді банктік шотқа немесе виртуалды KIWI әмиянға аударады. Мұның жалған тауарларды сатып алу екенін біле бермейді. Пандемия кезінде адамдар электронды әмияндарды, «интернет-банкингті» жиі қолдана бастады. Алаяқтар уақыт өткен сайын жаңа айла-тәсілдерді ойлап табуда», &mdash дейді полиция қызметкері.
 
Облыстық полиция департаменті алаяқтардың құрбаны болмаудың жолын айтты:
 
- банк картасының фотосын бейтаныс адамдарға жібермеңіз;
 
-сіздің абоненттік нөміріңізге келіп түскен смс-кодты үшінші тұлғаға айтпаңыз (осылайша сіз толық қолжетімділікті ұсынасыз)
 
- тауарды кімнің сататынына көз жеткізбей, кепілзат қоймаңыз (видео қоңырау көмектеседі)
 
- жеке құжаттарыңызды қараусыз қалдырмаңыз (алаяқтар сіздің жеке деректеріңізді иемденіп, сіздің атыңыздан алаяқтық әрекеттер жасай алады)
 
- бейтаныс адамдардың QIWI әмиянына ақшаны тастамаңыз.
 
Егер сіз осындай құқық бұзушылықтың құрбаны болсаңыз, тұрғылықты жеріңіз бойынша полицияға хабарласуға болады.