Сұрақ-Жауап. Кеңес

Сәкен Майғазиевтен 10 кеңес

  • Сәкен Майғазиевтен 10 кеңес

    Сәкен Майғазиевтен 10 кеңес

 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әр бала ата-анасын идеал тұтатынын айтады. Қыз өмірлік серігін таңдағанда әкесіндей, соған ұқсайтын адамды іздейді

Қазақстан танымал әнші, төрт баланың әкесі Сәкен Мағазиевтің рухани-адамгершілік құндылықтар, бала тәрбиесі жайлы жастарға айтар кеңесін ұсынады.

Бірінші кеңес. Келін мен күйеуді өзіміз тәрбиелеуіміз керек
"Барлығымыз жақсы келін түсіріп, жақсы күйеу келтіргіміз келеді. Ал соған қандай үлес қосып жатырмыз? Келін мен күйеуді өзіміз тәрбиелеуіміз керек. Өзің арақ ішіп, темекі тартып отырып, балаңа арақ ішпе, темекі тарпа деп айту – ақылға сыймайтын дүние", - дейді әнші.

Оның айтуынша, кез келген қыз өмірлік серігін таңдағанда әкесіндей, соған ұқсайтын адамды іздейді. Күйеу бала қандай болғанын қаласаң, өзің сондай бол! Әр бала ата-анасын идеал тұтады. Олар не істесе, соны қайталайды.

Екінші кеңес. Үйге күліп кіріп, күліп шығайық
"Бәле қайда бассаң да аяқ астында" деген бар. Әрине, оның бетін әрі қылсын. Мына заманда неше түрлі уайымға салынасың, кейде сабырсыздық танытып қоясың. "Бас жарылса, бөрік ішінде" деп, қоғамда болып жатқан мәселені үйіңе алып келмеуге тырысасың, жұмыстағы мәселені әулетіңе жақындатпауға тырысу керек. Отбасыңдағы түйткіл дүниелерді жұмысқа апармау керек. Бір-біріне араластырмай, үйге күліп кіріп, күліп шығу керек. Адамның энергетикасы, аурасы басқа адамға берілмей тұрмайды", - дейді Майғазиев.

Үшінші кеңес. Баланы еркелетіп өсір
Әншінің айтуынша, қазір баланы еркелетіп өсіретін кезең. Себебі оны ертең не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Ал үйде мейірім көрмеген бала оны сырттан іздейтін болады.

"Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса. Он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас" деген бар. Баланы сенің қас-қабағыңа қарайтындай етіп тәрбиелеу керек. Қазір түрлі ақпарат көзі бар. Нені оқиды, қандай желіні пайдаланады оны да бір сәт бақылау керек. Әке ретінде бұл мені қатты уайымдатады. Баланы жылулыққа, мейірімге үйрету керек. "Үйде әкеден, ағадан мейірім, жылулық көрмеген қыз оны сырттан іздегісі келеді. Күліп қараған еркекке беріле салуы, иіле салуы – сондай жаман қасиеттер үйде мейірім жоқ отбасыдан туындайды" деген Мұхамеджан Тазабектің сөзіне қосыламын", - дейді ол.

Төртінші кеңес. Тұлға болып қалыптасу үшін алдымен ата-ананың разылығын ал
"Шәкірттеріме өнер жолында жетістікке жетіп, тұлға болып қалыптасқыларың келсе, алдымен ата-ананың разылығын алыңдар деймін. Ата-анаң батасын беріп, ризамын саған десе, жолың ашыла береді", - дейді әнші.

Бесінші кеңес. Қиындық болса, шағымданба. Қуаныш болса, бөліс
"Студент күнімде сессиядан 4-5 алсам, әкем мен анама қуанып хабарласатынмын. Ол кісілер мәз болатын. Ол кезде жас болдық, таяқ жедік, аш болдық, қиындық көрдік, бірақ шағымданып анама, ағаларыма хабарласқан емеспін. "Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер" деген бар. Көп дүниені ешкімге айтпауға тырысу керек. Ал қуаныш болса, бөліскен дұрыс", - дейді Сәкен Майғазиев.

Алтыншы кеңес өнер адамына қажет мінез жайлы: Барлығын тең ұста
"Өмір деген, өнер деген – тылсым дүние. Қарап отырсаң, бойы 2 метр, дауысы әдемі, диапазоны кең, дауыс бояуы да керемет әншіні кейде халық қабылдай алмайды. Ал кей азамат мінезімен сыйып кетеді. Адам өнерімен емес, мінезімен ортаға сияды. Төрден орын аламын десең, мінезіңді түзе. Кез келген жерде өзімді суда жүзген балықтай сезінемін. Барлығын тең ұстаған дұрыс. Баламен де, данамен де бірдей қарым-қатынас жасаймын. Оны халық біледі, көрермен сезеді", - дейді ол.

Жетінші кеңес. Халық қарақан басыңды құрметтеп келсе, басыңды июің керек
"2018 жылы Қазақстанды аралап, гастрольдік сапармен көп жерде болдым. Концерт біткеннен кейін жарты сағатымды арнап, ешкімнің көңілін қалдырмау үшін барлық тыңдарманмен суретке түстім. Себебі ол кісілер мені тыңдау үшін келді. Сахнаға шығып, тұсау кестіремін десе, бұлдап, уақытым жоқ деп айтпаймын. Шыны келгенде, халық қарақан басыңды құрметтеп келгеннен кейін, қандай ғазиз басың болса да июің керек", - дейді әнші.

Сегізінші кеңес. Қарапайым бол
Майғазиевтің айтуынша, қарапайымдылықты басқаша түсініп, қолжетімді адам ретінде санайтындар да бар. Кейде асыра сөйлеп, белден басып, еркінсіп кетеді. Алайда өнер адамы халықпен бірге болуы керек.

"Қарапайым болып, ешкімді ренжітпеуді ойлайсың. Ал оны біреу басқаша түсініп, қолжетімді адам санайды. Өнер адамы халықпен бірге болуы керек. Халықпен бірдей болуы керек. Ешкімді алалауға болмайды. МузАРТ-қа келгенге дейін де, ел танып, көпшілік біле бастағанға дейін де, кейін де осы қарапайым қалпымда жүрмін. Оны курстастарым да растайды", - дейді ол.

Тоғызыншы кеңес. Баланың қай салаға жақын екенін анықтап, қырын аш
Әнші осы тұста өнерге кей адамның адасып қосылатынын айтады. Ал кейін өкініп қалмас үшін, ата-ана бала кезінен бастап түрлі үйірмеге беруі қажет. Сол арқылы қай салаға жақын екенін анықтауға болады. Тек ақылы ғана емес, жеңілдік бар жерлерді, тегін курстарды тауып алуға болады.

"Асанәлі Әшімов ағамыз "37 бала түскенбіз, оның жетеуі ғана бітіріп шықтық" деп айтады. Біз де 27 адам тапсырып, төртеуміз ғана академияны бітірдік. Қазір сабақтан келген бала гаджет, телефонға жіпсіз байланады. Баланы түрлі үйірмеге беру арқылы оның қырларын ашасыз. Бала өзін табуы керек. Ата-ана қырағылық танытып, бала 16-17 жасқа келгенде қай мамандықтың иесі болатынын анықтау керек. Қолы бос емес баланың жаман дүниемен шұғылдануға уақыты болмайды. Міндетті түрде ақылы үйірмеге берудің қажеті жоқ. Ата-ана желіден жеңілдік бар жерді, тегін жерлерді таба алады, - дейді ол.

Оныншы кеңес. Жүзу мен жүгіру аурудың алдын алады
Спортты қолдайтын әншінің денсаулық сақтау, спорт бойынша айтар кеңесін тыңдадық.

"Барлық адамға далада көп уақыт жүру өте пайдалы. Балалар кем дегенде екі сағат далада жүруі керек. Тыныш болса болды деп, қолына телефон бере салуға болмайды. Оттегінің жетіспеуінен көп адам ауруға шалдығады. Міндетті түрде бөлмесіне күн түсіп тұруы керек. Ол жерде Д витамині болады. Көп жүру керек және жүзу, жүгірумен айналысқан өте пайдалы", - деді Сәкен Майғазиев.

 

sputniknews.kz




Көрілген: 350    Пікірлер: 0

бейсенбі, 27.02.2020, 19:40

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    9 Ақпан, 16:49
    ҚАНДАЙ ӘЙЕЛ ЖАҚСЫ?

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30