Тері күтімі: Азиялық трендтер

02 наурыз 2022, 20:39

Шығыстың сұлулық дәстүрлері ғасырлар бойы әлем әйелдерін жаулап келеді. Олардың бет терісіне жасайтын көп сатылы күтімі баяғыда бьюти-индустрия трендіне айналды, ал қазір оны көпшілік қолданады. Жыл сайын азиялық косметологтар жаңа қызықты күтім құралдары мен процедураларын ұсынып отырады. Ендеше, соңғы кездері қандай азиялық бьюти-трендтер кең қолданылып жүргенін ұсынамыз?

 

Ұлу муцині бар бетке арналған маскалар мен кремдер

 

Муцинін косметологияда қолданатын ұлуларды арнайы жабдықталған экологиялық фермаларда өсіреді. Муцин моллюскаларды арнайы шайқалатын ыдысқа салған кезде бөлінеді. Бұл кезде ұлулар күйзеліске ұшырайды, ал ол муцин бөлінуін тудырады. Муцині бар кремдер мен маскалар теріні ылғалдандырып қана қоймай, оны иілгіш етеді және ұсақ зақымдарды жазуға көмектеседі. Муцині бар құралдар аллергия бермейді деп санайды, сондықтан оны сезімтал бет терісіне қолдануды ұсынады.

 

Ретинол негізіндегі күтім құралдар

 

А дәруменінің бір түрі азиялық бьюти-құралдардың құрамында жиі кездеседі. Ретинол теріге жасартушы және емдеуші әсер береді. Ретинолы бар құралдар безеу шыққан кездегі және безеуден кейінгі тері күтіміне, сондай-ақ қартаюдың алғашқы белгілерімен күресуге пайдалы.

 

Вегандық косметика

 

Қаптаманың қоршаған ортаға зиянсыз болуы, біртіндеп мата маскаларды жуып тастайтын маскалармен ауыстыру, ферменттелген ингредиенттер қолдану — бұл тенденцияның бәрі планетаны экологиялық дағдарыстан құтқарудың бір жолы. Ферменттелген косметика — ашу процесінен өткен және құрамында тек табиғи өнімдер бар косметика. Ферменттелген өнімдер теріге қажетті жаңа дәрумендермен, минералдармен және аминқышқылдармен қанығады. Оған қоса, ферменттелген элементтері бар вегандық косметика жасушалар деңгейінде теріні жақсырақ ылғалдандырады.

 

Опа мен тональді кремнің орнына кушон

 

Тональді құралға ұқсайтын, бірақ ыңғайлы әрі шағын кушон — азиялық бьюти-трендтердің біріне айналып үлгерді. Кушонның ыдысы опаға, бірақ текстурасы тональді кремге ұқсайды. Кушонның ішінде су немесе гель негізіндегі тональді құралға сіңірілген сорғыш және спонж бар. Дүкендерден кушон түріндегі далап, хайлайтер және ерін далабын да кездестіруге болады.

 

Денеге арналған нефрит және алқызыл кварц тарақ

 

Азиялықтардың айтуынша, денеге арналған тарақтар қан айналымды жақсартып қана қоймай, сондай-ақ ісінуді басуға, бұлшықеттерді босаңсытуға және тері реңкін біркелкі етуге көмектеседі. Алқызыл кварцтың тері жасушаларындағы микроайналым арнасын жақсартатыны бұрыннан белгілі. Ал нефриттің бұл облыстағы пайдалы қасиеттері жайлы бірнеше жыл бұрын ғана белсенді айта бастады. Қытай косметологтарының ойынша, нефрит роликтер мен уқалағыштар — теріні уытсыздандыратын және жасартатын жақсы құрал. Дене массажы тиімді болуы үшін теріге бірнеше тамшы эфир майын жағуды ұсынады.

 

Күтім құралдары құрамындағы дәстүрлі медицина ингредиенттері

 

Әсіресе, құрамында қытай медицинасында танымал ингредиенттері бар қартаюға қарсы күтім құралдары кең таралды. Көк шай сығындысы, күріш, бамбук, адамтамыр (женьшень), центелла — бұл өнімдерді азиялық әйелдер бұрыннан медицинада да, косметикалық мақсатта да қолданады. Құрамында бұл компоненттер бар күтім косметикалары қартаюдың алғашқы белгілерімен күреседі, теріні қалпына келтіреді және бет терісін жарқыратады.

 

 

 

massaget.kz