Қисық айна

Жанармай шүмегінің королі

  • Жанармай шүмегінің королі

    Жанармай шүмегінің королі

Түлкіден де қу Түгелбай жанармай бекетін ашыпты деген сұмдық хабарды естігенде, жас, сұлу ашынасымен Канар аралдарында демалып, кеше ғана оралған Қоқымның төбе шашы тік тұрып, тасыған көңілі су сепкендей басылды. Екі көзі қанталап, майлы беті жарылып кетердей ісінді. Күре тамырлары білеуленіп, жуандап барады. Жұмсақ креслосына отырмай, алдында тұрған қызыл түймені жұдырығымен періп-періп қалды. Сәт өтпей жарма есік дыбыссыз ашылып, хатшы қыздың үрейлі жүзі көрінді.

– Босс..с, не бұйырасыз?

– Босыңның да, сенің де... Шақыр ана алаңғасар ақымақтарды!

Хатшы қыз заматта ғайып болды. Артынша бірі – дәу қара, екіншісі кескен дөңбектей жуан, жалақ сары жігіттер арсы-күрсі кіріп келді. Құжбан қара Қодарқұл – орынбасары, шикілсары Жиенбет – қауіпсіздік қызметінің бастығы. Екеуі де – қылмыс әлемінде ойып тұрып өз орнын алған азаматтар. Қоқым «пас» десе, арыстанға да қарсы шабатын жанкешті жандар.

– Бордақыға қойылған қабан сияқты екеуіңнің көзіңе шел біткен екен, – деді дүрсе қоя беріп. – Танауының астында не болып жатқанын көрмейтін көрсоқырлар. Түгелбай сұм үйінің іргесінен көр қазып жатыр. Сол жерге жанармай шүмегінің королі менің «Қоқым Тауэрс» компаниямды тірідей жерлемекші. Дүлей ақымақтар, астыңдағы ашынаңды суырып алып кетсе де сезбейтін сезімсіз сыболышсыңдар! Мен жоқта айға қарап жүрдіңдер ме? Әлгі ағылшын Шершіл не деп еді, «революция – бесіктегі пацан, оны сол бесігінде тұншықтырып өлтіру керек» демеп пе еді, оқымаған сауатсыз сайтандар. Неге мына қылмыстың алдын алмадыңдар, а?! Ол жер біздікі емес пе еді, а?

– Босс, ол жер біздікі болмай қалды, – деді Қодарқұл демін ішіне тартып. Түгелбай қу Сүлікбай көкемізге біз бергеннен екі есе артық беріп, аузын алып қойыпты. «Көке, мұныңыз қалай», – десем, «сенің жарымаған жұқа пакетіңді ауыр дипломат басып кетті», – деп қараа..ап отыр. Найсап, опасыз, сатқын адам. Тағы да беремін деп алдаусыратпадың ба?

– Давай, қазір әкел деп көнбеді. Оның үстіне сіз маған чек тастамай кеттіңіз, – деді анау ақталып.

– Егер, чек тастасам, есепшоттағы барлық ақшаны қопарып алып, анау жезөкшенің артынан Жөйт еліне зытып кетер едің ғой. Саған сенуге болмайды.

– Бұл сөйтеді, – деді манадан үнсіз отырған Жиенбет жалақ ернін жалап қойып. – Осы қиындықтан шығатын жолды мен тауып қойдым. Түгелбайдың көзін жойып, жанармай бекетін күлге айналдырып өртеп жіберу керек. Сөйтіп, сіз бұрынғысынша корольдік құра бересіз.

– Онда тұқым-тұяғымызбен құрып кетеміз, – деді Қоқым басын шайқап. – Ең ақымақ деген тергеушінің өзі мұның біздің ісіміз екенін бірден біле қояды. Бұл вариант өзіңе өлім жазасын сұрап алумен бірдей. Басқа деликатный бірдеңе ойлап табу керек.

– Мен оны таптым, – деді Қодарқұл киіп кетіп. – Мына қарақшы өлтіру, өртеуден басқаны білмейді. Менің судан таза, сүттен ақ болып шығатын айлам, әрекетім бар. Менің «Солнечный Сахалинде» бірге отырып, бір миска ботқаны бөліп жеген Леха Лабан деген танысым бар. Ол көрші елден контрабандалық жолмен жанармай тасиды. Жүрген ізін түлкідей құйрығымен сыпырып, жым-жылас қылып отыратын нағыз алаяқ. Сондықтан оның ізіне үш мемлекеттің менттері түсе алмай жүр. Мен сол Лехамен келіссөз жүргіздім. Түгелбайды түп-тамырымен құртудың жоспарын ақылдастық.

– Ол қандай жоспар? Ыңыранбай айт, – деді Қоқым елеңдеп. – Тек қан төгілмейтін болсын.

– Қан төгілмейді, – деді Қодарқұл терең ойланып. – Тек Түгелбайдың абыройы айрандай төгіледі. Мысалы былай, Түгелбай Лехамен шарт жасасты. Ол бұған жоғары октанды бензин әкеледі. Әрине, өмірде жоқ жалған фирманың атынан. Мұның сарапшылары бензиннің сапасын тексереді.

Оқиға содан кейін өрістейді. Шекарадан өтісімен Леха тексерілген бензинге кәдімгі сапасыз, қалдық солярканы араластырып жібереді. Содан кейін не болады деңіз? Түгелбай да, оның көмекшілері де, химиядан құқ етпейтін, иіс алмас ақымақтар. Быламық ботқаға айналған бензинді жоғары бағамен сата бастайды. Әне, Түгелбайдың трагедиясы осы жерден басталады. Осы быламықты «ішіп алған» мәшинелер бір шақырым жер жүрмей жатып, қақалып-шашалып тұрып қалады. Ішкі «ағзалары» іріп, «асқазаны» істен шығады. Артынан жаман жел шығарып, көшені көк түтінге тұншықтырады. Айғай-шу, үргін-сүргін сонда басталады. Көлік иелері қайтып келіп, Түгелбайды жүндей түтіп, етін жеп, сүйегін итке тастайды. Алдампаз алаяқтығы үшін сотқа береді. Сол «қайтыс болған» мәшинелердің ішінде соттікі де болуы мүмкін. Сонда сол .... біздікі болмағанда...

Қуанып кеткен Қоқым атып тұрып, Қодарқұлдың безеу бетінен сүйіп-сүйіп алды.

– Сенің миың ми емес, сұйық алтын, – деді жаны жай тауып. – Осы жоспарың жүзеге асса, астыңа «Мерседес» мінгіземін.

...Оқиға тап Қодарқұл жазған сценарий бойынша өрбіді. Мәшинесі айықпас дертке ұшырағандардың ішінде прокурор да, сот та, банк тонамақ болған гангстер де бар екен. Бәрі жабылып келіп Түгелбайды керіп салып, итше тепкіледі. Қолына кісен салып, абақтыға аттандырды. Соның ертесіне Қодарқұл су жаңа «Мерседес» мініп, бағдаршамның қызыл көзіне пысқырмай, көшемен заулатып жүрді.


 




Көрілген: 3893    Пікірлер: 1

бейсенбі, 04.03.2010, 13:58

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қараша
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30